Алматыда спортшы Денис Теннің өліміне қатысты алдын ала сот тыңдауында жәбірленуші тараптың адвокаты Теннің "тапсырыспен өлтірілгенін" мәлімдеп, істі қайта тергеуге жіберуді сұрады.
Адвокат Нұрлан Өстеміров сотта қылмыстың "тапсырыспен жасалу сипаты барын" және процессуалдық заң бұзылды деп санайтын айтты.
Ол қылмыс жасаған сыбайластарды анықтау үшін істі прокуратураға қосымша тергеуге жіберуді сұрайтынын мәлімдеді.
«Денистің анасы екеуіміз 39 томдық істі қарай келе қарама-қайшылыққа толы 14 деректі таптық. Ол деректер бұл қылмыстың тапсырыспен болғанын көрсетеді. Сондықтан, ол тұлғаларды да жауапқа тарту үшін аталған істі бөлек өндіріске бөлу мақсатында прокурорға қайта қарауға жіберуді сұраймыз»,- деді Оксана Теннің өкілі Нұрлан Өстеміров.
Адвокат бұған қоса сотқа қылмысқа күдікті Арман Құдайбергенов жасаған ұрлықтан зардап шеккен астаналық тұрғын Самар Шамшиевті әкелу туралы да талап-арыз түсірді.
Процессуалды прокурор Қуандық Досов істі қайта қарау туралы талап арызды қанағаттандырмауды өтінді.
Судья аталған талап-арызды кеңесу бөлмесінде шешетінін айтты. Сонымен қатар, прокурор іс бойынша 26 куəгер сұралатынын айтты.
25 желтоқсанда Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында спортшы Денис Теннің өліміне қатысты алдын-ала сот тыңдауы басталды. Оған спортшының туыстары, күдікті және күдіктілердің жақындары, адвокаттар, ақпарат құралдары қатысып жатыр. Істі судья Кеңшілік Абдельдинов жүргізіп жатыр.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен 19 шілдеде Алматыда пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған. Алдын-ала дерек бойынша, ол көлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған кезде жараланған.
Теннің өліміне қатысты істе үш күдікті бар. Олар - Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Қиясов және Құдайбергеновке Қылмыстық кодекстің "бұзақылық" және "адам өлімі" баптары бойынша айыптар тағылған. Ал Толыбаева "қылмысты хабарламау" айыбы бойынша күдікке ілінген. Бұдан бөлек, үшеуіне де өзара келісіп "ұрлық жасады" деген айып тағылған.