Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Қазіргі уақытта Абай облысындағы 3 учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өрттің таралуы тоқтатылды, өрт сөндіру жекелеген ошақтарда жүргізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметтеріне қарағанда, желдің күшеюіне байланысты Тұзды көл ауданындағы үшінші учаскеде өрт төменнен жоғарыға ауысты. Өртті сөндіру үшін 20 техника, жеке құрамнан 64 адам жұмылдырылды.
Өрттің таралуының алдын алу мақсатында маңайдағы жерлер жыртылған. Алдын ала болжам бойынша өрттің ауданы 1500 га құрайды.
"Березовка санаторийі (108 адам, 36 үй), Березовка подхозы (169 адам, 53 үй) елдімекендеріне қауіп төніп отыр. Өрт орнына дейінгі қашықтық шамамен 5-7 км. Ол жерге 4 бірлік техника бағытталды.
Орман өртін сөндіруге барлығы 100 бірлік техника (оның ішінде 1 өрт поезы) және 2 тікұшақ, сондай-ақ 402 адам ("Семей Орманы" МОТР-66 бірлік техникасыя, 231 адамы, ТЖМ 28 бірлік техникасы, 1 тікұшағы, 144 адамы, ҚТЖ 1 өрт поезы, 10 адамы, ЖАО 5 бірлік техникасы, 7 адамы, Қазавиаорманқорғаудың 1 тікұшағы, 6 адам экипажы, 1 УАЗ, 4 адам) жұмылдырылды.
Одан бөлек, орман өртін "Қазавиақұтқару" АҚ МИ-873 және "Қазавиақұтқару" су ағызу құрылғысы бар МИ-8 тікұшақтары сөндіріп жатыр. Қазіргі уақытта 59 рет су ағызылды (157,5 тонна.)" - делінген хабарламада.
ТЖМ-де және Департаменттің дағдарыс орталығында, сондай-ақ жергілікті жерде жедел штабтар ұйымдастырылған. Жедел желі телефондары жұмыс істеп жатыр.
"Қазгидромет" деректері бойынша 24-26 мамырда Абай облысының Бородулиха ауданында екпіні 15-20 м/с дейін болатын солтүстік-шығысқа бағытталған жел күтіледі.