Ислам діні VIII ғасырда әлемнің үш континетіне таралып үлгерді. Көптеген халықтар Хақ дінді қабылдап, мұсылман үмбетіне айналды. Десе де, Хақ дін қадам басқан кейбір өлкелерде исламға дейінгі діндер мен мәдениеттер және философиялық мектептердің қоғамдағы ықпалы өте жоғары еді. Поликонфессиялық мұндай қоғамда ислам діні бір келкі дами алған жоқ. Тіпті, ескі діни, мәдени, философиялық доминанттар исламды жартылай қабылдаған дүбара діни топтардың пайда болуына өз әсерін тигізді. Ислам тарихында аталмыш құбылыстар тек тасауфта емес, кәлам мен фиқһ саласында да орын алғандығы белгілі.
Адасқан тариқаттар туралы алғашқы там-тұм деректерді Абул-Хусейн Мухаммед ал-Малатидың «ат-Танбих уар-Рад», Абу Наср ас-Сарраж ат-Тусидің «Ал-Лума» атты еңбектерінде көрініс тапқан. Батыл (бұзылған) тариқаттар туралы көлемді мәліметтер Нажмаддин Омар ан-Насафидің (1142ж.ө.) «Китаб фи Мазаһибил Мутасауф» атты шығармасында баяндалған.
Ан-Насафи аталмыш шығармасында «сунни» тариқаттарын ғана әһлу сунна қалыбынан ауытқымаған деп көрсетіп, одан кейін адасқан деп саналатын мынадай тариқаттардың бар екенін алға тартады:
- Сунни – әһлу сунна жолындағы тариқаттар. Олар Құран қағидалары мен Мұхаммедтің (с.а.у) сүннетін берік ұстанумен ерекшеленеді.
- Хулули – сакр (рухани елту, мас болу) халінде құшақтасып, би билеуді харам емес деп біледі. Сондай-ақ, әрбір көркем келбетте Алланың шағылысы бар деп, әйел мен еркектердің бір-біріне көз салуына рұқсат етеді.
- Хали – сама мен ракс (өлең айтып, би билеп зікір ритуалын орындау) шариғат үкімдерімен өлшенбейді деген қате пікірді ұстанады.
- Әулайи – әулиелік дәрежеге көтерілген мұсылмандарға шариғат үкімдерінің қатысы жоқ деген негізсіз көзқарасты ұстанады.
- Сумраһи – құлшылық жасап, абд (ғибадат жасаушы) мақамына көтерілген соң намаз оқу, ораза тұту секілді шариғат үкімдері мойыннан түседі және әйелдерді нәпсісі үшін пайдалану күнә болмайды деген теріс ұстанымы бар.
- Хубби – Алланың сүйіспеншілігіне бөленген мұсылман үшін шариғат харам деп кескен үкім адал болып саналады деп дін негіздеріне қайшы көзқарасты ұстанады.
- Хури – сакр (рухани мас болу) халінде жаннатан түскен қор қыздарымен бірге болатынына иланады. Осы себептен де олар сакр хәліне түскен адамды бой дәрет алу керек деп біледі.
- Ибахи – күнәдан тыйылуға күшіміз жетпейді деп мұсылмандардың мал-жанына көз тігіп, не қаласаң соны істе деген теріс пәтуаны басшылыққа алады.
- Мутакасили – күн-көріс қамын тәрк етіп, қайыршылықпен күн көруді насиқаттайды.
10. «Мутажаһили – рия (көз бояушылық) жасаудан арылуды үгіттеп, егер жасандылықты жеңе алмаса, пасықтар (екі жүзді) секілді жүріп тұруға болады деген көзқарасты ұстанады.
- 11. Уакифи – адам Алланы тануға дәрменсіз деп, дін жолында ізденушілікті жоққа шығарады.
- 12. Илхами – Құранды жоққа шығарып, ақиқатты философтардың ой-пікірінен, ақындардың өлеңдерінен іздеп табуға болады деп біледі.
Тарихта ан-Насафидің шығармасында айтылмаған нурбахш, каландар, хуруфи және т.б. көптеген ақида мен фиқһта қате көзқарастары бар адасқан тариқаттар өмір сүрген. Тіпті, олардың кейбірі әлі күнге дейін тасауфтың атын жамылып, ислам дініне, сопылық ілімге һәм мұсылман үмбетіне сөз келтіруде. Әсіресе, бүгінгі күні саяси көзқарастары басым бұзылған тариқаттар мұсылман қоғамының тұтастығына сына қағуда.
Мұхан Исахан,
e-islam.kz