14 қыр, 2021 сағат 12:25

7-20-25: Мақұлданған ипотеканың құны 500 млрд теңгеге жуықтады


«7-20-25» бағдарламасы бойынша 499,4 млрд теңгенің өтінімі мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дағдарысқа қарсы бастамалары қалай іске асып жатқанын баяндаған ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев осындай статистика келтірді.

«Экономиканы қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасып жатыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 10 қыркүйектегі жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктер мен Агронесие корпорациясына 1,5 трлн теңгенің 3 986 өтінімі келіп түсті. 1 трлн теңгеден астам сомаға 3 356 жоба мақұлданып, 879,2 млрд теңгенің 3 260 қарызы берілді», - деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, ол «Кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен кредит беру бағдарламасының» көрсеткіштеріне тоқталды.

«Бұл бағдарлама бойынша барынша зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдау шеңберінде 10 қыркүйекте екінші деңгейдегі банктерге 1 трлн теңгеден астам сомаға 10 884 қарыз берілді. Оның ішінде қайтарылатын қаражат есебінен 438,8 млрд теңгенің 5 897 қарызы берілді. «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде 9 қыркүйектегі жағдай бойынша банктер 499,4 млрд теңгенің 40 583 өтінімін мақұлдап, 369,9 млрд теңге сомаға 30 706 қарыз берді», - деп түйіндеді Ұлттық банк төрағасы.