Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бүгін түнде Астанада өрттен қаза болған бес баланың ата-анасына көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Орталық коммуникациялар қызметінде "QAZAQ EPOS" республикалық ағарту жобасы бойынша басталған брифингті ақпарат және коммуникациялар министрі көңіл айтудан бастады.
"Бүгін түнде Астанадағы жекеменшік үйлердің бірінде болған өрттен қаза тапқан бес баланың ата-анасы мен туған-туыстарына көңіл айтамын. Өрт шыққан кезде, кішкентайлардың ата-анасы жұмыста болыпты. Өрттің шығу себептерін құзырлы органдар өте мұқият тексеріп, нақты ақпарат береді деп сенеміз. Өте қайғылы жағдай, балаларымызға, олардың өміріне сақ болайық", - деді Абаев брифингті бастамас бұрын.
Ол Астана әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыру шаралар өз мойнына алғанын атап өтті.
"Ата-аналарға психологтар көмек көрсетуде. Әкімдік барлық қажетті жұмысты жүргізіп жатыр", - деді министр.
Журналистер әлеуметтік желілерде халық қайғылы жағдайға байланысты қаралы күн жариялауды ұсынғанын айтты.
"Қаралы күн жариялау бойынша өзінің критерийлері бар. Егер сол критерийлер болса, оны арнайы комиссия шешеді. Бұл біздің қолымызда емес", - деп қысқа қайырды министр.
Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнінде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 баланың денесі табылды. Ең кішісі небәрі үш айлық сәби еді.
Сонымен қатар, бүгін Астана әкімі Бақыт Сұлтанов бес баланың өрттен көз жұмуының себеп-салдарын анықтауды талап етті.
Өрт салдарынан зардап шеккен бұл отбасы баспана кезегінде тұрмаған.