ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік делегацияның Алматы облысына жұмыс сапары бүгін де жалғасты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Делегация алдымен «Инфраэнерго» ЖШС базасында қала, аудан әкімдерімен, өнеркәсіп кәсіпорындарының, бизнес-құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кеңес өткізді. Бұл зауыт облыстағы ірі кәсіпорындардың бірі және жарылыстан қорғалған электрлік-техникалық жабдықты, аппаратураны, бақылау жүйесін, апатқа қарсы қорғаныс және сигнализацияны дайындаумен, монтаждаумен және жөндеумен айналысады.
Кеңеске қатысушылар жалақысы төмен қызметкерлердің жалақысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту, аз қамтамасыз етілген қызметкерлерге әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін қарастырды. Облыста 11317 ұжымдық шарт жасалды, ірі және орта кәсіпорындардың 74,1%-і қамтылды. 118,5 мың адамды қамти отырып, жұмыс орындарын сақтап қалу бойынша 9,7 мың меморандум жасалды. Бұл ретте ағымдағы жылдың басынан бері өңірде жұмыскерлердің жұмыстан босату жағдайлары болмағанын айта кету керек.
Сонымен қатар 43 кәсіпорында 704 көпбалалы қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 524 адамның тұрғын үйі жоқ. Мысалы, «PSI STROI UNDYSTRYA» ЖШС-да 95 көп балалы қызметкердің 75-і пәтерге мұқтаж.
Облыста әлеуметтік жауапкершілік танытудың айқын мысалы ретінде Жамбыл ауданынан «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіповті келтіруге болады. Ол ауылдастарын жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік салаға да тұрақты жәрдем беруде. 50 орындық «Дария-2016» балабақшасын, заманауи футбол алаңын, сондай-ақ «Болашақ» әмбебап сауда орталығын салды. Ең бастысы, ол 2008 жылдан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ өз шаруашылығының жұмысшылары үшін 105 үй тұрғызды. Табысты кәсіпкер өз әріптестерін көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, сондай-ақ мүгедектерге жан-жақты көмек көрсетуге үндеді.
Шара соңында Гүлшара Әбдіқалықова кәсіпорын және бизнес-құрылым басшыларын Темірлан Шайнүсіповтің ізгілігіне қолдау көрсетіп, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына жүйелі және жан-жақты көмек көрсетуге шақырды.
Бұдан әрі Г. Әбдіқалықова 2017 жылы мамырда ашылған Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының неонатальды орталығына барды. Орталық жаңа құралдармен жабдықталған және балалар мен жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған және жоғары сапалы хирургиялық, травматологиялық көмек көрсетеді. Оның жұмысы өңірдегі нәрестелер өлімінің деңгейін төмендету мақсатында патологияны ерте кезеңде анықтауға және алдын алуға бағытталған. Орталық ашылғаннан бері 398 науқас емделген, оның ішінде 25-і жаңа туған нәрестелер. Бұл ретте 189 ота жүргізілген, оның ішінде 18 сәбиге ота жасалған. Бұған дейін Талдықорған қаласында жаңа туған нәрестелерге ота жасалмайтын.
Жұмыс сапары соңында Премьер-Министрдің орынбасары «Қаратал» шағын ауданындағы студенттерге арналған жатақхана құрылысының барысымен танысты. Құрылысы аяқталмаған қонақүй ғимаратын қайта жаңғыртудың арқасында қалада 288 орындық заманауи студенттік жатақхана тұрғызылып, маңындағы аумақ абаттандырылады. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайды.
Осымен үкіметтік делегация Алматы облысындағы өз жұмысын аяқтап, Қарағанды облысының Жезқазған қаласына бет алды.