Бүгін Алматыда өтіп жатқан Қаржыгерлер конгресінде «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков «7-20-25» бағдарламасы бойынша несиені онлайн мақұлдау қашан енгізілетінін хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз қазір осы жоба бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Жаңа жоба болашақ клиенттерге несиені онлайн мақұлдауға мүмкіндік береді. Бұл ипотекалық калькулятор емес, несиені мақұлдау. Ол үшін банкке келіп уақыт шығындаудың қажеті жоқ. Біріншіден, барлық ақпарат Бірінші несие бюросында бар. Екіншіден, адамның табысы жайлы ақпаратты біз зейнетақы төлемдері бойынша мемлекеттік орталықтан, мәліметтердің мемлекеттік дерекқорынан аламыз. Біз клиент туралы ақпаратты толық білетін боламыз. Әрине, тек оның рұқсатымен ғана», - деді Қайрат Алтынбеков.
Оның айтуынша, барлық ақпарат автоматты режімде өңделіп, құзырлы органдар несиені мақұлдау туралы шешім шығара алады.
Одан әрі электронды несие ісі жасалады. Бұл банкке қағаз құжаттарды тасудың қажеттілігін жояды.
«Қазір біз осы пилоттық жобаны қолға алып жатырмыз. Келер жылдың басында бұл жүйе толық іске қосылатын болады. Жаңа жоба клиенттердің несие алу жылдамдығын жақсартып, банктің шығындарын қысқартады. Несиені беру үшін оған аудит жасаудың қажеттілігі болмайды», - деді Қайрат Алтынбеков.
Айта кетсек, ҚР Ұлттық банкі төрағасы аталған бағдарламаның операторы «Баспана» ипотекалық ұйымы болатынын 5 мамырда айтқан еді. Ұлттық банк бекіткен бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар 7% жылдық мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Келесі шарттарының бірі - алғашқы салым 20% болмақ. Жаңа ипотекалық займдарды Қазақстанның кез келген азаматы ала алады. Ол үшін ең басты шарт - адамның басында жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Бағдарлама бойынша Қазақстанның кез келген өңірінен Алматы, Астана, Атырау, Шымкент қалаларынан ең максималды 25 млн теңгеге, қалған өңірлерде 15 млн теңгеге баспана сатып алуға болады.
Қазіргі таңда Қазақстан бойынша құны 50 млрд теңге болатын өтінімдер қабылданды. Оның ішінде 35 млрд теңгенің несиелері мақұлданып отыр.