Отандық бизнесті дамытуда ауыл тіршілігі маңызға ие. Бұл пікірді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы алып қарасақ, субсидиясыз еш елдің тіршілігі өнбейді. Себебі, аграрлық өнеркәсіп кешені өте ауыр саланың бірі. Әсіресе, Қазақстан үшін аграрлық өнеркәсіп кешені жай ғана бизнес емес, ол – өмір салты. Бұл жерде айтарлықтай әлеуметтік мәселе жатыр. Яғни үлкен бизнестегі кәсіпкерлер өз мәселесін шешумен қатар, қызметкерлерін ұстап қалуы керек. Қазіргі таңда жастарды ауылда ұстай алмайсың, олардың қызығы қала, интернет деген секілді. Біздің өміріміз, трансформация тиісінше біздің жастар соның ізінен кетіп жатыр. Сондықтан да, біз үшін ауыл тіршілігінің болашағы маңызды болып отыр», - деді Абылай Мырзахметов «Baigenews.kz» ақпарат агенттігінде өткен «20:21» жобасының тікелей эфирінде.
Оның айтуынша, аграрлық өнеркәсіп кешен бағытында қаржы тиімді игерілуі тиіс.
«Бұл – басты сұрақ. Яғни кімге, қай салаға, не үшін және қандай механизм үшін қаржының бөлініп жатқаны маңызды. Және тағы бір маңызды жайт, игерілген қаржының қалай бақыланғанын ескерген жөн», - дейді ол.