09 ақп, 2021 сағат 15:23

Әбіш Кекілбаев. Айтып өткен ақында арман бар ма?!

Әдетте ішінде жақсы өлеңі көп кітап көп те, ішінде бірде-бір жаман өлеңі жоқ жыр кітаптары аса сирек ұшырасады. М.Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы - сондай айда-жылда бір ұшырасатын аса сиректің бірі.

Ақын Мұқағали Мақатаев оқушы қауымға әуелі лирик ретінде көрінді. Сосын біршама уақыт Мақатаев – лириктің ізінен адасып қалды; оны көбіне-көп Маркс, Ленин туралы поэмалар жазғанын, тарихи алып тұлғалардың поэтикалық портреттерін жасаған үлкен эпикалық тыныстың иесі ретінде білді.

Рас, Мақатаев - бірнеше поэманың авторы. Бірақ сол поэмалардың өзінде оның лириктігі жеңіп кетіп отырушы еді. Ақынның ұзақ-ұзақ толғауларында ара-тұра шалқымалары, өмір жайлы, азаттық жайлы, махаббат жайлы тебіреністері оқушы көңілін мол әсерге бөлеп, тебірентіп кететін. Алайда, ақын Маркс пен Лениннің қазақ поэзиясы топырағында естен шықпастай еңселі бейнесін жасап берді деп айту қиын.

М.Мақатаев бұл салада ұзақ ізденді, ұзақ еңбектенді. Ашық бояулы, анық үнді іргелі талант екені даусыз. Бірақ, осыншама орасан еңбектің нәтижесі неге бұлай?

Мен М.Мақатаевтың әр поэмасын оқыған сайын осындай ойға қалушы едім. Сол сауалдың жауабын ақынның кейінгі екі лирика кітабынан таптым.

Поэзия – адам жанын тебіренткен, айтылмай, бейнеленбей тынбайтын өктем рухтың бейнесі; ақынның өзге жұрттан артықшылығы – бүкіл болмыспен, табиғатпен табысып, кез келген кісі әсерлене бермейтін құбылысқа тебіренетіні, кез келген кісі әсерлене бермейтін нәрседен әсерленетіні.

Бұл – ақынның табиғаты. Өлең ең әуелі тап осындай табиғаттан жаратылуы керек. Ол сонда ғана табиғи; әйтпесе, жазып отырған кісінің өзін-өзі күштеуінен туған шығарма оқушыны да тебірентпейді. Бізде ұзақ уақыт поэзияның табиғатын, ақынның міндетін бұлай түсінбейтін қисық қисындар да орын алды. Көбіне-көп ақынды кез келген ой мен сезімді былайғы жұрттың қолынан келе бермейтін поэтикалық түрге түсіре қойғыш кісі деп түсіндік. Бұл қате түсінік әлі аласталып болған жоқ. Қазіргі поэзияда жасанды өлең неге көп дейтін сауалдың да ең түп жауабы осы. Бірақ, ондай одағай түсінікті өлең төңіректеген көлденең адамдар иемденіп жүрсе бір жөн ғой, ара-тұра мұндай аңғал қағидаға талантты-талантты деген ақындарымыздың да иланатыны бар.

Әдетте, бір кітаптың ішінде талантты, сезім баурай алатын тәп-тәуір өлеңдерді оқып отырып, кенет кенеуі жоқ құрғақ сөздердің құбылмалы ұйқасқа, ырғаққа түскен тіркес-тізбесіне бір-ақ секіретініміз де сондықтан.

Сыншылар мұндай алақұлалықты, алақолдылықты ақындардың әлі де болса поэтикалық шеберлігінің жетіспей жатқандығымен түсіндірмекші болады. Расында да, бар пәле шеберліктің жетіспеуінен шығып жатса көнуге, шыдап көруге болар еді. Өміршең талант өспей тұрмайды, шеберлігі де жетісер. Бірақ, талантты-талантты деген ақындарымыз қанша кітап шығарса да, ішінде белгілі мөлшерде ақын рухынан мейірім таппаған әлгіндей өгей өлең жүреді. Ондай өлең оқушы тарапынан да пейіл таппайды. Бірақ, бір ғажабы, кітаптан орын табады. Жарайды, ол өз алдына мәселе… Бұндай алақұлалық, алақолдылық шеберліктің жетіспеуінен емес, көптеген ақындарымыздың өз талантының сырын жете зерттеп болмағандығынан, өз творчествосына, өз шығармасына деген қатаң талаптың жетіспеуінен: түптеп келгенде ақын қызметіне деген әлгіндей қате түсініктен. Бұл түсінік ақын тақырып таңдағанда да, өз шығармасына өмірлік матариал іздегенде де ықпал ете қоймайды. Бұдан 200 жыл бұрын Гете Германияда поэтикалық мәдениеттің өскені сонша, ешкім жаман өлең жазбайды, бәрі де мақтауды талап етеді, бірақ, ешқайсысын мақтамау керек деп жазып еді, өйткені, өнер санға емес, саңлаққа зәру. Әлгіндей ұшқары ұғымды иемденетіндер өлеңді жасауға болады деп ойлайтындар, қазіргі қазақ өлеңінің барша техникалық жетістігін бес саусағындай біліп болған, бүгін Әбділдаша жазса, ертең Хамитше, арғы күні Қадырша, енді бір күні Төлегенше жазып шыға келеді.

«Проза жазу үшін, – деді Гете Эккерманға, – айтатын бірдеңе болу керек; ал енді айтатын ештеңесі жоқ кісі өлең мен ұйқасқа ұмтылады; бір сөз артынан бір сөзді сүйрелеп, ақыр аяғында, расында ештеңесі жоқ болса да, әлденеге ұқсайтын бірдеңе шығады». Біздегі көп өлеңнің өлең болмай бірдеңе боп шығатынының сырын енді түсінуге болады. Бірдеңе жазғыштардың қазір, құдайға шүкір, қай-қайсысында да сауат жетеді. Олардың бұдан да аз уақыт бұрынғы әріптестерінің календарды бағып, қай күннің кімге арналғанын біліп алып, соған арнап жаза қоятын ауруынан «айықты». Енді олар әдебиет табиғатын бұрынғыдан гөрі «тереңірек» түсінетін болды: қазір қай тақырыптың, қандай өлеңнің базарда нарқы түсіп кетпей тұрғанда бір шетінен нәпақа көріп қалуға асығады. Қазіргі поэзияға «модашылдық» сырқаты осылай келді. Кеше «ракетаны» жазғыштар бүгін «арғымақты» көп жазып жүр, ертең олар Төлегеннің аруана жайлы жақсы өлеңін оқып алып, бота-тайлақ, мұрындық пен бұйда жайында көп жазып кетпейтініне кім кепіл?

Мұндай өлең жасағыштардың ақылдылау жағы өтімді тақырыптың, өмірлі тақырыптың иісін жер түбінен сезіп, алдымен бас қоятынды шығарды. Бірақ, ондай қомағайлардың өтімдінің нарқын түсіріп, өміршеңді өмірсіздендіріп жатқаннан басқа бітіріп жүргендері шамалы. Алайда, әлем әдебиетінде небір жайсаң тақырып әлденеше жылдар, тіпті ғасырлар бойы сарғайып өзін жазар өрелі талантты күтсе, біздің жаппай сауатты тұсымызда тақырып арамдағыштардың өте-мөте көбейіп бара жатқаны амалсыз қынжылтады. Жарайды, жаман ақын, жаман жазушы жақсы тақырыптың, жақсы материалдың құнын уақытша түсіргенмен, біржолата құнсыздандырып кете алмайды. Бірақ, тақырып таңдаудағы тапшы таланттардың басындағы осы қомағайлық талантты деген ақын-жазушылардың басындағы тақырып таңдаудағы жауапкершіліктің кемдігімен ұштасып жататыны мықтап ойлантатын жайт. Бізде талантты деген ақын-жазушыларымыздың өздерінің де әлі жете меңгеріп, жете ұғынып болмаған тақырыбына, өз жаны, өз рухымен әлі біте қайнасып, сіңісіп болып кете қоймаған өмірлік материалға асығыс киліге салатындары бар. Ондай мінез әдебиетте жасанды шығарманы көбейтпесе, жақсы шығарманы көбейтпейді, ондай шығарма оқушы қауым алдында автордың беделін түсірмесе, абыройын асырмайды.

Бұл жағдай - көбіне көп өз творчествосының азаматтық үнін, әлеуметтік мән-маңызын көтерудің сырын қате түсінуден орын алып жүрген кемшілік. Жас жазушыға әлгі тектес сын айтылуы-ақ мұң екен, өресі жетсін-жетпесін, әзірлігі болсын-болмасын үлкен тақырыптың біреуінің етегіне жармаса салады. Ондай асығыстықпен үлкен тақырыпқа баруын барғанмен үлкен нәрсе айта алмай, ол жазбай тұрғанда да белгілі жалпы ұғым, жалпылама ойларды қайта айтып шыға келеді. Мұқағали Мақатаевтың ұлы көсемдер жайлы поэмаларының оқушы көкірегіне тереңдеп дари алмауының себебі де жұрттың бәріне белгілі. Жалпылама ой, жалпылама жайларды қайталап, одан арғыға тереңдеп бара өнер жасай алмайтындығын әсіресе, бұл ақын соңғы лирика кітабының үстінде жақсы ұғыпты.

Азаматтық – ақынға, өлеңге сырттан таңылатын жанама қасиет, жанама сипат емес. Азаматтықты сырттан іздеп, сырттан қарастыратын ақын шынайы азаматтық өреге де ие бола алмайды, шынайы өлең де жаза алмайды. Онда өлең жазу процесі өнерге атымен жат өлең жасау процесіне айналады. Азаматтық – өлеңнің, өнердің табиғи болмысы. Азаматтық – ақындықтың ең түп табиғаты. Суреткердің былайғы жұрттан алабөтен айрықша қасиеті де – оның айналаға, өмір құбылыстарына өзге жұрттан алабөтен елгезектігі, өзге жұрттан алабөтен сезімталдығы, айрықша азаматтық құштарлығы мен рухани белсенділігі. Күллі дүние мұңын мұң қылып, күллі дүние қуанышын қуаныш қылу – тек суреткерлердің, ақындардың ғана қолынан келетін қасиет. Сондықтан да өрелі тақырыптарды игеру суреткердің бойындағы әлгіндей өрелі өсудің заңды нәтижесі болғанда ғана табысқа жетпек.

Горькийдің суреткерге жеке өз басындағы жеке өзіне тән субъективтік жағдайлардан күллі адамзаттық мәні бар объективті сипат таба алатын адам деп анықтама беруінің мағынасы да осында жатса керек. Суреткер неғұрлым күллі қоғамдық, күллі адамзаттық мұң-мүддеге көтеріле алса, соғұрлым үлкен суреткерге айналмақшы да, ал сол күллі адамзаттық, күллі қоғамдық мұң-мүдде суреткердің өз мұң-мүддесінен неғұрлым табыса, қабыса түскен сайын шығарма да соғұрлым шынайы, соғұрлым табиғи, соғұрлым өрелі бола түспекші.

Осы арада Ольга Берггольцтің «Главная книга писателя – во всяком случае моя главная книга – рисуется мне книгой, которая насыщена передельной правдой нашего общего бытия, прошедшего через мое сердце» деген сөзі ойға оралады. Демек, өз жүрегің арқылы… ақынның ақиқатқа барар тек жалғыз-ақ жолы бар, ол өз жүрегінің үстімен өтеді. Оған соқпай бұлтарып өтетін жолдың бәрі ақиқаттың да ауылына соқпайды. Ақын жырының ең алдымен тек өз жүрегінің терең тебіренісінен тууы – өлеңге қойылар ең басты талап, өлеңнің ең терең табиғаты. Онсыз жерде, ақын қаншама ұлы ой, ұлы идеяларды өлеңге түсірсін мейлі, ол бірден көкейіңе қонып, көңіліңді баурар жан сыры болмай, әншейін ұйқастырылған уағыз болып шығады. Рас, өмірдегі мәнді-маңызды ойлар мен идеяларды уағыздау да керек. Бірақ кез келген лепірме уағыз жақсы өлеңнің орнына жүре алмайды да, ал шынайы өлең небір ұлы идеяны насихаттайтын мәнді уағыз, мәнерлі өсиеттің қызметін қашанда атқара алады. Олай болса ақынның жан сыры – өлең арқылы ақиқат табудың, қоғамның өрелі шындығын ашудың ең бір ұтымды жолы. Мұқағали Мақатаевтың лирикасы осыған құрылған. 

35 жыл,
Отыз бесінші шуағым.
35 жыл күлдім,
35 жыл жыладым.
Кім біледі, 
Енді қанша тұрамын?
35 көктем.
35 күз, 35 қыс, 35 жаз,
Осал өмір емес-ау отыз бес жас... 

Рас, 35 жас көпті көріп, көпті тауысатын ай маңдай, ақ бас ғасыр емес. Бірақ, 35 жастың осал өмір емес екені тағы рас. Мұқағалидың өмірбаяны да өзінің дарынды достары Қадыр мен Жұмекен тақылеттес. 

Бала бола алмадық,
Әке болсақ екен тек.

Қ.Мырзалиев.

Шаруа біліп әуелі,
Ойнадық қой содан соң.

Ж.Нәжімеденов.

Есімде жоқ.
Бала боп өсіп пе едім?!
Болсам неге жылы сөз есітпедім?!
Есімде тек, 
Білемін жеңіс-құстың
Біздің жаққа бір апта кешіккенін.
Осылай өскемін.
Мен – солдаттың жандырып кеткен жалыны,
Сөнбедім де өшпедім,
Мен отыз бестемін. 

Бұл талантты ақындардың бірін бірі қайталағаны емес, бәріне де ортақ өмірбаян. Қиын кезеңде туғандар ең алдымен уақыт мәні мен уақыт сырына қанығатын болса керек. Қадыр да, Жұмекен де, Мұқағали да уақытты жырлайды. Үшеуін де уақыт асықтырады. Мұқағали да уақытты үзілмес мәңгілік, оралмас өмір, таусылмас ой деп ұғады. Сондықтан да, өткен соғыс тұсында, айналасы төрт жарым жыл ішінде, өмір мен өлімнің, ерлік пен ездіктің, бақыт пен қасіреттің барша сыр-сықпытын көріп алған оған 35 жас тым көп боп көрінеді. Бұл жерде ақын арифметиканы айтып отырған жоқ, «отыз бес жыл күлу» мен «отыз бес жыл жылауды» айтып отыр. «Ақын өзінің өмірбаянын ғана емес, өз жанының шежіресін жазады» дейді Потебня. Ендеше, 35 жыл өмірді ақын боп, суреткер боп сүрсең аз ғұмыр, аз өмір емес екені әбден даусыз. 35 жыл адамға талай сыр ұқтырып, ақынға талай жыр ұқтырады.

Оңашада ойларын тыным еткен,
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,
Ақындар бар ішінен тынып өткен.
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Бізді олардың балама біріне де,
Ұлыға да санама, іріге де,
Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын,
Абай, бірақ, қайтадан тіріле ме...
Ойлы жас!
Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай... 

Ақынның шыны да, сыры да осы; бұл – оның азаматтық арының сөзі, суреткерлік кредосы. Күллі болмысқа осы кредомен үңілген ақын, шынында да, тек өз өмірбаянын жазып қоймай, біздің өрелі тұрғыласымыздың, зор адамгершілік иесі замандасымыздың рухани шежіресін жасаған. Поэмаларында кесек тұлға, ересен құбылыстарға бөлекше ыждаһат танытатын жас ақын лирикасында өмірдегі ең бір елеусіз, ең бір үйреншікті құбылыс пен құлыққа үйір; ол лирикасында үйреншіктіден үлкен мән, елеусіздіктен ерен ерлік танитын суреткерлік зеректігін жақсы танытты. Мақатаев лирик «өмір дейтін өзгермес мекеменің алдында әжем мені қабылдаған» дейтін сәтінен бастап өз тұсын, әсіресе, жаутаңдаған балғын шағын көбірек жырлайды. 

Рас, қайғы-қасіреті бар қаптаған,
Ғұмырлар бар батқан және батпаған.
Әкелгенмен әр адамға бір қайғы,
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған...
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты. 

Ол Ұлы Отан соғысын адамдарымыздың күш-қуатына, тұрмысына ғана емес, ең алдымен рухани дүниесіне түскен үлкен сын деп біледі. Ол сол қиын-қыстау рухани шайқастарда жеңіп шыққан жеңімпаз сезімдерді жырға қосады. Олар – мейірімділік, адамдарға деген биік махаббат. Мақатаев жырларындағы майда қоңыр саз бен жарқ-жұрқ етіп көзге ұрмайтын жұмсақ нұрдың өзі де, оның терең тебіреністі гуманистік мәнін айқындай түседі. Жас ақын зор адамгершілікті, биік гуманизмді елден ерек төтен ерліктерден емес, адамдардың бір-біріне деген мейір-пейілінен іздейді. Оның өлеңіндегі адамдар шетінен жүзі игі, жүрегі жұмсақ жандар. Бірақ, ақын өмірді май тоңғысыз идиллия қылып суреттеуден аулақ. Ол әрекетшіл мейірімді, өзгенің бақыты мен қуанышына тек тілектес болып қана қоймай, сол үшін бел шешіп күресетін белсенді қайырымды жырлайды. Ол сонау ұлы шайқас, ұлы жеңіс жылдарында жарқырап көрінген моральдық сапаны дәйім биікте ұстауға үндейді. Ол қазіргі қылығымыз бен құлығымызды да сол жылдардағы моральдық биігіміздің деңгейімен өлшейді. 

Сонау бір жазда, жайлауда,
Соғыстың кезі, қой баққан.
Көңілім келмей байламға,
Көп нәрсені ойлантқан...
Жүгірген төмен құлдырап,
Көрдім де таудың бұлағын.
Көзімнің алды бұлдырап,
Қалқайып екі құлағым,
Қабаржып, үнсіз жыладым.
Сондағы көздің жасынан,
Ләззат алғам, нансаңыз.
Сұраңыз әрбір тасынан
Еліме менің барсаңыз.
Сұрапыл, сұрғылт, ашулы,
Сұраңыз таудан, асқардан.
Сондағы тамшы жасымды
Кем көрмен ұлы дастаннан.
Бұлақтан барып сұраңыз,
Көрді екен, кімді білді екен...
Бұғынып қалған бір аңыз
Бұйығып тағы жүр ме екен.
Жартастың жонын ұрғылап,
Кеудесін сайдың тепкілеп,
Сұрар ма екен сұм бұлақ,
Сол бала қайда кетті деп?! 

Көзден мөлдіреп тамған көз жасына қандай сенсеңіз, дәл сол көз жасындай қағаз бетіне мөлдіреп түсе қалған осы өлеңге де сондай сеніңіз! Оның ақиқат екенін жалғыз Мұқағали емес, бүкіл бір ұрпақ қол қойып растай алады. Өйткені, бұл – бүкіл ұрпақтың шыны, бүкіл бір ұрпақтың сыры. Сондағы көз жасы – біздің бүкіл болмысымыздың айнасы. Сондағы көз жасы ешқашан естен шықпауға тиісті. Ақын болайық, әкім болайық, космонавт болып жеті қат көкті шарлайық, мейлі, сондағы көз жасының бір тамшысы көкіректің ту сонау түп төрінде жату керек. Ол бізді өзінен басқаға өзегі жібімейтін енжарлықтан, самарқаулықтан, басқа құмарлықтан сақтайды. Біз қазір не істеп, не қойсақ та, оның ең әділ сыншысы – сол жылдарда көзі жаутаңдаған қара бала, сары бала. Ол балаларды біз жүрегімізден бір мысқал жырақ жібермеуге тиіспіз; біздің сол жылдардағы көз жасымыздай рухани тазалығымыз, ойымыздың анықтығы, сезіміміздің мөлдірлігі сонда сақталады. М.Мақатаев жырларындағы азаматтық пен адамгершіліктің түп бастауы да «сондағы көз жасы». Ол оған айналасына адал қарауды, ақ қарауды үйретеді.

Сіздер сезесіздер ме?
Түсінесіздер ме?
Сенесіздер ме кісіге сіздер?
Сіздер – көтергіш крансыздар:
Шығарасыздар да, түсіресіздер де.
Заманның жүгі алақандарыңызда,
Алақандарыңызда, жоталарыңызда.
Айтсаңыздар болды балапандарыңызға,
Лаулаймыз өрттей от аламыз да.
Дәуірге – оттық, шырпы да – сіздер,
Тұтанасыздар да сілкінесіздер.
Құпия сандық құлпы да – сіздер.
Құлпының ашар кілті де – сіздер.
Қатыгез майдан, қанды жапанда
Белгісіз болып жоғалғансыздар,
Жігіт боп барып ерлік сапарға,
Шал болып қайта оралғансыздар.
Атадан қалған асылдансыздар,
Дауылдансыздар, жасыннансыздар.
Өзен боп көлге қосылғансыздар,
Дән болып жерге шашылғансыздар.
Атаннан да жоталысыздар,
Жоталысыздар, боталысыздар,
Боталарыңыздың Отанысыздар. 

Жүректің бір дүрсілінен, бір демнен туған осы бір өлең қан майданнан қайтқандар мен қайтпағандарға арналған. Аға буынға, әке буынға арналған талай өлең оқып жүрсек те, жүректі түбіне дейін ақтара салған, көлгірсуден атымен ада, мұндай адал өлеңді оқып отырғанымыз осы. Егер ақын: 

Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,
Не тындырдың «басымды иемменен?»
Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой,
«Отан үшін өлемін, күйем» деген.
Өлім деген ерліктің қорегі ме?
Өлмей-ақ қой, бос сөздің керегі не?!
...Егер Отан сыңсыған орман болса,
Жапырақ боп жармасқын терегіне.
...Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,
Іс тынбайды «жанамын, күйемменен»...
Өгей әке емес қой Отан деген,
Отанды мен атамдай иемденем, – 

десе оған ешкім қарсылық айтпайды, оның алдына көлденең тартар куәлігі – сонау бір жылдардағы көз жасы. М.Мақатаев азаматтықты, ең алдымен адамгершілік деп ұғады. Содан болар оның жырлары адам болмысының сан сәттерін жіті зерттеп, дәл байқаған суреткерлік толғамдарға толы. Оның адамдар жайлы жырлары құдды тірі клеткадай үзіп-жұлғанды көтермейді. Ал кітапта адамдық жыры көп. Бәр-бәрін түгел келтіріп жату тіпті мүмкін емес, сондықтан ақын жүрегінің нұры мен талантының қуатына көз жеткізу үшін бір-екі өлеңін оқып көрелікші.

Бұлқынып жатыр
Келмейді-ау құрғыр шамасы,
Бұлқынып жатыр
Таусылды-ау айла-шарасы.
Сәулемнің менің аяқ пен қолын матамай,
Бостандық берші, бостандық берші, мамасы.
Тұмшалап қойдың несіне сонша қаусырып,
Шандудан бөлек қалған ба шараң таусылып.
Аяқ пен қолын матамай бос қой, мамасы,
Кішкентай адам көрсетіп жатыр қарсылық...
Көкемді босат, аяқ пен қолын матама,
Көтеріп жүрем, көтеріп өтем жотама.
Басымды тігем, бармақтай менің сәбиім,
Бүлдіре қоймас...
Бостандық берші ботама!
Мамасы, босат, еркімен өссін тал шыбық!
Ауа мен күнге, Ай менен нұрға малшынып.
Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр, қарашы,
Кішкентай жүрек көрсетіп жатыр қарсылық...
Немесе:
Қалақтай едің, қабіріңде енді қалақ тұр,
Туғаныңды, өлгеніңді санап тұр.
Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып,
Қыр басынан қала жаққа қарап тұр.
Қызым менің,
Гүлім менің,
Аяулым!
Жатыр молаң жотасындай қоянның.
Құлпытастың құны маған бес тиын,
Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын.
Қойман, ботам!
Керегі не көк тастың?!
Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.
Өзің келген май айында ақ нөсер,
Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын,
Керегі не көк тастың? 

Әкелік махабаттың екі сәті – әкелік бақыт пен әкелік қайғы. М.Мақатаев сүйегіңді үгітіп, жүрегіңді езіп шығатын тылсым сезімді дәл сол қалпы, дәл сол жаратылысында жеткізген. Бұл тек сезіммен ұғар, жүрекпен түсінер сырлар. Адам болмысынң санасы шабандап, тілі күрмелген күйзеліс сәті мен естен адасардай қуаныш сәтінде, жайдағы сөзден кенеу табылмай, сырлы сөз, сиқырлы сөз іздегенде, жүйке-жүйкенің бәрін діріл жайлап көмейден емес рухың мен сезіміңнің бұған дейін байқалмаған бір тұңғиық түбінен шымырлап шыға келетін нағыз ақындық сөз деген осындай болар-ды.

Жамылып сағыныштың сал шекпенін,
Сарғайып сенің үшін зар шеккемін.
Зарықтыр, о тәңірім, жалықтырма,
Мәңгілік ғашықпын мен, ант еткенмін!
 
Көзіме көрінбесең, көрінбе сен,
Күнім боп тұра бергін көгімде сен.
Өлді деп ойлай бергін сонда мені,
Бұлт болып шуағыңды тұтып алып,
Нөсер боп селдетіп мен төгілмесем.
 
Көкке емес, жерге сонда құлайды арман,
Сел болып ағар, мүмкін, лайланған.
Сен сол кез кезбе бұлтқа бір қарап қой,
Сол – менмін көктің жүзін шыр айналған.
 
Білем саған жете алман, ғарыштасың,
Белгілі мәңгілікке табыспасым.
Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің,
Сен маған сағыныш боп жабысқансың...
 
Қайтсем екен сені ұстап қалу үшін?!
Сен маған шексіз дала сағымысың.
Мен өтермін, өтермін, өтермін мен,
Мәңгілік сен қаласың, сағынышым!!! 

Соңғы жылдары махаббат жырлары көп жазылды; олардың егілгені де, төгілгені де, ойлысы да, ойнақысы да мол; ал бірақ, тап мынандай мөлдір көлге түскен қанттай түк қалмай түгел еріп кеткен қаяусыз адал сезімнің құдіретті жырына тіптен тапшымыз. Махаббаттың өзіндей құдіретті, махаббаттың өзіндей ыстық, өзіндей тұңғиық шықпаса, ол жайында жыр жазып та қажеті жоқ. М.Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» кітабындағы махаббат жырлары сезім жалаңдығынан, парықсыздықтан атымен аулақ, өзек өртердей оттылықтан, шынайылықтан тұратын шығармалар.

Олар тек бір кісінің оқшау күңіреніс-тебіренісі емес, біздің замандастарымыздың рухани өресін, сезім байлығын, ізгі тілеу, ақ ниетін жарқырата ашқан жалынды жырлар. Олар, ең алдымен, асқан адамгершілікті, биік азаматтық өрені танытады. М.Мақатаевтың махаббат лирикасын оның жалпы суреткерлік тенденциясынан, былайғы творчествосынан бөле қарау орынды болмас еді. Олар да – шын мәніндегі асқақ азаматтық дауысқа ие жырлар.

М.Мақатаев – адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы. Оның туған ауылына, Алатау табиғатына, сүйген жарына, аяулы әжесіне, балаларына, достарына, сағынышты махаббатына – баршасына арналған өлеңдері де шын тебіреністен, шын шабыттан, шын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған жырлар. Олардың бояу әлемі мен әуен-сазын да ақын көкірегінің толғаныс-тебіренісі жасаған; бәрі де адамның өз дем, өз тынысындай шынайы, табиғи. Мұнда әккі қасапшының пышағындай жалаңдаған жалаң техника жоқ, өмір мен соған елтіген көңілдің қас-қабағын баққан үйлесімді шеберлік бар. Әдетте ішінде жақсы өлеңі көп кітап көп те, ішінде бірде-бір жаман өлеңі жоқ жыр кітаптары аса сирек ұшырасады. М.Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы сондай айда-жылда бір ұшырасатын аса сиректің бірі. 

«Дәуірмен бетпе-бет кітабынан». 1972 жыл