23 қар, 2023 сағат 15:38

Абай облысының әкімі туыстары мен балаларының қайда жұмыс істейтінін айтты

Фото: Абай облысы әкімдігі

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев елордадағы есептік брифингте жақын туыстары мен балаларының қандай қызметте жұмыс істеп жатқанын айтып берді, - деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Орталық коммуникациялар қызметінің кулуарында өңір әкімі қызының қымбат бренд бұйымдары туралы әлеуметтік желіде тараған бейнероликтерге түсінік берді.

«Менің қызым чартерлармен, борттармен ұшпайды. Оның жүргізуші куәлігі де жоқ, көлік айдамайды. Мәскеу қаласында тұрады, 4-курсты аяқтап жатыр. Бір жылдан кейін оқуын бітіріп, сіздің әріптесіңіз болып, осында келеді. Сол кезде өзіңіз көріп, өз жауабыңызды аласыз. Менің қызым туралы әлеуметтік желіде бірнеше қыздың фотосуреті жарияланған, оның біреуі ғана менің қызымның фотосы, қалған суреттер кімдікі, оны кім біледі? Екіншіден, жаңалық жасаймын деп біреудің баласын ортаға салу дұрыс емес деп ойлаймын. Сіздердің де балаларыңыз бар шығар, әлі де болады. Сіздің балаңыз туралы біреу бірдеңе айтса не істейсіз? Мен жауап беруге дайынмын. Менің балаларымның сіз айтқандай бренді жоқ, қарапайым жұмыс істеп жатыр. Ешқандай артық нәрсе жасамайды, арақ ішпейді, темекі тартпайды. Одан басқа не қосайын», - деп жауап берді Нұрлан Ұранхаев тілші сауалына.

Сондай-ақ, өңір басшысы мемлекеттік қызметші ретінде жыл сайын декларация тапсыратынын, сонда бәрі анық көрсетілгенін атап өтті.

«Ешқандай туысым тендер немесе конкурстарға қатыспайды. Құрылыс, материал жеткізу немесе басқа да коммерциямен ешкім айналыспайды. Менің туған апайым – университетте жұмыс істейді, докторлық дәрежесі бар. Інім Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істейді. Үлкен ұлым мемлекеттік қызметте, ал кіші ұлым – қатардағы инженер болып еңбек етеді», - деп түсіндірді Нұрлан Ұранхаев.