16 нау, 2022 сағат 23:30

Абай облысының құрылуы Семейдің дамуына тың серпін береді – Алмас Айтмұқаш


Amanat партиясы жастар қанаты Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президенттің бұл Жолдауында жаңа саяси реформалардың және алдағы уақытта жүзеге асырылатын әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың орындалуы туралы айтылды. Ел халқы көптен күткен Жолдау болғаны сөзсіз. Себебі бұл Жолдаудың мазмұны мен жауапкершілігі аса жоғары. Онда халықтың мүддесі, елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы сараланды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті» деді. Президенттің елге өзгеріс, халыққа жайлы жағдай керектігін жақсы түсініп отырғаны анық», - дейді Алмас Айтмұқаш. 

Өз сөзінде ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел жанынан табылып, бабалар аманатына аса жауапкершілікпен қарайтынына сенім білдірді. 

«Мемлекет басшысы Семей аймағында Абай облысы құрылып, Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болатындығын айтты. Бұл халық үніне құлақ асатын биліктің айқын көрінісі. Бұл ұсыныс Семей жұртшылығын қуантып отыр. Енді шаһардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына серпін берілетініне сенімім мол. Ел басына күн туған заманда Президенттің халыққа Жолдауы нақты істермен жүзеге асырылатыны анық. Жаңа Қазақстанның жаңаруына барлығымыз бірлесе күш біріктірсек кез-келген қамалды алатын боламыз!» - деді Amanat партиясы жастар қанаты Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы.