Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы феноменін зерттегенде, оның балалық, бозбалалық, жастық шағына да айрықша назар аудару керек. Э.Хемингуэйдің ұлы жазушы болуды талантпен қоса бақытсыз балалық шақпен де байланыстыратынына бір мысал ретінде Ә.Кекілбаев өмірбаянының қалыптасу кезеңіндегі қиын тағдырын айтуға болады. Қаламгердің кемел ойлы кемеңгер кезін ғана көрген қоғам үшін оның өткен өмірі қызығушылық тудырары сөзсіз. Алайда ақылман, абыз адамның өмір белестері, өсу кезеңдері жеткілікті дәрежеде зерттелмегендіктен, тұлғасы толық танылмай келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру – бізге міндет болмақ.
Ол үшін бала Әбіштің алғаш жазған өлеңдері мен мақалаларын оқу керек. Ондағы оқушының озық ойларынан ерте есею процесін анық аңғарасыз. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ оның ақыл жасы әлдеқайда ересек, естияр ұлдарға тән болғанын ұстаздары да, қатар-құрбылары мен достары да тамсана естелік қып айтады. Өлеңдерін оқысаңыз, оған өзіңіздің де көзіңіз жетер еді. Жас ақынның апыл-тапыл қадамы, алғашқы шығармалары туралы зерттеушілер әр жылдары жалпылама пікір білдіріп жүр. Ал біз бұл жолы бір ғана шығармасы – әкеcіне арнауы арқылы жанына үңіліп, болмысын таныта түскіміз келеді.
Әбіштің әкесі Кекілбай Қоқымұлы екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқаны белгілі. Әдебиеттанушы ғалым, жазушы Хасен Әдібаев «Лениншіл жас» газетінде «Биік мұрат» атты мақаласын жарияларда [1, 3] алдын ала кейіпкеріне бірнеше сауалдар жолдаған. Оған 02.04.1977 күні жауап ретінде жазған автопортретінде Әбекең: «Әкем Сталинград шайқасында қаза тапты. Оны ақырғы рет 1943 жылы 19 ноябрьде кешкі елең-алаңда барлауға аттанғалы жатқанында көрген ауылдас досы, құрдасы Құлбасов Қайыр әлі тірі...» – дейді [2, 53]. Ол кісі дүниеден өткенде, «Қайыр Құлбасовқа – әкемнің мен көрген ең соңғы құрдасына» деп арнаған «Нағашы» атты өлеңі де бар [3, 86].
1995 жылы журналист Жанболат Аупбаевпен көлемді сұхбат-диалогында да: «Әкем домбырашы, атқұмар, сауықшыл кісі болыпты. Сталинград түбінде қаза тауыпты...» – деген бір-ақ ауыз дерек берген [4, 172].
Мұны анасынан естігені сөзсіз. Әдебиет сыншысы, журналист Әлия Бөпежанова Айсәуле әжемізден алған сұхбатында: «Отағасымыз сауыққұмар, атқұмар кісі екен. Шаруаға құлықсыз екен... Сталинград түбіндегі майданда бірге болған жақын нағашысы жарақат алып елге оралған. «Ұрыста бірге жарақаттандық, Кекілбайды санитарлар алып кетті» деп келген. Үш айдан соң кеңсеге қара қағазы келіпті. Бірақ ауылдас ағайындар бізді аяп, тұсында естіртпей, араға жылдар салып барып естіртті... Отағасымның қазасын естігенде Әбішім қаршадай еді...» – дейді [5, 12].
Бала кезінде әбден күдері үзілгенше күткен Әбіш ержеткен соң әкесі жатқан жерді өмір бойы іздейді. Өз қолымен бір уыс топырақ салып, зиярат етіп, басында бет сыйпауды арман қылады. Осы мақсатта жауынгер әке ізін ылғи Сталинград маңынан іздей берген... Әскери архивтерге аты-жөні бойынша сұрау салумен болған... Есінде елесі, ел аузында естелігі ғана қалған әкесі туралы басқа жазба деректер болмағандықтан, ақынның жырларына жүгінеміз.
Әбіш ақын «Әке» атты лирикалық поэмасында қиялындағы әке бейнесіне балалық сағынышын, аңсар-арманын, өмір белестерін элегиялық сарында жүректі елжірете отырып жыр қылады [3, 24].
Уа, Мезгіл! Талай-талай жазың келді,
Қыр дөңін сан қайтара сағым көмді.
Кекілім қайырылды шалқасынан,
Менің де жігіт деген шағым келді.
Қақпасын балалықтың бұзып кіріп,
Барасың, о, жігіттік, қызықтырып.
Барлығын сүю деген кереметтің
Кетеді күлкісімен қыз ұқтырып... –
деп басталған жалынды, жігерлі жолдарды оқығанда, көңіліңіз өсіп, сүйсініп, лирикалық қаһарман тұлғасына бір сәт қызыға қарайсыз. Бірақ осыдан кейін-ақ өткен күндерге, өксікті өмірге ойша шегініс жасалғанда, әлгі көтеріңкі көңіл су сепкендей басылады.
Жігітпін, дербес атқа мінем мен де,
Жасаттым жабу, тоқым, жүгенді де.
Білмеймін әлі күнге қалай етіп
Таралғы тағатынын үзеңгіге.
Әуре боп күні бойы күбінемін,
Жөн сұрап енді кімге жүгінемін?
Әкем жоқ ақыл айтар, жөн көрсетер,
Амалсыз көрші шалға жүгіремін.
Амалсыз әркімге бір жүгіремін,
Амалсыз әркімге бір жүгінемін.
Қайтейін қайран әкем қасымда жоқ,
Амалсыз өткен күнге үңілемін.
Халық аузында «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген мақалға айналған тұжырым бар. Тура мағынасында тұрмыстық еңбекке бейімділік туралы болғанымен, тәрбие тұрғысынан мінез-құлықтың қалыптасуына әсер-ықпалымен де байланыстыруға болады. Рас, әкесіз өскен ұл мен анасыз өскен қыз шаруаға қырсыз, еңбекке епсіз, іске икемсіз болуы мүмкін. Сондай-ақ әке тәрбиесін көрмей өскен ұлдың мінезінде көп жағдайда еркелік, тентектік, асаулық, жігер жетіспеуі де өмір тәжірибесінде байқалады. Ондайлар бұла емес, бұйығы, жасық болмаса да жасқаншақ, жуас та жұмсақ болып келеді. Бірақ қас-қабаққа қарап өскен момын мінезін ынжықтыққа балауға болмас. Қиын тағдырға мойынсұнған адам көңілі үшін көнбістік – қалыпты қылық. Оны осы шығарманың өн бойынан сезінеміз.
Үңілсем қайран жүрек сызды өбеді,
Жанымның жарқ етпейді іздегені.
Көзіме күлімдеген көктем емес,
Салпы етек, салыңқы иін күз келеді.
Жарқын жаз талақ етіп атырапты,
Кетіпті жел қуалап жапырақты.
Күлмейді күміс бұлақ бұйығыңды,
Күндегі мінезі жоқ жасып ақты.
Басында қыраны жоқ құз қалыпты,
Қасында құмары жоқ қыз қалыпты.
Алқаптың балбыраған шалғыны жоқ,
Орнында көк сүмелек мұз қалыпты.
Күн сайын өңір өңі сұйылады,
Сұр тұман жер бетіне жиылады.
Жынды жел туырлығын жұлқып тартып,
Ондыда біздің ауыл бұйығады.
Бұл жерде көңіл күйін табиғатпен қатар сипаттап, психологиялық параллелизм арқылы бейнелеп отырған Онды ауылы – талай тарихтың куәсі, Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданындағы Әбіштің туып-өскен жері, атажұрты.
Ондыда біздің ауыл бұйығады,
Өңінен күлкі реңі сұйылады.
Кешқұрым бүлк-бүлк етіп қазан қайнап,
Ошаққа бала-шаға жиылады.
Жиырып ала шұбар алашаны,
Жиылып бала-шаға бал ашады.
«Келеді көкем, сақа алшы түсті!»
Көп бала көк сақаға таласады.
Солармен мен де бірге таласамын,
Солармен мен де бірге бал ашамын.
Қуанам, алшы түссе, «Келеді!» – деп,
Үстінде тайраң салып алашаның.
Ол кездегі барлық үйдің, барлық баланың арманы ортақ, тілегі бір. Тіпті бала ойындарының өзі ізгі сенім-нанымға, жақсылықты ырымдауға құрылған. Арманшыл балалардың бар қалауы – соғысқа кеткен әкелерінің аман-есен елге оралуы ғана. Мұндай жағдайда алдамшы сезім, бір сәттік иланымның өзі үлкен үміт сыйлайды. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген мақал да осындай жағдайға байланысты туған.
Үйімде көкем барда күмбірлеген,
Домбыра үндемейді кімді іздеген?
Көкемнің шапаны тұр керегеде,
Өзінен өзге жұртқа кигізбеген.
Көкемнің бармағынан бал саулады,
Осы ауыл талай тыңдап тауыса алмады.
Көп болды сол көкемді көрмегелі,
Күйіне біздің ауыл тамсанғалы.
Соқтырған қыр өкпегін, таң самалын
Мен де іздеп ерке күйді тамсанамын.
Қаңсыған домбыра да сездіріпті,
Бал бармақ күйші иесін аңсағанын.
Сарғайған сағынышпен жылдар да өтті,
Төсінен қара жердің мұз, қар кетті.
Үй-үйдің босағасын безеп алған
Көп қыстан ірге тепкен ызғар кепті.
Көп үйде қайта бақыт күлімдеді,
Көп әке бүлдіршіндей ұлын көрді.
Көп төрге ілінсе де сұр шинельдер,
Тек қана біздің төрге ілінбеді.
Көп болды көп үйде той күбінгелі,
Көп үйге шүйіншісі жүгіргелі.
Өзге үйді күлімдеткен жомарт бақыт
Тек қана біздің төрге үңілмеді.
Біржола қылғынды ма күй тамағы,
Бұл үйде енді қай жан күй шалады?
Қаңсыған қара домбыра қала берді,
Мені ешкім маңдайымнан сипамады.
Жетсе де жеңіс күні, қыз қуанып,
Кетсе де қайғы мұзы жылжып ағып
Өзге үйде тойдың әні шарықтаса,
Булығып қайғы уына біз жыладық.
Жесір ана мен жетім бала жағдайы аянышты халде суреттеледі. Анасының отағасымен, ұл-қыздарының әкесімен тым болмаса бақұлдаса да алмауы жандарына батады. Әкесінің тұтынған бұйымы мен киген киіміне дейін көзіндей сақтап, оралуына себепші қылғысы келеді.
О, мезгіл, бұрынғыдай аға бердің,
Жан көкем, сен де алыста қала бердің.
Мекендеп көкірегін жалғызыңның,
Мекендеп көкірегін қара жердің.
Жатырсың қай жерінде қара жердің?
Білмеймін, молаңа іздеп барар едім.
Жасырды жанарыңды қай топырақ?
Шіркін-ай, шарлай-шарлай табар ма едім?!
Бастың сен ақырғы рет қай араны?
Жұттың сен ақырғы рет қай ауаны?
Қай көкке көзің түсті ақырғы рет?
Қай жердің желі сонда аялады?
Қай жерде өлім сенен өшін алды?
Қай жерде өміріңнің көші қалды?
Кекілі желпілдеген жалғызыңды
Қай жерде ақырғы рет есіңе алдың?
Өкініштісі – өзегін өртеп, жанын жегідей жеген осы сұрақтардың жауабын перзент Әбіштің өмір бойы таба алмастан кетуі. Жұбанышымыз – кеш те болса, ол дерекке біздің қолымыздың жеткені. Бұл жазбамыздың ең басты жаңалығы да – осы болмақ. Ары қарай ақынды оқысақ:
Жетпейді туған жердің желі де оған,
Жетпейді өз қырыңның селі де оған.
Төкпейді мөлдір жасын бұршақтатып,
Сен өскен сахараның көгі де оған.
Белгісіз қабіріңе қиырдағы
Қырыңның қызғалдағы бұйырмады.
Қайғыдан тамшылаған ыстық жасым
Жамылған топырағыңа құйылмады.
Белгісіз қабырыңа қиырдағы
Тілеулес дос-жараның жиылмады.
Жыл сайын құшақ-құшақ гүл терсем де,
Өзіңе бірі де оның бұйырмады... –
деп шарасыздықтан шағымданады, балалық базынасын білдіріп назырқанады. Қамыққан көңіл, жабыққан жан жазмышты жазғырып, өлеңімен өлімнен өш алғандай болады. Артынша әке үміті, ана арманы, өмірге құштарлығы жарқын болашаққа құлшындырады, зор сенімі келешекке ұмтылдырады.
Мен де өстім, мектеп бардым, жыр жаттадым,
Жақсы әннің қағып алдым ырғақтарын.
Зерек деп ауыл-аймақ болды риза,
Сен оны естімедің, тіл қатпадың.
Бейнелеп туған жердің кешкі көгін,
Қытықтап сұлулардың ет жүрегін
Жыр жаздым, риза боп қалыпты жұрт,
Сен оны оқымадың, естімедің.
Артыңда жайраңдаған бар ұланың,
Аясын сая бақтың жамыламын.
Жігіт боп, мен де бүгін шаттығымның
Шалқыған сәулесіне малынамын... –
деп енді бір сәт әке рухымен сырласып, жаңалықтарын айтып, жетістіктерімен бөліседі.
Біздің бағалауымызша, Әбіш вундеркинд болған. Оның жан-жақты білімі тобынан даралап, қатарынан озық қылған. Сүйенер тірегі, сенер қолдаушысы жоқ баланың оқу-тоқудан, өзін-өзі қамшылаудан, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып тіршіліктің бар ауыртпалығын көтере білуге бейім болудан басқа амалы да жоқ. Әсіресе, Әбіштің сөз өнеріне құштарлығы ерте жастан байқалған. Жетім жүрегінен жарып шыққан ойлары өлеңге айналып, ақындық қасиеті барын біліп, әдебиетке әуестігі оянады. Тегінен талантты, табиғатынан талапты, асқан аңғарымпаз, байқағыш баланың қабілет-қарымы өскен сайын артып, таным көкжиегі кеңейе береді. Студенттік жылдарында-ақ кәсіби қаламгерге айналып, түрлі жанрларда өзін сынап көреді. Оған да мысал ретінде бірнеше мақала жазуға болады. Әзірге «Әкеге» қайта оралайық:
Жарылғап бұл дүние тілегімді,
Толтырды шаттық күлкі реңімді.
Садақ қас, найза кірпік қазақ қызы
Менің де лүпілдетті жүрегімді.
Әкенің мейіріне шөлдепті о да,
Қыр гүлін қабіріне термепті о да.
Туыпты әкесі алыс жүрген шақта,
Ғұмыры оның жүзін көрмепті о да.
Рас, жазушының жұбайы Клара Қалекенқызы да сондай өмір көрген бойжеткен екен. Жетімдікті бала жасынан басынан өткізген тағдырластар бір-бірінің тауқыметін түсінеді, болмысымен сезінеді.
Бірімін мен өзім де сол түлектің,
Жастықтың шалқарында толқын өптім.
Қызықтар қызығым көп бұл өмірде,
Жалғыз-ақ өзіңді аңсап толқып өттім.
Өтсе де елеңдетіп көп ай тағы,
Өзіңді енді келмес деп айтады.
Өзге жұрт біздің үйдің иесі деп,
Бүгінде өзіңді емес мені айтады.
Бұл – ендігі бар үмітінің үзіліп, торыққандағы толғанысы. «Жетім қозы – тасбауыр, түңілер да отығар» деген қазақ мұндайда тағы «Өлгеннің артынан өлмек жоқ», «Тірі адам тіршілігін істейді» деп жұбататыны бар. Анасының қаралы хабарды естіген күннен белін бекем буып, жалғыз өзі төрт баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсіріп, қатарға қосуы – азаматқа бергісіз ерлік. Ай-Ана туралы әр жылдары жазылған әдебиеттер жеткілікті болғандықтан, кеңірек сөз етуді мақсат қылмадық.
Деуші едің ылғи мені – құлыншағым,
Қайтейін, бәрі соның бүгін сағым.
Сен жоқта құлының да әке болып,
Сипамақ құлынының тұлымшағын.
Ортайтқан өліміңді кенеремді,
Қосамын жүрек күйі мен өлеңге.
Тілегім – баяғы қыс қайта қақап,
Жазбасын жоқтау дастан немерең де! –
деген тілекпен аяқтайды. Орнында бардың оңалып, жетім ұлдың жетілген кезіндегі жүрекжарды жыры оқырманның да көңілін басып, жанын тыныштандырады. Тек бір ғана «әттеген-ай» – туған жерінен топырақ бұйырмай, жат жерде бақилық болған боздақтың өкініші жары мен ұлының ішінде кетті...
Тарихи құжаттардың цифрландырылып, интернет сайттарында жариялануы арқылы Әбекеңнің іздеген жоғы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен табылды. Онда Қоқымұлы Кекілбайдың аты-жөні «Кохонов Кокильбай» деп жазылған екен. Ол 1906 жылы туған. 1942 жылы майданға алынып, 492-атқыштар полкінің 199-атқыштар дивизиясында соғысқан. Сталинград шайқасынан аман шыққаннан кейін Смоленск стратегиялық шабуыл операциясына (07.08 – 02.10.1943) жіберілгенін анықтадық. 1943 жылғы 3 қыркүйек күні Смоленск облысы, Глинковский ауданы, Милеево деревнясының шығыс бетінде болған қиян-кескі шайқаста көптеген қаруластарымен қатар қаза тапқан. Сүйегі бауырластар бейітінде жиырма бір солдатпен бірге жерленген. Анықтамалықтағы «Ата-анасының немесе әйелінің аты-жөні» деген бағанда «Әйелі – Кохонова Айса» деп жазылған [6]. Смоленск облысының Ельня қаласындағы обелиск – даңқ ескерткішіндегі тізімде де аты-жөні жазылған.
Кекілбайдың інісі Мұқыр атамыздың ұлы Әбдірәшит Ниязов пен Әбішұлы Дәулет және немересі Абыл Кекілбаевтар былтыр сол аймаққа арнайы барып, ата рухына тағзым етіп келді.
Ал жеке біз үшін таңқаларлық сәйкестік – сержант Кекілбай Қоқымұлы мен біздің атамыз аға сержант Жайлау Жылдамбайұлы бір майданда, бір полкте болған. Тағы да сол архив құжаттарына үңілсек: «Джилдамбаев Джайлов», 1916 жылы туған. Ол да 492-атқыштар полкінің 256-атқыштар дивизиясында бөлім командирі болған. Соғысқа 1942 жылғы 7 қараша күні алынған. Смоленск облысы аумағында 1943 жылы 8 тамыз күнгі бетпе-бет, қойын-қолтық шайқаста ерекше ерлік көрсетіп, «За отвагу» медалін алып, ІІІ дәрежелі Даңқ орденіне ұсынылады [7].
Сол күні жарақатының ауырлығына қарамастан қарсыласы неміс солдатын найзалап өлтіргені де құжатта баяндалған. Ары қарай өзіміз білетіндей, Барнаул қаласындағы әскери госпитальге жөнелтіліп, жарақатының ауырлығына байланысты 1944 жылғы 8 сәуірге дейін емделіп, I топ мүгедегі ретінде елге қайтарылады. Үйленіп, үй болады, еңбекке араласады. Зайыбы Бұлжетпес Құлбергенқызы бес-алты құрсақ көтеріп, аман қалған үш ұл, бір қызын бірге тәрбиелеп өсіреді. Атамыз 1996 жылы, әжеміз 2005 жылы өмірден озды. Қазір ұрпақтары Маңғыстау облысының Ақтау, Жаңаөзен қалаларында тұрады.
2019 жылғы 3 сәуір күні ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев пен РФ Президенті В.В. Путиннің бірлескен мәлімдемесінде: «Қазақстан мен Ресей біздің одақтастық қатынастарымыздың, ең маңызды негізі болып табылатын ортақ тарихымызды, ең алдымен Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалау, қайта жазу және «қаралау» әрекеттерін құптамайды», – деп келіскен. Ендеше, ол келісімге ортақ тарихымызды бірлесе зерттеу, ата-бабаларымыздың ерлігін ұлықтау, еңбегін ұмытпау, мәңгі есте қалдыру шараларын бірге ұйымдастыру да кірсе керек. Олай болса, осы мәселеге ҚР-ның РФ-дағы төтенше және өкілетті елшісі И.Н. Тасмағамбетовтың назарын аудартқымыз келеді. Ұсынысымыз – 76 жыл бұрын, дәл осы айларда жүргізілген Смоленск операциясы деректерін, ондағы Кекілбай Қоқымовқа қатысты құжаттардың түпнұсқасынан сапалы көшірмелерін алдырып, әскери жауынгерлік жолын жете зерттеп, топырақ бұйырған жерін нақтылап, ескерткіш белгі қою жұмыстарын ұйымдастырсақ, Кекілбай атамыздың да, Айсәуле әжеміздің де, Әбіш ағамыздың да рухтары шат болар еді. Қаламгердің биылғы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Маңғыстау облысында арнайы салынып жатқан «Әбіш әлемі» рухани орталығын осындай деректермен толықтырып, келер жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Кекілбай Қоқымұлына арналған танымдық іс-шаралар өткізуді де қазірден қолға алуымыз керек.
Міне, Әбіш Кекілбайұлының балалықтан даналыққа басқан соқпақты сүрлеуінің даңғылға айналуына осындай сынаққа толы өмір жолдары да негіз болды деп білеміз.
Бақтыбай ЖАЙЛАУ,
педагогика ғылымдарының магистрі, PhD докторант
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 05.08.2019
Пайдаланылған әдебиеттер
1. «Лениншіл жас» газеті, 22.08.1978.
2. Кекілбайұлы Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Өлке» баспасы. – Т. 11. – 1999. – 464 бет.
3. Кекілбайұлы Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Өлке» баспасы. – Т. 6. – 1999. – 464 бет.
4. Автограф (Ә.Кекілбаевпен сұхбат). «Жұлдыз» журналы, 01.01.1996.
5. Әбіштің анасы (Ә.Кекілбаевтың анасы Айсәуле әжемен сұхбат). «Қазақ әдебиеті» газеті, 07.03.1995.
6. РФ ҚМОА, 58-қор, 18001-тізім, 721-іс.
7. РФ ҚМОА, 33-қор, 744808-тізім, 940, 106-істер.