Фото: Akorda.kz
Бүгін Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жедел штабтың кеңесін өткізді. Онда орман өртін сөндіру бойынша негізгі міндеттер тұжырымдалды, сондай-ақ өңірдегі орман өрті жағдайын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар әзірленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өртті сөндіру және залалды азайту, ең бастысы – халықты қорғау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды. Оқиға орнында тәулік бойы кезекші мамандар, жедел штаб жұмыс істейді», - деп атап өтті министр.
Ол сондай-ақ барлық қажетті күш-құралдар қойылған міндеттерді одан әрі орындауға дайын екенін атап өтті.
"Отырыстан кейін министр орманды дала аймағының аумағына аэровизуалды зерттеу жүргізді. Ұшу қорытындысы бойынша өрт ошақтарына күш-құралдарды қайта топтастыру жүргізілді. Сондай-ақ, өрт учаскелерінде су төгетін құрылғылары бар тікұшақтарды ауыстыру туралы шешім қабылданды" - делінген хабарламада.
Орман өртін сөндіруге Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының ТЖД күштері мен құралдары және ТЖМ бөлімдерінің әскери қызметшілері қатысып жатыр.
Сондай-ақ ТЖМ, орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар және Қорғаныс министрлігінен 1500-ге жуық адам және 300-ден астам техника жұмылдырылған. Өрт басталғалы бері 14 тікұшақтың көмегімен жалпы көлемі 3039 тоннадан асатын 1017 су ағызу жүзеге асырылған.
Өртті сөндіру күрделі рельефті жерлер мен 17 м/с қатты екпінді желдің салдарынан қиынға соғып отыр. Сырым Шәріпханов жағдайды ескеріп, жедел штабқа тиісті тапсырмалар берді.
«Өртті тоқтату және оқшаулау аса күрделі және көп еңбекті қажет етеді. Жер бедерінің жағдайлары мен отпен күрестегі кедергілер ескерілуі керек», - деп атап өтті ол.
Қазір Абай облысында өртті сөндіру үш бағытта жалғасып жатыр (оңтүстік, батыс және шығыс жиектер). Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасау жұмыстары жүргізілуде.
Сырым Шәріпханов орман өртін сөндіруге қатысқандардың барлығына алғысын білдіріп, қалыптасқан жағдайларға қарамастан, бірлескен күш-жігер табиғи апатты тез арада жоюға әкелетініне сендірді.