21 шіл, 2022 сағат 16:23

Абай облысы полициясының басшысы тағайындалды


Бектөре Сұлтан Абай облысының ПД басшысы болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

"ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен облыстық Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция генерал-майоры Бектөре Сұлтан Жеңісбайұлы тағайындалды. 

Полиция департаментінің жаңа басшысын жеке құрамға Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденов таныстырды", - делінген хабарламада.

Бектөре Сұлтан 1974 жылы 2 наурызда Шымкент облысы Түлкібас ауданы Ванновка ауылында дүниеге келген. 1995 жылы ҚР ІІМ Алматы жоғары мектебін, 2003 жылы ҚР ІІМ Академиясын бітірген. Білімі заңгер, ішкі істер органдарының басқару саласының магистрі.

Құқық қорғау органдарында 1991 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс істейді, қызметтік міндеттерін Оңтүстік Қазақстан облысы ІІБ тергеушісі қызметінен бастаған. Қызмет еткен жылдары түрлі басшылық лауазымдарда, оның ішінде Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының ІІД бастығының орынбасары болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бастап Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған.