25 сәу, 2018 сағат 09:54

"Абу-Даби Плазадағы" дау: Астана тұрғыны ұлттық араздық қоздырды деген айыппен сотталды

Астана тұрғыны ұлттық және әлеуметтік араздық туғызды деген айыппен сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Астанада "Абу-Даби Плаза" құрылысындағы шетелдік жұмысшылар мен күзет компаниясы қызметкерлерінің арасындағы қақтығыс кезінде ер адам әлеуметтік желілерде заңға қайшы әрекетке шақырған делінеді. 

"Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") айыпты деп танылды. Астана тұрғыны әлеуметтік желілер арқылы қалалықтарды "Абу-Даби Плаза" құрылысындағы шетелдік жұмысшыларға қарсы заңға қайшы әрекет жасауға шақырған", - деп хабарлады Есіл аудандық №2 сотының төрағасы Қанат Тобағалиұлы. 

"Ол Facebook арқылы шетелдіктерді жазалау үшін көмекке шақырған. Сот тыңдауы кезінде ешқандай арам ойы болмағанын, көрген соң жаза салғанын айтты", - деді судья. 

Астана тұрғыны сотталып, кейін шешімнің үстінен шағым түсірді. "Ол айыпты деп танылды, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда апелляциялық инстанция істі қарау барысында жаза мерзімін бір жылға ауыстырды", - деді судья Қанат Тобағалиұлы.