14 қыр, 2019 сағат 11:07

Абай ауданында Тоқтамыс Лақаұлына еңселі ескерткіш орнатылды

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында батыр Тоқтамыс Лақаұлына еңселі ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы далалының жеті қыры» мақаласы аясында «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы» атанған тарихи тұлға, әйгілі Абылай ханның қас батырларының бірі атанып, Қабанбай, Бөгенбай, Мамай батырларға ізбасар іні болған Тоқтамыс батыр Лақаұлының 290 жылдығына орай баба ескерткіші ашылды», - деп жазды Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның атап өтуінше, жалпы құны 33 млн теңге болатын қоладан жасалған еңселі ескерткіштің бой көтеруіне бүкіл аудан жұртшылығы болып жиналып, ел ағалары, жомарт жандар, ауыл азаматтары, шаруа қожалығы жетекшілері мен кәсіпкерлер демеушілік жасады.

«Батыр баба тұлғасын өз мәнінде сомдап шығарған жерлесіміз, бүкіл республикамызға танымал қас мүсінші Нұрбек Қалиевтей абзал азаматымызға халық риза!. Аудан халқының көптен күткен тілегі, ойында жүрген арманы болған Тоқтамыс батыр ескерткіші – ауылымыздың ажарын арттырып, сәулетіне сән беретін, рухани күш сыйлайтын көрнекті орынға айналатынына сенім мол», - деді Ж. Байсабыров.