16 жел, 2022 сағат 09:10

Абай облысында аяқкиімге тапсырыс берген әйел “тосын сый” алды

Фото: Polisia.kz

Абай облысында аяқкиімге тапсырыс берген әйел “тосын сый” алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2 желтоқсанда Үржар полиция бөлімінің “102” жедел арнасына 59 жастағы әйелден хабарлама келіп түскен. Ол 30 қарашада бір жұп аяқкиімге тапсырыс бергенін, алайда сол күні тапсырысты алған кезде аяқкиімнің орнында өсімдік тектес ерекше иісі бар жасыл түсті зат болғанын айтады.

Тәртіп сақшылары бірден жедел-іздестіру іс-шараларына кіріскен. Олар қорапты алушы курьердің шатасып, аяқкиім салынған қорап келгенін айтып, полицияға хабар берген әйелмен сөйлескен.

Содан полиция қызметкерлері қаскөйдің ізіне түсіп үлгереді, нәтижесінде “ізін суытпай” сәлемдемені қабылдап алушыны анықтайды.

Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері аудан орталығында 34 жастағы жұмыссыз ер адамды ұстаған. Кідіріссіз жеке тінту жүргізу барысында одан ерекше иісі бар өсімдік тектес заты бар скотчпен оралған картон қорап тәркіленеді. Қаскөйдің үйін тінту барысында өсімдік тектес және ерекше иісі бар скотчпен оралған 4 ұқсас қорап табылған.

Сараптама көрсеткендей, зерттеуге ұсынылған зат салмағы 72 келіден асатын кептірілген марихуана екені анықталды. Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы бар сыбайластарды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.