Қазақстанда 2020 жылдың қаңтар-тамызында резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінің көлемі 9,3 пайызға артты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" www.energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы жылдың 8 айында резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінің көлемі 145,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 9,3 пайызға артты. Жалпы 2019 жылы өндіріс көлемі жыл ішінде 15,6 пайызға өсіп, 244,4 млрд теңгені құраған болатын.
Резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі көлемінің жартысына жуығы үш өңірге тиесілі. Көш басындағы Алматы облысы 30,1 млрд теңгеге, одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы 22,5 млрд теңгеге, ал үшінші орында тұрған Алматы қаласы 18,5 млрд теңгеге бұйым шығарған. Өндірістің жылдық ең жоғары өсімі Ақмола (+76,5 пайыз), Батыс Қазақстан (+56) және Маңғыстау (+47,7) облыстарында тіркелген.
Өткен жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда нақты мәнде пластмасса өнімдері ғана өсім көрсетіп отыр. Атап айтқанда, үй шаруасына қажетті пластмасса бұйымдарының өндірісі 36,6 пайызға артып, 7 мың тоннаға жуықтады. Мұнан бөлек 17,1 мың тонна қапшық пен сөмке, 76,5 мың тонна құбыр мен құбыршек, олардың пластмассадан жасалған фитингтері шығарылды.
Алайда резеңкеден жасалатын бұйымдар өндірісі керісінше қысқара түскен. Нақты айтқанда, құбыр мен құбыршек өндірісі 20,3 пайызға, конвейнерлік таспа мен жетекті белдік 12,1 пайызға төмендеп отыр.