Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовтің ісі бойынша сотталушылардан жауап алу одан әрі жалғасуда. Бүгін сотқа түсінік берген БТА банктің басқарма төрағасының бірінші орынбасары – несие беру комитетінің төрағасы Жақсылық Жарымбетов Сәдуақас Мәмешке қызметінен кеткені үшін Әбіләзовтің 10 млн. АҚШ долларын төлегенін мәлімдеді.
«Әбіләзовпен мен 1992 жылы таныстым, ол кезде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген едім. Мені Алматыда Ержан Тәтішев таныстырды. Танысу формальды жағдайда өтті, одан әрі мен қатынас жасаған жоқпын. Тек Ержанмен жұмыс істедім. Алайда кейінірек Мұхтармен ара-арасында корпоративтік шараларда, жиналыстарда көрісіп тұрдым»,- деп бастады сөзін сотталушы.
Ол кейініректе Мұхтар Әбіләзовпен «КЕГОК» АҚ-да бірге жұмыс істегенін, бірақ жақын араласпағанын айтты. Алайда 2003 жылы түрмеден шыққан Әбіләзов оны Мәскеудегі бизнесіне тартады. «Ол маған өзі сатып алған «Краснояркөмір» компаниясын басқаруды ұсынды. Егер жұмыста жақсы нәтижеге жетсем, менеджер ретінде табыстың 10 пайызын беруді уәде етті. Бірақ ол уәде орындалмады»,- деді Ж. Жарымбетов соттағы сөзінде.
Ж. Жарымбетов банктегі бірқатар былық-шылықтарды ашық айтып берді. Мәселен, бума-бума ақшалар қандай да бір келісім-шарт бойынша банкке түсіп, басқа бір жақтан банктен кетіп жатты,- деді ол. «Банктегі басқарушылық, бақылаушылық қызметтерді М. Әбіләзов өзі атқарды. Мысалы, банктің тиімділігін арттыру мақсатында активтерді өсіру керек болды. Бұл Мұхтардың шешімі еді. Меніңше, бұл заңсыз әрекет болатын. Түптеп келгенде ашық түрде жұмыс істейтін компаниялар евробондтарды орналастырды. Біз оның есебін жарияладық. Егер бұл есеп-қисаптар жалған болса, халықаралық нормаларға қайшы келеді. Әр елде бұған әртүрлі жаза қолданылады. Бұл былыққа банктің бірінші басшысы, акционерлері, яғни, құжатқа қол қойған Мәмештегі мен Әбіләзовтің өзі, сыбайластары жауап береді. Олардың ішінде мен де бармын»,- деді ол.
Атап айтарлығы, сотталушы Ж. Жарымбетов М. Әбіләзовтің өзге сыбайластарының бетпердесін ашып берді. Мысалы, соттың кешегі отырысында түсінік берген Қайрат Садықовтың банк капиталын жасанды жолмен ұлғайту процесін қадағалағанын, осы механизмді бүге-шігесіне дейін білгенін әшкереледі.
«Әбіләзов бірде Ержан Тәтішевтің курстасы әрі сенімді өкілі болған Меруерт Жақсылықовамен кездесті. Ол банкке қатысы бар барлық компаниялардың есепшілік және сараптамалық құжаттарын жүргізетін еді. Кездесу мамыр айында Алматыдағы дәмханалардың бірінде өтті. Соның нәтижесінде Әбіләзов Садықовқа және басқаларға тиісті кепілдіктер берді. 2005 жылы мамыр айында банк акционерлерінің жиналысында аталған адамдардың барлығы Әбіләзовтің директорлар кеңесінің төрағасы болуын бірауыздан жақтап, дауыс берді. Тек Меруерт Жақсылықова ғана бұған ықпал ете алмады. Алайда Әбіләзов олардың бәрін банктегі жұмысында қалдырды. Алғыс есебінде аталған тұлғаларға, соның ішінде Садықовқа Әбіләзов шамамен 100-200 мың АҚШ доллары көлемінде бонустар төледі. Одан әріде Садықов мырза басқарма мүшелерімен бірге бонустар алып тұрды. Ол банктің басқарма мүшесі және директорлар кеңесінің де мүшесі болмаса да, осы бонустарды алды. Бонустар қолма-қол ақша түрінде төленді»,- деді ол.
Ж. Жарымбетовтың айтуынша, Қайрат Садықовқа жалпы алғанда 300 мың АҚШ доллары көлемінде бонустар төленген. Айтарлығы, шетелге қашқан М. Әбіләзовтің сыбайластары ай сайын банктен 10 мың АҚШ доллары (тұрғын үйлерінің жалдау ақысын қоспағанда) көлемінде жалақы алып тұрған. «Барлық қашқындарға мұндай өтемақы төлеу туралы шешім Мұратбек Кетебаевтың ұсынысымен жүзеге асырылды. Өйткені, ол «қашқындармен» тікелей айналысты. Кетебаевтың өзі қашқындарды «қолында гранатасы бар маймылдар» деп қалжыңдайтын-ды. Алайда, 2012 жылы Әбіләзов өз «қашқындарына» ай сайын төлемақы төлеуді тоқтатты. Олар өз миссиясын орындап болды деп ұйғарған шығар»,- деп жалғастырды сотталушы. Сондай-ақ, ол Садықовтың Әбіләзовпен «Скайп» арқылы тікелей байланысқа шығып отырғанын айтты. Әбіләзов Садықовты Англиядағы азаматтық процестеріне пайдаланған. Осы қызметіне оффшорлық компаниялардың есебінен 300 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алған.
Әбіләзовке адалдығы үшін Мәмеш 10 млн АҚШ долларын алған,- деп мәлімдеді сотта Ж. Жарымбетов. Оның айтуынша, 1997 жылдан бері банкте жұмыс істеп келген Сәдуақас Мәмеш Ержан Тәтішевтің казынашысы болған.
«2005 жылы Әбіләзов банкке кірген соң, ол ең алдымен Мәмешпен сенімді қарым-қатынас орнатты. Ол қазынашы және басқарма төрағасы болып тағайындалды. Менің білуімше, Мәмеш Әбіләзовтің тапсырмасы бойынша 2005 жылы маусым айында Е. Тәтішевтің жесіріне 90 млн. АҚШ долларын төледі. Осы «адалдық қызметі» үшін Әбіләзовтен 10 млн. АҚШ долларын алды. Бұған қоса банктің басқа да басқарма мүшелері сияқты ресми және ресми емес бонустар алып тұрды»,- деп түсіндірді ол. Айтпақшы, Ж. Жарымбетов банкте жұмыс істеп жүргенде ай сайын 5-6 млн. теңге көлемінде жалақы алғанын жасырған жоқ.
Ілияс Ақбай
Abai.kz