22 ақп, 2022 сағат 14:56

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қамаудағы шетелдіктердің санын айтты


Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова қаңтар оқиғасына байланысты қамауда отырған шетелдіктердің санын айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты уақытша ұстау изоляторларында 18 шетелдік азамат бар. Оның 14-і Өзбекстанның, екеуі Ресейдің және тағы екеуі Қырғызстанның азаматтары», - деді уәкіл. 

Сондай-ақ, ол қамаудағыларды ұстау жағдайы туралы мәліметтер айтты. 

«6 қаңтардан кейінгі алғашқы 48 сағат ішінде уақытында ауызсу берілмеген, тамақты жеткілісзі берген жайттар анықталды. Уақытша ұстау изоляторынларында адамдардың барынша көптігімен байланысты проблемалар болған. Кейін ахуал реттелді. 10 қаңтардан бастап ұсталғандардың бәріне үйден сәлемдеме алуға рұқсат берілді. Бүгінде тамақтану нормативі сақталып отыр. Бірақ тамақтың сапасына байланысты бірнеше шағым бар», - деді Эльвира Әзімова.