Сурет: ашық дереккөзден
Абай облыстық Білім басқармасы Жарма ауданында асылып қалған оқушының сыныптасы да суицид жасағаны жайлы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат порталы.
Жарма ауданы Үшбиік ауылында 15 жастағы оқушы асылып қалған болатын. БАҚ-та және әлеуметтік желіде оның сыныптасы да суицид жасамақ болғаны, алайда дер кезінде құтқарылғаны жайлы ақпарат тарады. Бірақ облыстық Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, ол өз өзіне қол жұмсамаған.
«Бұл - жалған ақпарат. Екінші бала жай ғана сабақтан қашып кеткен. Мектепке келмеген соң оны сынып жетекшісі іздеді. Бірден баланың үйіне барған. Ата-анасы да баласын іздеп, қораға кіргенде ол сол жерде шоколад жеп отырған», - дейді басқарма басшысының орынбасары Әсем Нүскенова.
Оның айтуынша, аталмыш факті бойынша Жарма ауданының құқық қорғау органдары тарапынан тергеу жұмыстары жүргізілуде.
«Оқиға болған күні аудан әкімі орынбасарының төрағалығымен мобильді топ құрылды. Мобилді топ Үшбиік ауылына барып, білім беру ұйымындағы профилактикалық жұмыстың жай-күйіне талдау жүргізді. Соның қорытындысы бойынша мектеп директоры сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталғанша қызметінен шеттетілді, мектеп психологы мен сынып жетекшісі қызметтерінен босатылды», - дейді Әсем Нүскенова.