© Sputnik / Мария Девахина
Қарағанды облысының Абай қаласында ондаған көп қабатты тұрғын үйде жылу жоқ. Мектептер де жылусыз қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі Astana TV арнасына сілтеме жасап.
85 жастағы Марфа Бушкина пәтеріне жылытқыш қосса да бойын жылыта алар емес. Үйдегі температура күндіз 12- 15 градусқа әрең жетеді, ал түнде одан да суып кетеді. Қалада 30 мыңға жуық халықтың тең жартысы жылытқышпен отыр.
"Ауырамыз, өте суық. Жылытқыштар қосамыз. Оның өзінде күндіз күн шыққанда ғана жылынамыз. Бар тілегім үй жылынса екен. Ал балалар қалың киініп, көрпеге орануға мәжбүр. Аязда мектепте сабақ жоқ, ғимараттар азынап кеткендіктен үйірмелер де уақытша тоқтаған. Жұрт жиналып, осы мәселені әкімге жеткізді. Әбден тозығы жеткен жылу жүйесін ауыстыруды талап етті", - Бушкина.
Қала тұрғыны Ерлан Мұратов та оның сөзін қостады. Оның айтуынша, жылу жүйесінде циркуляция жоқ. Ауа температурасы - 40 градус болады деген болжам бар. Сол кезде батарейлар қатып, жарылуы әбден мүмкін.
"Үйде біз былай отырамыз міне мынадай қыстың киімімен. Тамақ ішкенде терезенің бәрі буланады. Өйткені жылу жоқ. Адам өлу керек пе?", - деп атап көрсетті Мұратов.
Мектеп мұғалімдері болса, баланы жылы киіндіріп қана қоймай, астарына көрпеше алып келуді де сұрайды. Ал қала әкімінің айтуынша, ғимараттардың салқындауына жел де себепші.
"Қатты аязда жел болғанда үйдегі жылуды жел алып кететін кездер болады. Жел басылды қазір жағдай реттеледі деп үміттенеміз", - дейді қала басшысы Медеу Ахметов.
Тұрғындар шаһарға жылу берілгенін жоққа шығармайды, бірақ жылудың қызуы жоқ. Себебі қысым жоқ, ыстық су айналмай тұр, циркуляция жоқ. Жылу орталығы ыстық суды айналдырып бере алмай отыр. Оны айналдыратын су сорғылары жоқ немесе күші нашар деген сөз.
Абай қаласының әкімі ескірген жылу жүйесін ауыстыруға 20 млрд теңге қаражат қажет дейді. Тіпті, бастапқы жөндеу жұмыстарының өзіне экономика министрлігі 3 млрд теңгені бермей қойған.
"ГРЭС Топар кентінде орналасқан. Бізге 22 км арақашықтығы бар. Қатты жел болғанда ГРЭС- тен шыққан температура Абайға жеткенше бір 20 градустай жоғалады. Қолымызда 2 млр 800 млн теңгеге арналған құжатымыз бар. Оған 22 жылы облыстық басқармаға өтінім берілген. Былтыр болмады. Биылғы жыл біз тағы да сол өтінімді беріп отырмыз", - деді қала әкімі.
Қарағанды облысында қазір 30 градус аяз. Мектептерде сабақ тоқтады.