Абай шығармалары жинағының шет тіліне аударылған нұсқасы барлық облыстағы орталық кітапханада болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған маңызды жобалардың бірі - шығармалар жинағын шетелдің 10 тіліне аудару және шығару.
«Абайдың шет тіліне аударылған жинақтары облыс орталықтары мен республика көлеміндегі барлық кітапханаларда тұратын болады. Шет тіліне аударылған жинақтарды халыққа көрсету мақсатында жұмыстары жүргізіледі », - дейді Нұрғиса Дәуешов.
Ол жинақтардың электронды нұсқасын шығару жайы да ескерілген.
«Шет тіліне аударылған жинақтар қағаз күйінде де, электронды нұсқада да болады. Оны белгілі бір интернет ресурстарға салып, жастардың ақын шығармаларымен танысуына жағдай жасаймыз», - деді ол.
Еске сала кетсек, былтыр 26 тамызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамы бекітілген болатын.
Жоспар 82 тармақты қамтиды, солардың ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық және әдеби конкурстар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар бар.