27 қаз, 2021 сағат 11:53

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметіне кедергі келтіргендер жазаға тартылады


Адам құқықтары жөніндегі уәкіл куәгер ретінде айғақтар беруден босатылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқылау кезінде Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасын дайындау кезінде халықаралық тәжірибені, ең алдымен Париж қағидаттары мен Венеция қағидаттарын мұқият зерделедік. Бізге сондай-ақ алыс және жақын шетелдердегі адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің заңнамалық негізі мен құқық қолдану тәжірибесі пайдалы болды», - деді А. Шәкіров «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын қарау барысында.

Заң жобасы Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді. Осы орайда ол заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды. 

«Уәкілдің мәртебесіне, оның қызметінің қағидаттарына, яғни адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мүддесінде заңдылық, ашықтық және тәуелсіздік қағидаттарына ерекше мән беріледі. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге оның қылмыстық жауаптылығына немесе әкімшілік жауапкершілігіне қол сұғылмаушылық мәртебесі беріледі. Осыған байланысты оны жауапкершілікке тартудың ерекше тәртібі енгізіледі. Сонымен қатар, уәкіл куә ретінде айғақтар беруден босатылады», - деді Сенат төрағасының орынбасары. 

Уәкілдің заңды қызметіне араласқаны немесе кедергі келтіргені үшін жауаптылық енгізіледі. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымында болуға байланысты талаптар мен шектеулер көзделеді.