Биыл Нұр-Сұлтан қаласы аумағында жұмыс істеуге 6 мың 117 шетел азаматына рұқсат берілді. Аталған рәсім халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Егер шетел азаматы Қазақстанда болу тәртібін 10 күннен артық бұзса, әкімшілік хаттама толтырылып іс сотқа жіберіледі. Соттың шешіміне сәйкес ол азаматқа 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе елден шығарылады. Сондай-ақ, Қазақстанға 30 күннен артық уақытқа келген шетел азаматтарына уақытша тұру мүмкіндігі рәсімделеді. Олар жұмыспен, оқумен, кәсіп етіп тағы сол сияқты мақсатпен келуі мүмкін. Жыл басынан бері елордада 9 мыңнан астам өтінім рәсімделіп, рұқсат берілді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының басшысы Арман Баймұхамет аталған мекемеде өткен брифингте.
Сондай-ақ, полиция департаментінің өкілі елордаға жұмыс іздеп келетін шетел азаматтарына құлаққағыс жасады.
«Нұр-Сұлтан қаласына келіп жұмыс істегісі келетін шетел азаматтары барлық сұрақ бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Ол жерде сақтандыру полисін рәсімдеу, саусақ ізін алу және басқа жеке деректер тіркеледі. Жыл басынан бері халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 6 мың 117 шетел азаматына еңбек етуге рұқсат берілді. Одан бөлек, сырттан келетін еңбек мигранттарының тұрғылықты жері де есепке алынады», - дейді ол.
Спикер ұсынған статистикаға сәйкес 2022 жылдың 3 айында 56 мың шетел азаматы елордада тұрғылықты жерін рәсімдеген.
Сонымен қатар 24 мың шетелдік тұрғылықты жерін ауыстырған.