23 жел, 2022 сағат 16:25

"7-20-25" ипотекалық бағдарламасы жалғасады

Сурет: dom.kz

Қазақстанда "7-20-25" ипотекалық тұрғын үйді несиелендіру бағдарламасы ұзартылады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық банк баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша "7-20-25" ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын іске асыру жалғастырылады. Тиісті шешім Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының 2022 жылғы 19 желтоқсандағы № 123 Қаулысымен қабылданды", - делінген хабарламада.

Ресми мәлімет бойынша, 2023 жылы бағдарлама бойынша кредиттеу үшін 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланған. Бағдарлама бойынша жыл сайынғы кредиттеудің нақты көлемі нарықтағы банктердің нарықтық ипотекалық өнімдері мен олардың дамуына байланысты белгіленеді деп көзделіп отыр.

"Жеңілдетілген кредиттеумен азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралды. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы бағдарламаға бір рет қана қатыса алады. 

Бағдарлама аясында берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері (бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлігінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны және т.б.) өзгеріссіз қалады", - делінген ҰБ хабарламасында.

2022 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша 852,2 миллиард теңге көлемінде 64 146 жеңілдетілген қарыз берілген.

Айта кетейік, бағдарлама жұмыс істейтін азаматтарды 20%-дан бастап бастапқы жарнамен жылдық 7% жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша 25 жылға дейінгі мерзімге қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ету үшін 2018 жылы іске қосылған.