13 нау, 2018 сағат 09:39

Әблязовтың қозғалысы Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылды

Астананың Есіл аудандық сотының шешімімен Әблязовтың қозғалысы заңсыз және экстремистік деп танылды, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

«Бас прокруратурамен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты тіркелмеген қозғалыстың заңсыз қызметі анықталды. Оны Қазақстанда 20 жыл бас бостандығынан айырылуға сотталған Мұхтар Әбіләзов құрған. Әбіләзовты сот қылмыстық қоғамдастықты құрғаны, 7,5 млрд АҚШ долларын ұрлап, шетелге шығарғаны үшін кінәлі деп таныған. Қылмыстық табыстарды заңдастыру фактілері бойынша бірқатар Еуропа елдерінде Әбіләзовқа қатысты тергеу жүргізілуде. Ұлыбританияда Лондон қаласының Жоғарғы сотының шешімімен Әбіләзов пен оның сыбайластарынан 4 млрд АҚШ доллары өндірілген», - деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова.

Мәлімдемеге сәйкес, шетелде сот жазасынан жасырынып, Әбіләзов ҚР Конституциясының талаптарын бұзып, Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді насихаттау мен үгіттеу бойынша заңсыз әрекетін жалғастыруда.

«Интернет желілер мен месенджерлер, сондай-ақ әр түрлі әлеуметтік топтарға парақшалар тарату арқылы Әбіләзов белсенді түрде Қазақстанды қозғалысқа қосылуға шақырады. Қазіргі биліктің жағымсыз бейнесін құрып, қоғамда наразылық көңіл-күйлер қалыптастыруда. Осылайша, жоспарлы түрде әлеуметтік араздық пен алауыздықты қоздыруда. Наразылық акцияларының бейбітшілігі туралы айтса да, қозғалыс басшысы Мұхтар Әбіләзов пен оның белсенділерінің қылмыстық мақсаты - билікті құлатып, басып алу болып табылады. Бұл әрекеттер экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заң бойынша саяси экстремизм болып саналады және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қимыл ретінде қудаланады», - деді ол.

Осыған байланысты Бас прокуратура «Прокуратура туралы» заңмен көзделген өкілеттіктерін іске асырып, сотқа қозғалысты экстремистік ұйым деп тану туралы арызбен жүгінді.

«Бүгін Астана қаласының Есіл аудандық сотының шешімімен аталған арыз толық қанағаттандырылды. Сот пен қозғалыстың әрекеті экстремистік деп танылып, оған Қазақстан аумағында тыйым салынды. Сонымен қатар, бұл ұйымның әрекеттерін ақпараттық материалдар, бұқаралық құралдары, телекоммуникация, әлеуметтік желілер, месенджерлер және бейнехостингтер арқылы таратуға тыйым салынады. Бұдан басқа әлеуметтік алауыздықты қоздыру, билікті басып алу туралы насихаттау және оған жариялы түрде шақыру бойынша Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде», - деді мәлімдемені оқыған Лоскутова.

«Құрметті азаматтар! Бас прокуратура сот шешімімен кейін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» экстремистік ұйымының әрекетіне қатысқаны және қаржыландырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 182, 258 және 405 баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қатысу әрекетіне, қозғалыстың идеясын насихаттау, оның жарияланымдарын, парақшаларын, посттарын және пікірлерін, басқа да ақпараттық материалдарын дайындау, шығару, көбейту және тарату жатады. Сонымен қатар, қатысу болып қозғалысты және оның басшысы Әбіләзовты қолдауға митингтерді, шерулерді, жария акцияларын және басқа жаппай іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу саналады. Қаржыландыру ұғымына Әбіләзовпен қозғалысқа ақшаны, өзге мүлікті беру немесе жинау, сыйға тарту, айырбастау, қайырымдық жасау, спонсорлық және қайырымдылық көмек, ақпараттық және өзге де қызметтерді көрсету жатады. Сонымен қатар, істегі заңнамаға сәйкес, экстремистік топтың әрекетіне қатысуды өз еркімен тоқтатқан адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады», - делінген мәлімдемеде.