Алматы облысында «Парацетамол» дәрілік препаратын 6 млн теңгеге сатпақ болған азамат ұсталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылғы 15 шілдеде күшейтілген карантин жағдайында ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 1993 жылы туған Қазақстан азаматы ұсталды. Ол «Парацетамол» дәрілік препаратын жоғары бағамен (пластинасы 300 теңге) тиісті құжаттарсыз заңсыз сатпақ болған.
Тінту кезінде 6 млн теңге сомасына «Парацетамол» дәрілік препаратының 20 000 пластинасы алынды, олар сарапшы-маманның қорытындысынан кейін жедел респираторлық аурулардан емдеуге одан әрі пайдалану үшін Алматы облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасына тапсырылатын болады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 214-бабы (Заңсыз кәсіпкерлік) бойынша тергеу ісі басталды.