Жақында "7-20-25" бағдарламасына балама нұсқа ұсынылады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Біз бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына алаңдаймыз, алайда жұмыс істеп, отбасы құратын адамдардың негізгі бөлігін ұмытып кетеміз. Оларды қамтамасыз ету үшін қазір отбасының цифрлық портреті арқылы атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселесін қарастырып жатырмыз.
Санат бойынша бөлу емес. Әр отбасына қатысты, онда туындаған қиындықтарға сүйеніп, жеке көмек көрсету. Бірақ бұл әлі қарау сатысында. Келешекте мұны істеу керек", - деді Үкімет кулуарында журналистерге Қайырбек Өскенбаев.
Сонымен қатар, оның айтуынша, жақын арада "7-20-25" бағдарламасына балама ұсынылмақ.
"Жалпы массаны қалай қамтамасыз ете аламыз, "7-20-25" аяқталып келеді, сондықтан басқа бағдарламаны ұсынуымыз керек. Бұл сұрақ бойынша ойланамыз. Жақында таныстырамыз. Себебі заң аясында қазірдің өзінде қарастырып жатырмыз. Ең бастысы, бастапқы жарна және қолжетімді мөлшерлеме, егер ол жұмыс істесе, 7 пайыздан аспайды", - деп жауап берді ол.