05 қыр, 2020 сағат 17:14

9 минутта 12 заң бұзушылық: Қарсы бағытта жүрген «Land Cruiser» жүргізушісі жазаланды

Алматыда Абай мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында қарсы жолақта келе жатқан жол талғамайтын көлік жүргізушісін Әкімшілік кодекстің бірнеше бабы бойынша жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

– Азамат «Е» 19 жаста. Оның 30 тамызда таңертең жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны анықталды. Абай даңғылымен батыс бағытта келе жатып, Сейфуллин мен Мұқанов арасындағы аралықта екі рет қарсы жолаққа шығып кеткен. Белгісіз қалу үшін жас жігіт машинадан мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін алып тастаған. Біздің бөлімнің қызметкерлері қаладағы бейнебақылау жүйелерін қолданып, бұзақыны анықтады. Оның жүрген барлық бағыты тексерілді. Тоғыз минут ішінде ол жол ережесін 12 рет бұзған, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті Полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерік Насырбеков.

«Toyota Land Cruiser» жүргізушісіне қатысты 12 әкімшілік хаттама толтырылды. Оған салынған айыппұл мөлшері 225 мың теңге. Өндірістік материалдар Алматы қаласындағы СМАС-қа жіберілді. Бұл құқық бұзушылық түрі көлік құралын басқару құқығынан айыруды қарастырады.