11 мам, 2022 сағат 14:41

6,2 млн қазақстандықтың банкте кредиті бар - агенттік


1,5 млн-ға жуық қарыз алушының проблемалы кредиті бар. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Банктерде жеке тұлғаларға қатысты 6,2 млн адамның несиесі бар», - деп тоқталды Әбілқасымова Парламент Мәжілілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып. 

Оның айтуынша, соңғы жылдары проблемалы қарыз алушыларды анықтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 

«Банктің теңгерімінде тұрған проблемалы қарыз алушылар бар, сонымен қатар баланстан тыс осындай қарыздар тіркелген. Біз тиісті есептеулер жүргізіп, осындай проблемалы қарыз алушыларды жалпы санын анықтадық. Егер барша банк пен микроқаржы ұйымын, сондай-ақ банктердің коллекторларға сатқан қарыздарын қамтысақ, онда 1,5 млн-ға жуық қарыз алушының проблемалы несиесі бар», - деді ол.

Агенттік басшысы банктердің балансында 430 мыңға жуық проблемалы несие тіркелгенін айтты. Ал қалғаны микроқаржы ұйымдары мен банктердің баланстан тыс тізімінде қамтылған.