Қазіргі кезде Абхазия және Оңтүстік Осетия автокөлік құралдарын сатып алу мүмкіндігіне қатысты ел халқы қызығушылық білдіруде. Осы автокөлік құралдарын сатып алып, еліміздің аумағында еркін жүру үшін заңдастыруға бола ма? ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде осы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Аталған автомашиналар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағына Ресейдің өткізу пункттері арқылы уақытша әкелінеді, олар өз мәртебесі бойынша шетелдік тауарлар болып саналады (яғни ЕАЭО тауарларына жатпайды) және кедендік бақылауда болады. Егер көлік құралының иесі Абхазия, Оңтүстік Осетия заңды тұлғасы болса - көлік құралының кедендік декларациясы (КҚКД), ал егер көлік құралының иесі осы аумақтардың резидент жеке тұлғалары болып саналса - жолаушылар кедендік декларациясы (ЖКД) уақытша әкелуді растайтын құжат болады», - деп ескертті Мемлекеттік кірістер комитетінде.
ЕАЭО Кеден кодексінің 264-бабының 6-тармағына және 275-бабының 2-тармағына сәйкес, уақытша әкелінген көлік құралдары ЕАЭО кедендік аумағында декларанттың, яғни көлік құралын әкелген тұлғаның, нақты меншігінде және пайдалануында болуы керек.
Дегенмен, бүгінгі таңда Абхазия және Оңтүстік Осетиядан уақытша әкелінген көлік құралдары ЕАЭО кедендік аумағында болған кезеңде, заңмен белгіленген шектеуді бұза отырып, сенімхат бойынша (иелену, иеліктен шығару құқығымен) Қазақстан Республикасының азаматтарына сату орын алғаны белгілі.
Ведомство дерегінше, Абхазия және Оңтүстік Осетияның тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын ЕАЭО кедендік аумағына әкелуді әрі Қазақстан Республикасының резиденттеріне беруді жүзеге асырған тұлғалардың, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал сомасына қарай кедендік төлемдерді төлемей және Қазақстан аумағында пайдалану мақсатында осындай көлік құралдарын сатып алған тұлғалардың әрекеттері қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық сипатқа ие.
«Осыған орай, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанның барлық азаматтарына Абхазия және Оңтүстік Осетия тіркеуінде тұрған әрі уақытша әкелінген көлік құралдарын сатып алған жағдайда, кедендік тазартудан өткізіп, кедендік баждар мен салықтарды төлегеннен кейін ғана Қазақстан аумағында аталған көлік құралдарын пайдалануға болатынын ескертеді», - деп аталып өткен комитет хабарламасында.