Жыл басынан бері Қазақстанға жұмыс істеу үшін 6,3 мыңнан астам ресейлік келген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің министрлік Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, күн сайын соның ішінде ҰҚК Шекара қызметі арқылы Қазақстанға келгендерді және кететіндерді әр ел бойынша, әр бағыт бойынша қадағалайды. Егер Ресей бойынша нақты айтатын болсақ, онда 30 наурыз күнгі таңертеңгі жағдай бойынша Қазақстанда 101 мыңнан астам ресейлік бар. Оның ішінде 6350 адам жыл басынан бері жұмыс істеу үшін келген», - деді Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілердің сауалына берген жауабында.
Оның айтуынша, бұл сандар ресейліктердің Қазақстанға ағылып келіп жатқанын білдірмейді. Мәселен, өткен жылы Қазақстанға келген РФ азаматтары 18,8 мың адам болған.
«Қорқыныш көп, біздегі жұмыс орындарын шетелдіктердің иемденетіні туралы көп айтылады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, оның жағымды жақтары да бар. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен елімізге жоғары білікті мамандар, ауқымды IT-компаниялар келіп жатыр. Мәселен, inDriver Қазақстанға келді, кеңсесін ашады. Бұл білімнің, біліктіліктің импорты. Одан неге қорқамыз? Қазақстандықтар үшін семинарлар аясында ауқымды қаражатқа коучтер шақырылады. Қазір мұндай ірі компаниялар бізге келіп, қазақстандықтарды жұмыс істеуге үйретсе немесе осы жерде кәсіпорындар ашса, бұл қосымша жұмыс орындары және бюджетке төленетін қосымша салық болады», - деді Біржанов.