«Манас» дастанының мың жылдығына
Бүгін біздің қай-қайсымыздың да көңіліміздің төріне ықлым замандар қойнауынан мызғымастан мың жасаған айтулы Дастан мен ол жырлаған атақты Батыр тіріліп келіп отыр. Олар бізді тағы да тақуа тарихпен бетпе-бет қалдырып, арғы-бергімізді сарапқа салдырмақшы. Мұндайда уақыт пен кеңістіктің жік-шекарасының бәрі өз-өзінен ұмытылып, бәрімізді бір тектен өрбітіп, бір тамырдан тарататын түп бастауларға, түбегей бірлік пен түбегей тұтастыққа тереңдей үңілуге мәжбүрміз. Өткенге бойлаған сайын арамыз жымдасып, айырмамыз азая түсетіндей. Бәріміздің де, арғы бергіде талайды тамсандырып, талайды табындырған небір сүлейлерді тудырған екі аяқты нәсілден екендігімізді қапысыз ұғына түскендейміз. Бірақ, осынау әбден басы ашық ақиқаттың өзіне бар-бар уақытта мадиықтанып, масаттана қоймайтынымыз тағы рас. Қайта оған қаралай ұялып, қаралай арланатын, ара-тұра таусыла тарығып, дағдара торығатын шақтарымыз да аз емес.
Өйткені, әуелден табиғаттан айрықша жаратылғанымен, талайды бастан кешіріп, талай жерде ауызы күйгенімен, айнала болмыстың қырық қатпар құпиясы мен ұңғыл-шұңғылын үңіле зерттеп, жансыз ортаның бейтарап самарқаулығынан туындайтын қияметі мен жанды ортаның жаны ашымас қысастығынан балалайтын қиянатының қыр сырын түгел біліп, кемел мен кесірді, естілік пен есуастықты, абзалдық пен арамдықты айна-қатесіз айыра алатындай биік парасатқа бірден-бір ие Адамзаттың өз ақылына өзі мойынұсынбай, өз білгенін өзі жүзеге асыра алмай, әлге дейін әуре-сарсаңда жүргеніне қалай қынжылмассың?! Дүние жаратылып, су аққалы өзі жер-жебіріне жеткізе мансұқтаумен келе жатқан талай жексұрындық пен кесепатты, озбырлық пен зұлымдықты өзі қойдай қоздатып, түйедей боталатып жатқанына қалай күйінбессің?! Ендеше, сондай өзгелерді түгіл өзін-өзі аяп, өзін-өзі желеп-жебеуге жетіле қоймаған желбас нәсілден өрбитіндігіңе несіне жетісіп масатанбақсың, несіне жетісіп мақтанбақсың?! Қалайша өз бармғыңды өзің тістеп, қаралай пұшайман болмассың?!
Солай бола тұрса да, сарсаңға түскен санаңды сабасына оралтып, сергелдең болған сезіміңді сабырға шақырып, тәркке ұшыраған тәуекеліңді тәубеге келтіретіндей, медеті мол мерейлі жәйттер де баршылық. Мәселен, құдайдың ғана қолынан келердей талай таңғажайып адамның да қолынан келіп жатады екен. Айтсаң ақылың жетпестей, ойласаң қиялың жетпестей талай ғаламат алты қат аспан үстінде де емес, жеті қат жердің астында да емес, тап өз іргеңде, тап өзің басып жүрген топырақта да жүзеге асып жатады екен. Ондайда басқа тараптарда емес, тап осында, басқа сипаттарда емес, тап осылай жаратылғаныңа шексіз риза болады екенсің. Төбең көкке жеткендей боп, қуанады екенсің.
Бүгін де, міне, тап сондай риясыз сөзімге бөленіп отырмыз. Өйткені, тек бір жұрт, бір ұлт, бір ағайын-аумақ қана емес, күллі адамзат нәсілін шаршысына толтырып шаттандыра алатындай, өз құдіретін өзіне түсіндіріп масаттандыра алатындай айрықша себептің, айтулы оқиғаның әлемет әсеріне емін-еркін кенеліп отырмыз.
Жә, әуелі жырға дес берелікші: «Баяғының аңызы – айтсақ кірер маңызы. Ежелгінің аңызы – ескөргенге маңызды. Кейі жалған, кейі шын – кейінгілер көңілі үшін... Көбі өтірік, көбі шын – көпшіліктің көңілі үшін көтермелеп айтамыз, көкжал Ердің жөні үшін. Жанында болған кісі жоқ, жалған сөзбен ісі жоқ. Төрінде жатқан кісі жоқ, өтірікпен ісі жоқ, – бабалардың аңызы, бастамасқа болар ма? Аталы сөз маңызы айтпай ішке қонар ма? Шежіреден ұққан сөз, өсіп-өрбіп шыққан сөз; кәрілерден алған сөз, халық аузында қалған сөз; аңыздарға толған сөз, ат көтермес болған сөз; азғындарға жуымай, азаматқа қонған сөз... Өрендерден қалған сөз, еншіге жұрт алған сөз, ой-жүрекке қонған сөз, толқыта іште толған сөз; жауға аттанған батырдың жан серігі болған сөз; естігеннің мейірі емін-еркін қанған сөз; шешен біткен шерткен сөз, мешеу көңілін еріткен сөз; боран соққан қырменен, қиқу-айқай шуменен, сүрінбейтін тілменен, қарлықпайтын үнменен, арқар өрген белменен, бұлт айдаған желменен, тайталаса жарысып, бірге жасап келген сөз, баласына атасы мәңгі еншіге берген сөз; мөлдіретіп моншақтай жұрт саралап терген сөз...» Пәлі, пәлі...
Жақпар құзды жапыра құлаған тау суындай тасқындай төгілмей ме?!
Атаңа қоқи, айырқалпақ жомоқшы-ай! Аузың қандай айтқыш еді?! Көзің неткен көргіш еді?! Көңілің неткен түйгіш еді?! Тер шығатын теріден емес, қан шығатын тамырдан емес, жас шығатын жанардан емес, жай әншейін жел шығатын желпілдек ауыздан желпіне шыққан бір көпті құзғынның да ғұмыры жетпес ұзаққа, құмайдың да аяғы жетпес қиырға алып қашып, мың жыл, мың бел, мың асқар асырып жүрген де осындай перен қасиетің ғой...
Расында да, ықылым заманаларға куә болған, талай ұрпақтың тілін ашып, талай ұрпақтың көзін жұмдырған, мың жасап, миллиондардың көкірегінде тұнған жырдың Тынық мұхиты – «Манас» атты Ата Дастанның өлі күнге құлағымызды елітіп, көңілімізді еліктіріп, жүрегімізді еріте жөнелетіндей ерекше сиқыры неде екен?!
Бәлкім, аспан астын бір өзі толтырып жатқан ақ жаулықты Ана Алатаудай апайтөс алып бітімінде шығар...
Бәлкім, көкжиектің көрпесін қалай тартқыласа да, қайда тартқыласа да, бәрібір сирағы шығып қала беретін салқар Сары Арқадай көл-көсір көлемінде шығар.
Расында да, «Манас» ежелгі үндінің «Махабхаратасынан» екі жарым есе, ежелгі гректің «Иллиадасы» мен «Одиссеясын» бірге қосқандағысынан жиырма есе көп. Бүгінде қолда бар алпыс бес нұсқаның ең сүбелілерінің бірі Саяқбай Қаралаев жырлайтын нүсқа жарты миллион жолдан асады.
Көлемі қара жердің төрт тарабын түгел көмкөргендей, еңсесі бұлғақтаған Бұланайдың да тебесінен қарайтындай осыншама заңғар дастанның өн бойында көңілден шықпайтындай олпы-солпы бір шумағы, бір жолы жоқ, таңғалдырмайтындай, тамсандырмайтындай селкем-шалыс бір сөз, бір теңеуі жоқ. Мазмұны ақар-шақар сеңгірдің сексиме тұмсығынан жемтігін болат серіппедей бір-ақ ытқып, бауырға ап, баса қалығысы көп тұрған тау тағысының бұлшық етіндей тып-тығыз. Бітімі жылтырай семірген жолбарыстың жылмағай жонындай жұп-жұмыр. Жер бетіндегі Алатаудың қанша көркем болғанмен опырайған ойқы-шойқысы, жапырайған жалба-жұлбасы, ебілі-себіл елбе-желбесі жеткілікті. Жыр сомдаған Манастау қанша заңғар, қанша алып болса да, мөлдіретіп меруерттен, жалтыратып жақұттан, лапылдатып лағылдан құя салғандай. Көздің жауын алардай көркем, сұғы өтердей сұлу. Қайтіп таңдай қақпассың?! Қайтіп басыңды шайқамассың?! Мың жыл бойына ең сұңғыласы мен ғұламасын, тапқыры мен айтқырын Ата Дастанға жұмылдырып, мың қайтара қырнап-жонып, мың қайтара елеп-екшеп, мың қайтара сылап-сипап, мың қайтара әрлеп-нәрлеп, әлемде тендесі жоқ Жыр Асқарын сомдап шыққан ақпа-төкпе Ата Қырғыздың аруағынан қайтіп айналмассың, ақылына қайтіп бас ұрмассың!..
Мың жасаған Ата Дастанның алдына жүгініп, аузына үңіліп, мың күн тыңдасаң да, ынтығың еш басылмасы, ықласың еш тарқамасы хақ. Өйткені, көзіңнің сорасын сорықтырмай, көңіліңнің жарасын айықтырмай, жаныңды шүберекке түйгізіп, қылп-қылп еткен ақ алмастың жүзімен жалаңаяқ жүгірткендей, төбе шашынды тік тұрғызып кірпігіңе шық тізгізіп, ет-жүрегіңді елжіретіп, ойыңды он саққа, қиялыңды қырық саққа тентіретіп, албастының алдына барғандай, көзбаушының көзінде қалғандай, қараптан-қарап арбалып, қараптан-қарап қармалып қалатының да, жорғадай тепеңдеп, жортақтай секеңдеп, жолбарыстай атылып, арыстандай «ах» ұрып, лапылдай жанып, лекілдей құйып, теректей теңселіп, желектей жайқалып, шалғындай шайқалып, обырдай омақасып, жанқастадай жағаласып, жағын сауып, жалынын төгіп, еркіңе қоймай, еліктіре елпілдетіп, желіктіре желпілдетін, елжірете еңкілдетіп, қақпақылдай қаққылап алып жөнелетін жойқын жомоқшының аузынан аузыңды, көзінен көзіңді ажырата алмай, шырмауықтай шырмалып қалатының да тегіннен-тегін емес.
Сүйегіңді сүліктей сорып, жүрегінді жегідей жеп, баурап алып бара жатқан ақтүтек жыршының көмейінен ағыл-тегіл ақтарылып жатқан аласапыран сөздің шұрайы да, ол бейнелеген көріністердің көз тартар шырайы да емес. Қаз-қалпында қайта орнай қалған бағзы заманның, баба заманның мың жыл бойына сейілудің орнына қойыла, азаюдың орнына қалыңдай түскен бабаулаған зары мен батпан-батпан мәні. Талайды көріп, талайға тезіп келе жатқан тарланбоз жұртыңның тақсыретті тарихы мен тауқыметті тағдыры. Мың жыл бойына бабалардың басын қатырын, қанын қайнатып, жүйкесін шамырықтырып келген екіүдай хәлдер мен екіүдай жолдардың шиырлары мен шытырмандары енді сенің де ойыңды ойсытып, қиялыңды қысыратып, жүрегіңді шымшылай бастайды. Бағзының кебінен бүгінгінің уайымымен уланып, бүгінгінің кейпінен ежелгінің өксігі мен өкінішін аңғараалмай. Қызылды-жасыл табиғат пен қырғын-қызық думандар, үланасыр тойлар мен ызы-қиқы шайқастар, салтаттық сайрандар мен өжеңдеген даулар, ғашықтықтың буы мен батырлықтың дуылы – бәрі-бәрі көрген түстей ғайып боп, көкірегінде көлкілдеп көне қыжыл оянады. Қайтадан қаралай мысың құрып, қайтадан арғы-бергінің айықпай келе жатқан ащы запырандарыңа күмп бересің. Қайтадан қаралай мысың құрып, қайтадан ескірмеген ежелгі көптер есіңе түседі...
Сонда ол жағыңды таянып, жанарыңды шылайтындай, қабырғаңды қайыстырып, бұғанаңды майыстыратындай неткен көп, неткен гөй-гөй...
Иә, мың жыл бойына ауыздан түспей, жырланып келе жатқан Ата дастанның болмыс-бітіміне кейінгі ұрпақ, кейінгі сананың қосқан жапсырма сипаты қандай көп болса, ол алғаш рет ауызға іліккенге дейін халық басынан өткен көптің сүйек пен сүйек, етпен ет сіңісіп кеткен түбегей сипаттары да тап сондай көп. Бәлкім, соңғысы алдыңғысынан да басым түсер. Өйткені, әу баста қиялды қозғап, сөзімді тербеп, жаңа бір жойқын дастанның тууына түрткі болған түп себеп те сол мың жылдан бұрынғы терең қатпарларда жатыр ғой. Осының басын ашып, дәнін аршып айтудың орнына біреулер дастанды қырғыз халқының арғы-бергіде басынан еткен оқиғаларының әншейін жиынтығындай көрсе, біреулер әуелде сондай бір ғана оқиғадан өрбіп, сосын кейінгі болып өткен оқиғаларға жалғаса салған, өз-өзінен ұзарып, өз-өзінен ұлғайып жатқан ұлан-ғайыр әлқиссадай көреді.
Жоқ, олай емес. «Манас» – бір жұрттың басында арғыбергіе болып өткен оқиғалардың басын қалай болса, солай біріктіре салған далима дастан емес. Ол – бабалар тұсында бас алып, аталар аяғына жеткізе алмай, әкелердің әлі келмей, тек жер басып жүрген жаңа ұрпақтың тұсында ғана біржолата жүзеге асуы ықтимал асыл мұрат, асқақ мақсаттың туу, өрбу, орнығу жолының рухани шежіресі. Түптеп келгенде, төрт кезеңнен тұратын дастандық дәуірдің әр кезеңінде де бір сипатты құбылыс қайтадан көрініс беріп, қайтадан бір жол, бір жүйемен өрбиді. Әр кезеңде әр кейіпкер жеке дара бастан кешетін бір сипаттағы ұқсас коллизиялардың драматизмі сатылап күшейіп, одан туындайтын концепциялық пайым да сатылап тереңдей түседі. Бұл бүкіл бір ұлттық ғасырлар бойы жүзеге асыра алмай келе жатқан ең басты мүддесінің ұрпақ ауысқан сайын күрделіленіп, ұрпақ ауысқан сайын өткірленіп келе жатқандығының көрінісі. Уайымның арманға, арманның үмітке, үміттің сенімге айналуының қырық қатпар қиын да қызық құбылма жолы. Бұл мақсат – ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан аңсарлы мақсат. Бұл тақырып – ұрпақтан ұрпақ өрбітіп келе жатқан өзекті пәтуа. Ұлттық сананың уызымен мәйегі, ұлттық құлықтың уыты мен жұлыны. Сонда қырғыздардың ұлттық парасатының бірден-бір өзегі болған бұл пәтуа қай кезеңнен бас алды, ұлттық поэзиясының бірден-бір тіні болған бұл тақырып қай көздерде ауызға ілікті?
Бұл сауалға жауап іздесең, әңгіме әріге кетеді. Дүние жаратылып, су ағатын әлімсаққа барып бір-ақ тірелед. Ғарыш жаратылғанына 18 миллиард жыл болса, біз басып жүрген жұмыр жердің жаратылғанынан бері төрт жарым миллиардтай жыл өтіпті. Санасыз тіршіліктің пайда болғанына үш жарым миллиард жыл толса, саналы тіршілік бар болғаны қырық мың жылдай уақыт бұрын ғана пайда болыпты. Оның отыз мыңдайын үйірлестік үрдісте өткізген екіаяқтылар тек соңғы он мың жылдықта ғана қауымдастық үрдіске көшіпті. Біреуі су жағалап, балық аулап, бреулері ну жынысқа сүңгіп, аң қуалап, біреуі желек басынан мәуе теріп, біреуі шөптің басын үшіп, дән жинап, экваторға жуық бойлықтар бойынан басталған бұл құбылыс қашқан мұзбен бірге көшкен аңдарға ілесіп, ен байтақ Еуро-Азия кеңістіктеріне де жетті. Мұнда да әркім өз үйренген қарекетпен қорек айырып, соған лайық қоныс иемденді. Дән теріп, миуа жинаған терімшілер мен балық аулаған балықшылар отырықшы боп дария сағалап, бірте-бірте диханшылық пен кәсіпкерлікке көшті. Аң қуалаған аңшылар бірте-бірте малшыларға айналып, жұлдызға қарап, жол бағдарлап, топырақ жалап, жер танып, жел иіскөп өріс, шөп иіскөп қоныс тапты. Алдарындағы сатырлаған төрт аяқтылардың өрісі мен қонысын ойлап, аспандағы бұлттың аңысын аңдады. Суының молайып, шөбінің көбеюіне байланысты бірде күнгейге, бірде теріскейге ағатын өзендердің алаптарына, біресе Еуропаның біресе Азияның ен байтақ жазираларына алма-кезек ауып қонып, екі құрлықты көктей өтіп, екі мұхиттың арасында жөңкілді де жүрді. Көшкені сайрандай, қонғаны мейрамдай қызық дәуреннің басы шадыман болғанымен, аяғы шырғалаңға ұласты. Тарих пен табиғаттың нағыз еркебұландарындай көрінетін көшпенділердің ең ұзақ үстемдік құрған аймағы – қазіргі біз өмір сүріп жатқан кеңістік. Сібір мен Орталық Азия таулары мен далалары. Оған куә – «Манас» дастанының өзі. Ондағы көсілте баяндалатын көл-көсір хикаяларда сүреттелетін дәстүрлер мен салттар, мінездер мен құлықтар мотор, мінген мына бідерге де әбден таныс, әбден түсінікті. Кейіпкерлері де ежелгі дүниеден тіріліп келген бейтаныстай емес, тап қазір кіріп келген есіктес көршіңдей тіптен етене. Тартып жүрген тауқыметтері мен кешіп жүрген көптері де бес саусақтай белгілі. Сөйтсек, қазір жүзеге асыра алмай күйзеліп жүрген жәйттеріміздің бәрі мың жыл бұрынғы бабаларымыздың да өзегін өртеген күйіктер екен.
Бір ғүлама айтқандай, Еуро-Азияның әр алуан жер бедері әр алуан үрдіспен өмір сүріп, әр алуан мәдениет түзетін әр алуан этностардың қалыптасуына жағдай жасады. Табиғи әр алуандық олардың бейбіт өмір сүруіне кемектеспесе, кедергі келтірген жоқ. Жаны бар пайым. Бірақ, ай астында баянды не бар? Тек кім-кім де өз үйренген аяда өзі үйренген әдіспен ырзық айыра алған замандарда ғана жағдай солай болғаны рас. Ал бас өсіп, ауыз кебейіп, үйреншікті аяда үйреншікті әдіспен күн көру қиындай бастағанда, әлгіндей қоян-қолтық қоңсыластықтың да шырқы бұзыла бастады. Тіпті бір үлгімен өмір сүретін үрдістердің өзі бір-біріне ауыз салатынды шығарды. Әсіресе, бұл көпшенділерге жәйсіз тиді. Олар енді бұрынғыдай түк шыққан жердің бәрі қонысым, су түскен жердің бәрі суатым деп, аяғы жеткен жердің бәрін иемденетін әдеттен бой тартуға мәжбүр болды. Оны самсаған сары қолы бар көп тайпалардан гөрі әлім-берім аз тайпалар ертерек сезінді. Белгілі бір жинақы кеңістікке кіндіктен байланып, қауымдастықтың берік түрлеріне көшуге тура келді. Бұрынғыдай жөңкіле жөнелген жойқын нөпірлерге қосыла салып, арқадан қаққанның алдына түсіп, мандайдан сипағанның соңына ілесіп, жетекте кеткендер тарихтың дәлізінде қалып, шамасына қарай шарқ ұрып, жағдайына лайық жайлы қоныс таба білгендер көп нәсілді адамзаттың құтхана мешітінен өз құжырасын иемденді. Соны алдымен түсініп, алдымен ыждаһат қылған қауымдардың бірі қырғыздар болған сыңайы бар.
Сондықтан да, олардың аты тарих сахнасына өзімен тұстас шыққан тайпалардың көбіндей, әр қауымның құрамына бір сіңіп, өз дербестігін жойып алмай, бүгінгі тарихқа да аман жетті. Қырғыздардың аты қытай деректерінде біздің дәуірімізге дейінгі 201 жылдардан бастап ұшырасып, біздің дәуіріміздің VІ-Х ғасырлары арасында жиі кездеседі. Олар жайлы деректер VІ-ІХ ғасырлардағы орхон-енисей тас жазбаларында да мол жолығады. Сондай құлпытастардың бірінде қырғыздардың Орхон мен Тола бойындағы ұйғыр патшалығын құлатқаны жазылған. Бұл қытай жылнамалары айтуынша, 847 жылы болған оқиға. Демек, В. Бартольд айтқан «қырғыз мемлекеттілігінің дәуірлеуі» тап осы кезеңге сәйкес келеді. Қырғыздардың отырықшы, көшпенді көршілеріне көп тиісіп, көп жеңіске жететіні де осы тұс. Бұрынғыдай емес, бастары бірігіп, ауыздары қосылатыны да осы тұс. Сол қырғыз кейінгі мұсылман тарихшыларының ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы еңбектерінде Батыс Тәншәнді жайлайтын, жау келгенде қатын-балаларын құз-қияға шығарып жіберіп, тар шатқалдарда бекініп, көршілерінің шапқыншылығына батыл тойтарыс бере алып жүрген аса жауынгер халық ретінде бейнеленеді.
Біздіңше, ұлы дастанның оқиғалық төсегін қырғыздардың ІХ-ХІ ғасырларда Алтайда жүріп ұйғырлармен, қидандармен шайқасқанымен де, XV-XVII ғасырларда Тәншәнде жүріп көрші хандықтармен шайқасқанымен де біржола байланыстыруға болмайды. Сол сияқты ондағы айтылған әр соғыс, әр шайқасқа, әр кейіпкерге нақты тарихтан нақты балама іздеудің де жөні жоқ. Дастан екі мың жыл бойына тарих назарында келе жатқан халықтың басынан өткен оиқғаларды кезек-кезегімен көзінен тізіп баяндап шыққан көркем шежіре емес. Сол екі мың жылдық халық тағдырының негізгі өзегі болған іргелі ел, тұтас жұрт болып, әлемдік болмыстан өз орнын табу жолындағы күрделі күресті тұтастай шолып, күрделі тарихи процестің әлеуметтік-философиялық тұңғиықтарына бойлаған тарихи пайымдық, тарихи уайымдық эпос. Оның басты сарыны – баста тұрған дәуренді дәріптеу емес, бастан ауған дәуренді жоқтау, оның қайта оралуын аңсау.
Қырғыз тарихындағы ондай кіндік кезеңнің бұдан мың жыл бұрын орхон-енисей бойларындағы ұлы жорықтар мен ұлы жеңістерге сәйкес келетінін материалдық ескерткіштер тайға таңба басқандай дәлелдеп түр. Ұлттық идея дегеніміздің өзі – іргелі ел болуға, өз мекеніңді өзің иемденіп, өз болмысынды өзің шыңдауға ұмтылу екені белгілі. Қырғыздардың бұндай ниетті нақты жүзеге асыруға да әлгі кезеңде кірісіп, алғашқы нәтижелерге жеткендігі мәлім. Ендеше, істегенін ауызбен бекітіп, артық ұрпаққа өсиет қып қалдыратын көшпенділердің ондай дәстүрін ол кезде ұмытып кете қоюы мүмкін бе? Жоқ. Олай болса тасқа қашап дерек қалдырған айтулы оқиғаның сөзбен баяндалатын рухани дерегі қайда? Ол бүгінгі «Манастың» алғашқы нұсқалары болуы әбден мүмкін. Дастанның негізгі сюжеттк-фабулалық арқауы да сол кезең оқиғаларына сайма-сай келеді. Стильдік-көркемдік төсегінің ең терең қабаттары да сол кезеңнің эстетикалық-дүниетанымдық сипатымен астасып жатыр. Ал, концепциялық уытының тіні түзіп тұрған негізгі идея сол кезең оқиғаларының басты мақсаты болғаны тарихтан белгілі. Ендеше трилогияның, әсіресе, Манастың жеке өзіне байланысты алғашқы бөлігінің идеялық, фабулалық, көркемдік төсегінің сол кезеңде туған тұңғыш нұсқалардан өрбіп жатуы әбден ықтимал. Бір ұлттың бір мың жыл бойы жырлап келе жатқан негізгі шығармасының географиялық аясы мен кейіпкерлік құрамы кейінгі ғасыр құбылыстарына орай түбегейлі өзгеріске ұшыраса, онда тұрған таңданатындай ештеңе жоқ. Бәрі өзгерсе де бастапқы кіндік идея өзгерген жоқ, оған түрткі болған кіндік оқиға мен кіндік кейіпкер өзгерген жоқ. Өйткені, ол идея әлі күнге түгелімен жүзеге асып болған жоқ. Сондықтан да, әу баста ұлы жорықта ұлы жеңіске жеткен ұлы қолбасшыны жоқтаудан шығуы ықтимал әйгілі дастанның бсынан аяғына дейін өткенді дәріптей отырып, бүгінгіні қомсыну, ертеңге үміттене отырып, көлденеңнің кесепатынан сескену сарыны басым түсіп жатады. Бұл дегенше жеткен жұрттардың емес, жете алмай жүрген жұрттардың тарихи санасына, көркемдік танымына тән сипат. Трилогияның алғашқы бөлімімен кейінгі бөлімдерінің көркемдік болмысы мен композициялық құрылымында, бейнелеу қағидаларында айта қаларлықтай айырмашылықтар боллуы да тегіннен-тегін емес. Манасқа байланысты бөлімдегідей емес, «Семетей» мен «Сейтекте» оқиғалар архаикалық героикадан, ұланасыр кең қарымдылықтан арылып, негізгі кейіпкерлердің таза жекебастық арақатынасына, содан туындайтын трагедиялар мен драмалар төңірегіне топтастырылған. «Манас» эпикалық қарымы күллі ғаламға бара-бар нағыз үлкен эпос, үлкен эпопея болса «Семетей» мен «Сейтек» – бір әулет, бір буынның шындығымен орайласып, бұл заманның тшмен айтсақ, «романдандырылған» «шағын эпос». «Манастың» финалынан басқа бөлімінде ұлан-асыр той-думан мен аламан-асыр шайқастар, аза мен қуаныш, жеңіс пен жеңіліс, тағдырдың тауқыметі мен рахаты қойқосақ түсіп, қосарланып отырса, «Семетей» мен «Сейтекте» бір күдік пен бір үміт итжығыс түсіп жататын сезім сергелдеңі мен сананың сарпылысы молырақ. Салдарына қарап, себебін таппақ зардабына қарап зауалын таптырмақ рухани әуре-сарсаң көбірек. Бір кезде бабаларды жеңістерге жеткізіп желпіндірген оптимистік «кіндік идея» енді ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын ұлт көкірегіне шер болып жабысып, шемен болып байланған түпсіз уайым, тұңғиық дертке, өліспей беріспейтін өр мақсатқа айнала түсіпті.
Халық тақсіреті қайдан өрбиді? Біреуді аз, біреуді көп, біреуді жарлы, біреуді бай қып жарататын алақол дүниеде қоздамай тұрмайтын сыртқы қысастық пен ішкі келеңсіздіктерден өрбиді. Әйгілі дастан өзге жерде келімсек саналып, келекеге ұшырап, өз жерінде саны аздықтан санатқа ілікпей, аяққа басылып есесі кетіп, езіліп жүрген қырғыздардың аянышты тағдырын сүреттеуден басталады. Жат жерде де ебін тауып, байып алған Жақып, малына қорған, дәулетіне қожа болатындай мұрагер іздесе, батыр Балта тойғанға мәз боп, тоғышарлана бастаған алыстағы ағайынды арттағы атамекенге қайта бастап апарып, туған жұртымен қайта қауыштыра алатын сайыпқыран көсемді аңсайды. Бесіктен белі шықпай жатып: «қожаны көрсе қорқытып, саба толы қымызды қолына берсе бір жұтып», «анау-мынау ас болмайтын», «жарым шелек арақты жалғыз ішсе мас болмайтын» алып Манасқа бай Жақып «Дүниенің парқын білмейді» деп күйінсе, адал тілек, ақпейіл Ақбалта батыр: «Дауыл келсе, жел тимес, қалың тоғай бұл болар; даушы келсе, мал бермес, қара көкжал ұл болар; аман болса бұл бала, өлгеніңді тірілтер, өшкеніңді жандырар», – деп сүйінеді. Ерен туған ер Манас ел сенімін ақтады. Алтайдың астын үңгіп алтынын алып, алқабын толтыра егін салып, адырын қаптата мал жайып әбден байып алған қырғыздарды үйренген қоныстан кеткісі келмей, кежегелері кейін тартса да, әлдеқашан ұмыт қалған ата-қонысына бастап апарды. Бөгесін болғысы келгендерді топырлата қырды. «Бет қойысар дау шықса, белдесетін жау шықса, қарауыл шығар дөңі жоқ, қақтығыс болса қапыста, қол сиятын жері жоқ» жайдақ тегіс пен тар қолатқа кідіртпей, «көк толқыны шайқалған, көк желегі жайқалған, көк майсасы жайқалған; шыбығы бар шынардай, шынарлары мұнардай; тынық аққан бұлағы, пейіштен артық сияғы; қарабура шатқалы, аспан сүйген асқары, жер сауыры Таласқа» бір-ақ жетіп тоқтайды. Бір кезде Оразды ханы өлген қырғызды оқыста басып, «бірін айдап Оралға, бірін айдап Еренге, біреуін көміп тереңге, біреуін қуып Қаңқайға», қан талапай еткен Қоқанның қоңқай ханы Әлеукеден өш алып, жан-жаққа шашылып кеткен қандастарын қайта жинай бастайды. Туыстас түркі нәсілдерін билеп отырған жақсылар мен жайсандардың жасы үлкендеріне өзі барып, жасы кішілеріне ат жүгіртіп, адам жіберіп, білек қосысар бірлікке, ірге тұтастырар ынтымаққа шақырады. Ағайын қатағанның ардағы Қосай дәу айқара құшағын ашып, алдынан шықса, Алайдағы қалша ағайынның Саурық ханы қиырдан келіп, жер шұрайын иеленіп, ел шырайын түгендей бастаған батырға өзі келіп соқтықты. Қалмақ ханы Текес үдере көшкен қырғыз көшін қиын мен қияда торуылдаса, Мәнжі ханы Қитуша ел шетіне дүрбелең салып, тыныштық бермеді. Ел қамын ойлаған Манас иілгенге иілді, шүйілгенге шүйілді. Ата жұрттың қайта қаулап өсуіне, атамекеннің қайта гүлдеп құлпыруына септігі тиер қам-қарекеттің қандайынан болса да тайынбайды. Оның бұл қылығын жақтырмайтындар алыстағы жаттан да, іргедегі жақыннан да көптеп табылды. Өзгені қойып, туған әкесі Жақып елдің басын қоспақ боп, ердің ауызын алмақ боп, күні-түні іргесін атқа, төрін қонаққа таптатып жатқан баласына: «Ойымнан кетпес сор қылдың, Манас; сансыз малды қор қылдың, Манас; аты жоққа ат беріп, тоны жоққа тон беріп, қартайып қалған көзімде, шын мүшкілді сен қылдың, Манас. Қаптаған мың-мың мал қайда? Аялы Алтай жер қайда? Қабырғалас тұрушы ек, қара Қытай ел қайда?» – деп килігіп, сақалын жуып, шашын жұлады. Елдіктің жолына қимай, көгенінің босап қалған бүршағы мен желісінің ағытылған ноқтасын санап, азаттықтың жолындағы кемді күнгі қиындыққа шыдамай, басы байлаулы, аяғы тұсаулы болса да, қарыны тоқ, көйлегі көк жатқа кіріптар күндерді сағынатын мүсәпір мүскіндер, шамасы, ол заманда да табылыпты. Қара бастың қамы үшін, шеке қышытар таж бенен тақым қышытар тақ үшін өз жұртына өзі өрт салып, өзгелермен жер түбінен жең ұшынан жалғасатын жаудан бетер жәдігөй жексұрындар ол заманда да аз болмапты. Алыс Қаңғайдағы Есеннің сойылын соғатын көзкөмендер Таласта жатып, аңғал Манасқа у қосып, арақ беріп, өз тізгінін қолына енді алғалы тұрған сорлы жұртты бұрынғыдан бетер сорлатып кете жаздайды.
Тым таныс құлықтар мен тым таныс қылықтар емес пе?!
Елдіктің жолына қашанда қаптаған кедергі тұрғызылыпты. Азаттықтың жолына кашанда аран ор аз қазылмапты. Сырттағы дұшпан іштегі алаяқтың аярлығын, тоңмойын тоғышардың топастығын, даңққұмар дарақының даңғойлығын қашанда қапысыз пайдаланып бағыпты. Бәрі де елім деп еңіреген ерлердің соңына шоқ алып түсіп, азаттық деп арпалысқан асылдарды аяғынан шалып бағышы.
Сондайдағы қазылатын ор мен құрылатын тордың аты – Тоғышарлық екен. Дүние жаратылып су аққалы барша келеңсіздік пен кесепаттың тақымынан түспей келе жатқан торшолақтың аты да – Тоғышарлық екен. Тоғышарлық арыса мүсәпір, тойынса кісәпір болмай тұра алмайды екен. Манас өзімен ұстасқан жаудың бәрін жеңе алғанымен ғана емес, бақ пен ырзықтың, атақ пен даңқтың, құрмет пен махаббаттың, сый мен салтанаттың бәрін көрсе де, кісәпірлікке ұрынбай, тоғышарлықты да жеңе алғанымен қасиетті. Ол
өр десең өр, ер десең ер. Бірақ, жау алдында өр де, дос алдында жер. Ел мүддесі дегенде өз мүддесін, ел намысы дегенде өз намысын ойланбастан құрбандыққа шалып жіберетін мәрт. Ұрын барғанында қараңғыда қол салғанына қитықтанып: «Нөкөрүм аты да Манас, жекөрүм аты да Манас, баскарчым аты да Манас, баканчым аты да Манас, басып жүрген қызматкар жалчимдын аты да Манас, башымды кантип кемейүн, аты Манас экен деп, айтканга кантип көнөйүн; атамдын үйүн бұлгабай азыр кетип жөнөгүн!» – деп атып тұрған қиқар қалыңдығының қолындағы пышаққа абайсыз қарналып қала жаздағанда, ашу қысып: «Санирабийганы көөдөнге Манас тепкени, Рабийга сулуу
кыз көмөлөнүп кеткени; баатыр Манас бабандын баатырлыгы эмей неткени; алиги көрген кан кызы Атемирдин жалғызы атасынын төрүнде абыдан жеди таяқты, ал жерде башын үзмөкчү, ажар, көркүн, тұрпатын, тартып керүп
сымбатын арстан Манас аяды; беш кабырға кыйрады, бетин басып ыйлады, Манас басып чыкканча жеңине каны сыйбады» – демекші, шала бұлініп, әскеріне барып, болашақ қайнатасының астанасын шауып ала жаздайтын асау
Манас достан да, дұшпаннан да алданғанымен, досқа да, дұшпанға да ашуланғанымен, астамсып көрген емес, күшім жетеді екен деп зорлыққа, айлам жетеді екен деп аярлыққа барған емес. Бірақ, ол жүрген ортаның бәрі Манас емес еді. Даңқты данғойлықпен, мәрттікті мастықпен, намысты найсаптықпен шатыстырып алып, аярлықты айып, астамдықты ұят кісәпірлікті кінә санамай, бәрін де белден басып жүре беретін бетсіздер де толып жатқан-ды. Сондай бір бетпақ Көкетай ұлы Боқмұрын өгей әкесінен қалған оңай олжаға
мастанып, атын шығармақ боп ас береді. Оған шартараптың досын, жатын түгел шақырып, Манасты шақырмайды.
Бір-біріне қаны қатып жүрген қас дұшпандарды бір тойға түгел жинап, бір төрге қатар отырғызам деп, сауық-сайранды қызыл-шеке қан майданға айналдырып ала жаздайды. Қорыққанынан Манасқа ат шаптырып, соның айбарына арқа сүйеуге мәжбүр болады. Бірақ, онсыз да бір-біріне тісін басып жүрген бақас елдердің онсыз да сызат арасы бәйге мен бәсекенің салдарынан одан сайын ырсиып ашылып кетеді. Жүрек сыздар сөз айтылып, сүйек сырқырар іс істелінеді. Талай шаңырақ ортаға түсіп, талай жылқы талауда кетеді. Талай арудың етіне дақ, талай ердің бетіне дақ түседі. Қарқараның шыбынсыз төсіне қақырадай ордалар қонып, дала мен тауды жайлаған барша халықтың барлық көріктісі мен келістісі, күштісі мен жүйрігі, ділмары мен дүлдүлі түгел жиналып, ай бойы көшпенділер әлемінің барлық байлығы мен барлық салтанатын көрсетіп баққан ұлы думан көшпенді әлемнің барша кесепаты мен кесірін де түгел ашып, өз пердесін өзіне сыпыртып, енді қордалана бастаған берекені бір күнде тәрк, енді іргелі ел бола бастаған қауымды бір күнде ғарып қылып кете барады. «Көкетайдың асы – көп жанжалдың басы» атанған ұлы жиын мәнжілер мен қырғыздардың арасындағы ұлы майдан, ұлы шайқасқа ұласып, сол жорықта қырғыздар мен қазақтар бас батырларының бәрін мерт қылып, бас қолбасшысын аяр жаудың алдап келіп, артынан ұрған улы айбалтасынан жазылмастай дертті қылып, мол олжамен қоса мол қасіретке батып оралады. Сөйтіп, Манас сынды ел қамын ойлап, жанын шүберекке түйіп, басын отқа тігіп жүрген есіл сабаздардың кеігген көксеген мақсатының түбіне көлденеңнен құйысқанға қыстырылып, қажет десеңіз дос пен жаудың, пайда мен зиянның ара-жігін ажырата алмай жүріп-ақ ат шығарып, абырой асырмақ болып, өлінің аруағын, тірінің ар-намысын бір басының дақпырты жолында құрбандыққа шалып жіберуден тайынбайтын бір әумесердің бір әулекілігі жетіп тынды.
Ондай дарақы да даңғой Боқмұрындардың топстығынан туындап, жақсы істі жарты жолда қалдыратын ойда жоқ қырсықтарды ішіне қыл айналмайтын шыжбыңбай Шынқожалар, бақастықтан бауырынан безетін көр көңіл Көбештер, мал құмарлықтан баласын баз кештіретін жәдігөй Жақыптар, кеккқұмарлықтан неден де болса тайынбайтын қияңқы Қияздар, қаралай күңкілдеп, сасық өкпе-бопсаға бола досын омақастыра салатын үңіреңбай Үмітейлер, тақ үшін тұтас елін түгел сатып жіберуге пейіл баққұмар, сонысынан да қанқұмар Ханшоралар одан сайын асқындырып жібереді екен. Ордадан Манас кеткесін ортадан мәніс кетті.
Ұлы есім мен ұлы іске сатқындық басталды. Әке баласын сатты. Іні ағасын сатты. Нөкер көсемін сатты. Мекер төсегін сатты. Босаға терді сатты. Тер беті жабылып үлгермеген көрді сатты. Дәулет әдетті сатты. Әдет абырой-әжетті сатты. Азғындық басталды. Азғындықтан аман қалудың жалғыз жолы – ел ауып, жер ауып аласталу болды. Сол көпке ұшыраған ана Қаныкей мен әже Шиырлы азған елден алыс қашып, асылдан қалган тұяқ Семетейді жетілдірді. Семетей ат жалынан тартып міне, елге оралды. Семетеймен бірге елге сенім оралды. «Манастың ұрпағы жалғасса, ісі де жалғасады», – деп ойлады жұрт. Бірақ, Манастың қолына жарасқан қорқау Семетейдің де қолына жармасты. Манастың аяғына оралған аяр Семетейдің де аяғына оралды. Манастың алдына ор қазып, артына тор құрған күншілдік пен топастық Семетейдің де алдынан ор қазып, артынан тор құрды. Аярлар алдап соққан анғал Семетей әке күмбезінің қасында әкесі жеген опықты жеді. Сөйтіп, атаның кебін әке шіп, әкенің кебін құрсақтағы бала киетін күн қайта туды. Тағы да азғындар елде қалып, асылдар аласталды. Оспадардың озбырлығынан қолды болған айдай сұлу Айшүректің қосағында кеткен шарана елінің қайда, жерінің қайда екенін біліп қойды. Семетейге қуанған ел, Сейтекке де қуанды. Сейтек бірақ Семетей оралғандағыдан да көбірек таланып, көбірек арыған жұртқа, одан да гөрі араны ашылып, одан да гөрі арсыздана түскен ағайынға оралды. Семетей әкесімен лысқан дұшпанмен, үйреншікті жаумен айқасқа түссе, Сейтекке әкесі түгілі жеті бабасы естіп білмеген, кездесіп көрмеен жер түбінен келген жебірмен шайқасуға тура келді.
Бұл ретте, «Сейтек» дастанының философиялық ауқымы, болмыстың ең терең, ең терең, ең тұңғиық, ен шытырман құбылыстарын ең ұрымтал тұстарынан қамтып, ұтымды аша латын ұтқырлығы мен тапқырлығы жағынан әлемдік ауыз дебиеті түгілі жазба әдебиеттің ең үздік туындыларымен атар тұра алатындай сүлей шығарма екендігін айрықша өліп айтуды парыз деп білеміз. Бағзы мен бүгіннің арасынағы қыл көпірдей бұл туындының бар сипаты мен бар асиетін түгел тану үшін нағыз осы заманның бостан таныы мен сергек пайымы, нәзік талғамы мен жіті зердесі қажет олатыны даусыз. «Сейтектің» әр тарауы, онда баяндалатын әр оқиға адамдық болмыстың бар құпиясын нағыз сұңғыла зерттеушінің көзімен терең барлап, кемел кескіндеп, дәл пайымдай алған бір-бір тәсіл. Ең күрделі құбылыстың математикалық дәлдікпен есептелген өте дөп философиялық тұжырымы. Тек екі-ақ оқиғаны – Семетейдің ғайып боп кетуі мен Сейтектің Сарыбаймен шайқасын алайықшы. Екеуіде әлемдік әдебиет пен күнделікті тұрмыста айтыла-айтыла ауыз жауыртқан үйреншікті ұғымнан туындаған кең қарымды философиялық метафора. Көзапара бір жағынан бір жендет найзасын сумаңдатып, екінші жағынан екінші жендеті қанжарын жалаңдатып, «әне-міне дегенше, қасына жетіп келгенше, басын кесіп алғанша, құмарлары қанғанша, қарамай алды-артына еріп кеткен секілді, қимылдамай, үндемей, көз ілеспей жоқ болды, сүйегін таппай сабаздың жаны шығып жау азғын ет-жүрегі от болды...». «Семетей» дастанының соңында басты кейіпкер тап осылай ғайып болады. Ол «Сейтек» атты келесі кітапта ол елсіз таудың арасында қолды боп кеткен тұлпарына мініп, иесіз қалған сұңқарын ұстап, аң аулап жүрген жерінде Қарадәудің көзіне түседі. Оның атын атап шақырғанына қарамай, үңірейіп тұрған қара үңгірге кіріп кетеді. Бұны естіп, көруге барған Бақай да тап осындай көрініске куә болады. Әйелі Айшүрек пен баласы Сейтек те жалбарынып елге қайтара алмайды. Ақыры анасы Қаныкей барып, тағы боп кете жаздаған баласын алдына алып, ақ мамасын аузына салып, үйіріне қосады. Оны бұндай күйге ұшыратқан перілердің дуасы емес, жанын жегідей жеген ұят еді. Бір жағынан, алданып атын жатқа беріп, бес қаруынан қаралай айырылғанынан, екінші жағынан қас дұшпанының құрған тұзағына өзі барып түскенінен, үшінші жағынан жақсы досы Қүлшараны қаралай отқа түсіргенінен, төртіншіден, адалдықпен аңғалдықтан сенімін, ана сүтін ақтай алмай, орта жолда опық жеп қалғанынан, алтыншыдан, осынша қиянат пен қараулыққа барып отырған ағайыннан, жетіншіден, мұнша әділетсіздікті көріп отырып, қол үшын бере алмайтын елінен ұялғандықтан өз-өзінен ғайып болып еді. Тірілей жерге кіреді деген осы еді. Мұндай пұшайман хәлден анасы келіп, ақ сүтін кешіп, қайтадан сенім артса ғана арыла алар еді. Семетейдің бір басындағы бұл күйзеліс бүкіл ел басындағы күйзеліс еді.
Ал, Сарыбай – арғы-бергі әдеби санадағы ең қорқынышты, ең жиреншікті құбыжықтардың ең жаңа, ең үрейлі түрі. Өйткені, ол бұрынғы аңыздарда кездесетін бір жері болмаса, бір жері адамға ұқсайтын құбыжық емес, барлық қасиеті, барлық мінезі, барлық құлқы мен қылығы құбыжықтыққа айналып кеткен адам. Жалмауыз сияқты адамдар ауылда да толып жатыр. Олардың да салып жатқн ойраны аз емес. Ал мынау дәл адам сияқты жалмауыз сонау жеті қиян жер түбінен келіп отыр. Сонысын бұлдап мұндағы Манас жұртының түгелімен көзін құртып, барын өзі иемденбек. Жер бетінде жалғыз өзі қалып, бәріне өзі ие болғанша соңына сары масадай самсаған қол ертіп, жолындағыны түгел жойып, сайранды сала бермек. Тек адамдарды ғана емес, аққан суды, өскен шөпті, жүгірген аңды өз қалауынша өзгертпекті сылтауратып, түп-түгел қырып салмақ. Сөйтіп, жер үстін, аспан астын жалғыз жалмауыз жайлаған жапан түзге айналдырмақ. Оған ешкім жеке төтеп бере алмайды. Жеке айқасып жеңе алмайды. Алыс боп, жақын боп, ағайын боп, жат боп, кәрі боп, жас боп, әйел боп, еркек боп, жабыла жүріп тойтармаса, ешкімге де, ештеңеге де дес берер емес. Қияндағы Қайып қызы Құялдының Алатауға ат сабылтып көп, Сейтекке қол ұшын беретіндігі де сондықтан. Дастанның соңғы тарауын төбе шашың тік тұрып, тұла бойың түршігіп отырып оқисың. Ықылым замандар хикаясының ақырғы бетін баяғы қатыгездіктерден емес, бүгінгі қатыгездіктерден үрейлене отырып, жабасың. Иә, кейінгілердің соры алдыңғылардан гөрі де қалыңдай түскен сыңайы бар. Бірақ, одан сескенер Сейтектер жоқ. Біржола өліп біткені-бітпегені әлі беймәлім жаңа Жалмауыздың мүрдесінің жанында жаңа шайқастарға сақадай әзір түр.
Міне, мың жылдан бері айтылып келе жатқан көп әлі тәмамдалған жоқ. Онда көтерілген көкейкесті әңгіме Алатаудың ар жағы мен бер жағында қайтадан қозғалып жатыр. Мұндай сын сағатта бабалардың барша жүрек сырын, рухани шырынын, ақылы мен данылығын түгел сығып ап, бір арна, жүйеге құя білген ұлы Халықтың ұлы дастанын шұқшия оқып, арын, жанын тазартып, селқос сөзімін оятып, дағдарған санасына қозғау салу – әрбір көзқарақты азаматтың қасиетті парызы болса керек.
Көз алдыңа көне дастанды сұңқылдай соғып отырған айырқалпақ жомоқшы қайта оралды.
Ол көне сарынмен жаңа бір кеіпі баяндап отырғандай:
Ақар-шақар ала шың Ата қоныс тәрі еді:
Бағзыдан жеткен баба жыр –
Елдіктің асыл дерегі.
Қайта гүлдеп солған бақ,
Үзілген үміт тірілді.
Сөнген от қайта алаулап, –
Дүние тағы дүбірлі.
Тарих тезі теңселді –
Теңістірер мұрсат бер!
Сейтек сермер семсерді
Сертке тағар ұрпақ бер!
Үміттің оты үдегей,
Арымай көңіл көр-жерден,
Айналып соғып жүрмегей
Семетей кешкен сергелдең.
Мойымай тілеп, сұрайын,
Мойныма салып бұршақты:
Құр тұрғызба, құдайым,
Манастар туған құрсақты.
Жаһанды жайпар жау-жарак,
Жабыла төнсе – жастанбас,
Жарты әлем тола жамағат
Жамырай сүйсе – мастанбас.
Асқар Манас, Ай Манас,
Өртенбесін өзегің,
Азат елмен аймалас,
Келді тағы көзегің!
Манаурап барып батқан күн
Манғазданып қайта атсын,
Бағзыдан жанға батқан мүң,
Байызы қанып, жай тапсын,
Асқар Манас, Ай Манас
Жаңа ұрпақпен аймалас.
Асқар Манас, Ай Манас,
Азат жұртпен аймалас!
Асқар Манас, Ай Манас...
Алла әумин дегей...
О тоба, дүниеде тап мұндай да таңғажайып дана дастан барына шүкір. Ол дастанды жаппай жаттап, жаппай жырлап жүрген дархан халық барына шүкір.
Оны қасиеттеп, әспеттей берер жаңа нәсіл, жаңа ұрпақ барына шүкір...
Әбіш Кекілбаев,
"Ғасырлар тоғасында" кітабынан