25 шіл, 2022 сағат 11:44

Абай облысы әкімінің үшінші орынбасары тағайындалды


Нұрбол Нұрсағатов Абай облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Президент Әкімшілігінің келісімімен, Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаевтың өкімі бойынша Нұрбол Нұрсағатов әкімнің орынбасары болып тағайындалды", - дейді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ол бұған дейін Нұр-Сұлтандағы Байқоңыр және Алматы аудандарының әкімдіктерін басқарған.

Нұрбол Төлегенұлы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жол институтын бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс істері жөніндегі комитетінде бастаған.

2008-2011 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

ШҚО әкімдігінің көлік және автомобиль жолдары басқармасының, Алматы қалалық құрылыс басқармасының, Нұр-Сұлтан қаласы қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы қызметтерінде тер төкті. Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр және Алматы аудандарының әкімі болған.

Еске сала кетейік, Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Айдын Кәрімов тағайындалған.

Ал өткен аптада Ұранхаевтың тағы бір орынбасары – Шалқар Байбеков өз қызметіне кіріскен.