09 мау, 2022 сағат 20:31

АЭС Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңына салынады - министр

Үлкен аулы. Фото ©Tengrinews.kz

Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр стансасы салынатын орынды нақтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нақты орын емес, орналасатын өңірге қатысты ведомствоаралық комиссия өткіздік. Қалай десек те, ол Балқаш көлі маңында орналасады. Бұл - Алматы облысындағы Үлкен ауылының төңірегі. АЭС салынатын жерді айқындадық», - деді Ақшолақов Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне.

Оның атап өтуінше, енді атом электр стансасы құрылысына қатысты бірқатар аспектіні зерделеу қажет.

«Биыл осы уақытқа дейін бірнеше рет айтқан нюанстарды зерделеу жұмысын жүргізу қажет. Олар геология және суға байланысты мән-жайлар. Осыдан кейін нақты координаттар белгілі болады. Содан соң есептеулерді байланыстырамыз. Бірақ есеп жүргізу үшін технологияны айқындау қажет. Технологияны келесі жылы айқындаймыз», - деді министр.