2015 жылдың басында нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру және атауларды өзгерту шаралары тоқтатылған болатын. Биылғы 20 тамызда бұл мораторий уақытша тоқтатылды. Бұл – тектен тек емес. Нақ осы кез – атау беру мәселесін сараптайтын уақыт. Ономастикалық картамыздан айқын көрініп тұрған кеңес үкіметінің сарқыншақ атауларын Тәуелсіз елге сай өзгертуіміз қажет.
Бұл жайлы облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Ономастика және көрнекі ақпарат: ізденістер мен іркілістер» тақырыбындағы дөңгелек үстелде кеңінен айтылды.
— Ертеңгі тарих бетіне ұялмай қарау үшін бүгін ономастикалық саясатымызды орнықтырып, атауларды беруде үлкен талаптарға сүйенуіміз керек. Қазіргі мораторийдің алынуы – бір мәртелік. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерекесіне орай жарияланды. Ең алдымен, ұлы тұлғаларымыз, мемлекет қайраткерлерінің есімдерін ұлықтау мақсатында солардың есімдерін нысанға алуымыз қажет. Екіншіден, идеологиялық қайшылық тудырмайтын атаулар.
Қазір халық санасы жаңғырды, кез келген саяси мәселеге араласып отырады. Сондықтан елді мекен атауын өзгертерде сол жердің тарихи байырғы атауына ұмтылсақ ұтылмаймыз, — деді жиында сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әлжанова.
Республикалық ономастикалық комиссия ауыл, көше атауын өзгертуде Тоныкөк, Күлтегіннен бастап, ортағасырлық ғалымдар, жырауларымыз, батырларымыз, хандарымыз, ақын-жазушыларымыз, күйшілеріміз, ағартушыларымыз, ғалымдарымыз, Алаш қайраткерлері, қоғам қайраткерлеріміз, яғни исі қазаққа ортақ тұлғалардың есімдерін беруді құп көрген. Үлгі ретінде өңірлерге жалпы саны 100 тұлғадан тұратын тізім ұсынған. Сондай-ақ сұлулық салондары «Кербез», «Шолпы», «Көркем» сияқты қазақы атаулармен аталса деген ұсыныс айтылды. Дүкендер атауына да әркім ойына келген сөзді қоймай, «Базарлық», «Керуен», «Шашу», «Ырыс», «Табыс», «Тарту», «Кәде», «Олжа», «Құт» сияқты мағыналы атау берілсе деген ой ортаға салынды. Балабақшалардың да «Нұрбалапан» сөзінен гөрі «Бастау», «Игілік», «Толағай», «Болашақ», «Аманат», «Балауса», «Бәйшешек», «Қуаныш» деген атаулар мағынасын ашар еді.
Оралдағы жарнамалар орыс тілінде
Ономастика сияқты көрнекі ақпарат мәселесі айналып келіп ұлттық идеологияға тіреледі. Дөңгелек үстелде жарнама, көрнекі ақпарат тілі жайлы да ойлар ортаға салынды. Осы жолдардың авторы аталмыш мәселе бойынша баяндама жасады.
Қазір айналаның бәрін жарнама жаулаған заман. Жарнаманың жаңа түрлері де көбею үстінде. Алайда естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателерге толы, мағынасы аудармасына сәйкес келе бермейтін қазақтілді жарнамалардың, ақпараттың көбейіп бара жатқаны алаңдатады.
Оралдың орталық көшелеріндегі, шаһардың көрікті деген жерлеріндегі көрнекі ақпарат пен жарнамалық мәтіндер мемлекеттік тілді ескермей, тек орыс тілінде рәсімделген. Қаладағы ірі сауда орталықтарында жазылған сыртқы және ішкі жарнамаларда мемлекеттік тіл қолданылмайды. Бұл салада қазақ тілі – қосалқы тіл, аударма тіл деңгейінде қалып отыр. Қазіргі қазақ тілінде берілетін жарнаманың қай-қайсысы болмасын, орыс тілінен тәржімаланатын аударма мәтін екендігі шындық. Оның басты себептері мынадай: біріншіден, жарнама тілі жөнінде басшылыққа алатын, заң құжатының болмауы, Тіл заңының орындалуын дұрыс басшылыққа алмау; екіншіден, жарнама ісімен шұғылданатын мамандардың жетіспеуі; үшіншіден, қазақ тілінің жарнама саласындағы стилінің дұрыс қалыптаспауы; төртіншіден, қазақ тілді жарнамаға сұраныстың аз болуы.
Әрине, жарнама да маркетинг заңдылықтарына бағынып, PR-технологиясының негіздерін басшылыққа алуы тиіс. Алайда біздің көшелердегі жарнаманы әр кәсіпкер ойына келгенінше жазып, еш тәртіпсіз іле салатыны шындық. Енді келіп шетелдік жарнамалардың құрылымы мен сөздік құрамы әсерін тигізуде. Қала көшелерінде қазақшасы не орысшасы жоғы өз алдына, таза ағылшынша жазылған нысан атаулары пайда болуда.
Көрнекі ақпарат тілін реттеу үшін алдымен заң реттелуі тиіс. «Жарнама туралы» заңның өзі орыс тілінен аударылған, заң мәтіндерінің сөйлемдері шұбалаңқы. Екіншіден, «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» ҚР заңдарының талаптарын бұзғандар жауапқа тартылуға тиіс. Үшіншіден, аударманы реттеудің тетігі керек. Аудармашы мамандарды даярлау, терминолог ғалымдарға қойылатын талапты күшейту қажет. Көрнекі ақпарат пен жарнаманың аударма нұсқасын емес, семантикалық, грамматикалық, стилистикалық нормалары сақталған қазақша жарнама тілін дайындауға ерекше көңіл бөлінуі керек. Жарнама агенттіктері мемлекеттік тілді жетік меңгерген, қазақ халқының этномәдениетінен толық хабардар, сондай-ақ басқа тілдерді де жақсы білетін тілші мамандармен, аудармашылармен, сауатты корректорлармен жасақталуы тиіс. Бүгінде маман түгіл, сол агенттіктердің өзі тапшы.
— Жарнама агенттіктерінен гөрі бізде полиграфиялық баспа орындары көп. Олар өз беттерімен жүр. Не басып жатқанын ешкім қадағаламайды. Осыны бірізділікке салу, талап қою, олардың басын қосу, көмек беру қажет. Аудармадан оларға тегін көмектесуге де әзірміз, — дейді облыстық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Алтынбек Әбділманов.
Көрнекі ақпараттағы қателер бойынша тіл жанашырлары құқық қорғау құрылымдарына арыздың талайын жіберуде. Ал олардың жауаптары тек бір-біріне сілтеу боп отыр. Яғни заңдық-құқықтық негізі әлсіздеу боп тұр. Заңмен реттелмегесін, ауызша ескерту мен тексерістен нәтиже шықпайды. Қысқасы, жарнама саласындағы кем-кетіктің төркіні – жауапкершіліктің болмауында.
Ата-бабасына атау беру жарысы осымен тоқтай ма?
Дәл қазір кеңестік кезеңнен қалған, қазаққа еш қатысы жоқ атауларды ұлттық тарихымызға сай атаулармен алмастыруға мүмкіндік туып отыр. Алайда мораторий алынды екен деп жапатармағай кісі есімдерін беру басталмағаны игі. Бұл жиында кісі есімдерін елді мекенге, мемлекет меншігіндегі мекемеге беруді шектеу жайында айтылды. Әңгіме жалпы халыққа ортақ тұлғалар жайында емес. Яғни ұлттық мүддеден жеке бас мүддесі жоғары тұрмауы тиіс.
Жуырда облыстық ономастикалық комиссияға Қазталов ауданынан әкесінің есімін ұлықтағысы келген біреу хабарласқан. Мұндай жағдай жиі кездеседі екен. Әсіресе, мектептерге сол ауылда шопан болған не совхоз басқарған адамдардың есімін ұсыну сияқты жайттар көп кездесетін көрінеді. Бұған жол бермеу – баршаның міндеті. Екіншіден, мұндай ұсыныстар жергілікті жерде әбден талқыдан өтуі тиіс. Облыстық ономастикалық комиссия да ондай атауларды ары қарай өткізбеуге әзір. Одан да тарихшылармен, өлкетанушылармен ақылдасып, ауылдың тарихи атауын қайтарған оң болмақ. Әркім өз атасының есімімен ауыл атын өзгерте берсе, ономастикалық картамыз қандай боларын ойлай беріңіз…
Сондай-ақ жиынға қатысушылар ел ішінен ел тігуді доғару қажеттігін айтты. «Аудандарға «Жұбан елі», «Сырым елі», «Қосөзен елі», «Қамыс-Самар елі» деген қосалқы атаудың қажеттілігі қаншалықты?» деді дөңгелек үстелге қатысушылар.
— Тіл мәселесіне келгенде енжарлық бар, — деген облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғали барлық аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің жұмысын сынға алды. «Сіздер ауданда ашылғалы жатқан дүкенді алдын ала білесіздер. Аяқтай барып дүкен иесімен сөйлесіңдер. Атын қоюға ақылдасып, ономастикалық саясатқа сай, ауданға үйлесетін атауды ұсыныңдар. Соңынан «У тещи» деп қойғаннан кейін сан соғасыңдар. Ономастика мәселесіне жанашырлық жетіспейді. Ауылдық деңгейде танымал адамдардың есімін республикалық ономастикалық комиссия құптамайды. Мәселен, Сырым ауданы жеті мектепке адам есімін ұсынып отыр. Ондай есімдерді ұсынбаңдар, бәрібір комиссиядан өтпейді. Атау өзгерту рәсімі бойынша құжаттар бес министрліктен өтеді. Біздің басқарма мамандары министрліктер арасында ай бойы аяқтай жүріп қол қойдырады. Соңынан құпталмай қалса, қаншама еңбектің зая кеткені. Сондықтан атау беруге қатты көңіл бөлу керек. Бір ауданнан бес бірдей «Жеңіс», «Достық», 12 ауданнан да «Бәйтерек» деген көше атаулары түседі. Қазақта осыдан өзге сөз жоқ па? Әлде қазақ тілінің байлығы жетпей ме? Бөкей ордасы ауданындағы орысша жарнама мәселесі «Орал өңіріне» жарияланды. Ауылда өзге тілде жарнаманың қажеті не? Бұл мәселе біздің назарымызда болады, сіздерден жұмысты талап ететін боламыз», — деді басқарма басшысы Махамбет Ихсанғали.
Мемлекеттік бағдарлама, тұтас жүйе керек-ақ
— Ономастика – Қазақстанның тіл саясатының ең өзекті мәселесі. Елбасының өзі «100 нақты қадам» құжатында «Біз, Қазақстан, біртектілікке ұмтылуымыз қажет» деп айтты. Біртектілік айналып келгенде, бір тілдің айналасына шоғырланады. Сондықтан біз мемлекеттік тілдің мәртебесін әлі де көтере түсуіміз қажет. Жиырма бес жыл ішінде көп нәрсе тындырылды, қолымыз жетпей жатқан, шешімін таппай жатқан мәселелер де бар. Соның бірі – осы ономастика мәселесі. Аузымызды қу шөппен сүртуге болмайды. ҚР Президенті әкімшілігінің қызметкері Әділбек Алпысбаевтың мәліметінше, 1991 жылдан бері республикада бес облыстың, 13 қаланың, 54 ауданның, жеті қалалық ауданның, 119 темір жол стансасының атауы ауыстырылған. 1221 елді мекеннің атауы өзгертілген. Мұның ішінде де бәрі керемет деуге болмайды, қате кеткен тұстар да бар.
Ақтөбе облысының ономастикалық атауларының этимологиялық сөздігі жасалған. Ол кейінгі ұрпаққа керек. Мәселен, Ақтөбеде «Атансауған» деген жер бар. Сол туралы дау болды. Білгіштер «Атан сауылмайды, сойылған шығар» деп шықты. Ал халықтың жадысында ол жер «Атансауған» деп қалған. Керуен жолының бойында үш-төрт үй қоныстанған екен. Солардың мықты атандары болған. Керуеннің түйелері сол тұсқа келгенде биіктеу жерге шыға алмай, әлгі үйлерден атан сұрайды екен. Яғни атанның күшін сауған. Мәселен, бізде де Көнеккеткен деген ауыл бар. Ауыл бір жылдары «Көдекеткен» деп жазылды, кейін түзетілді. Қазір көбі көнектің не екенін түсіне бермейді. Оның теріден жасалған шелек екенін, онымен су тартатынын этимологиялық тұрғыдан түсіндіруіміз қажет. Ономастика мәселесіне тарихшы да, этнограф та, этимолог та, өлкетанушы да араласып, әр атауға мұқият қарау керек. Алғабас деген ауылды кеңес үкіметінен қалған атау деп Өргебасқа түзеткен жағдай болды, одан еш нәрсе ұтпаймыз. Облыс ономастикасымен айналысып жүргендерге айтарымыз, бас даңғыл «Достық-Дружба» атауын жөнге келтіру қажет. Адам есімін беру жағынан келсек, профессор Серікқали Шарабасов қаладағы №1 мектепке Зейнолла Қабдолов есімін беруді армандап кетті. Мұндай қазаққа ортақ тұлғалардың есімін ұлықтауға ешкім қарсы бола қоймас. Мектепке Социалистік Еңбек Ері атанған малшы есімін бергеннен гөрі, артында халқына жазбасы қалған ғалымдардың есімін беру дұрыс деп санаймын. Сондай-ақ халық Хамза Есенжанов кітапханасы атап жүргенмен, құжат жүзінде Гайдар атында тұр. Бұл мәселе көп жылдан шешілмей келеді. «Хамза – Еуропа үлгісінде жазған тұңғыш жазушы» деп Мұхтар Әуезов мойындаған тұлғамыз қазір мектеп оқулығында жоқ. Ұлы тұлғалардың есімін ұлықтауымыз қажет. Қазір әркім «атам аты – ауылға, әкем аты – көшеге» деген сияқты жұмыстанып кетті. «Мәдени мұра» сияқты, республикада ономастика, топонимика мәселесіне мемлекеттік бағдарлама болса, ел көлемінде тұтас жүйе болса дейміз — дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр.
Елбасы: «Біз ономастикалық саясатты ешкімге жалтақтамай, батыл жүргізуіміз керек»
Тәуелсіздік алған кезде Батыс Қазақстан облысындағы қазақы атаулар 5% ғана болған. Сол кездегі қалыптасқан қоғамдық сананы өзгерту, әсіресе, қала тұрғындарының менталитетін өзгерту оңай болмағаны анық. Тоталитарлық жүйеден, отарлық империя саясатынан қалған атаулар ауыстырылды.
Дәуірлер бойы қалыптасқан қазақтың ономастика жүйесі ХІХ ғасырдан бастап, патша үкіметінің, кейін қызыл империя идеологтарының саяси құралына айналды. Қазақы атаулар жаппай орысшаланды.
— Ресейдің бес өлкесімен шектесетін Орал өңірінің жер-су атауларының отарлану тарихы былай: XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап, Ақ Жайық атырабына қоныстанған казак-орыстар хуторлар мен бекіністерді өз тілдерімен атай бастады. Мысалы, Коловертное, Серебряково, Щапов, Янайкин. Бұл — бірінші кезең. Столыпиннің аграрлық реформасы кезінде біздің даламызға орыс-украин шаруаларының келуімен байланысты берілген атаулар да ырғын. Атап айтсақ, Долинный, Даринск, Озерный, Зеленовск, Переметное, тағы солай кете береді. Әлі күнге дейін Батыс Қазақстан облысындағы 12 ауданның бірі — Зеленов ауданы деп аталады. Орталығы — Переметное. Бұл — екінші кезеңмен байланысты. Үшінші кезең. Патша өкіметі тұсында дворяндардың, помещиктер мен казак атамандарының, есаулдардың есімдері берілген ауылдар. Богатырево, Антоновка, Березин… Төртінші кезең — мынау Қазан төңкерісі мен азамат соғысы жылдарындағы қолбасшылар мен кеңес қайраткерлері, мысалы, Чапаев, Фурманов, Бударино, Батурино деп айтылады. Қазір бұлардың біразы өзгерді. Ал Бударино әлі бар. Бесінші кезең — Орал өңіріндегі көше-ауылдарға кеңес үкіметінің қайраткерлері мен әскери қолбасшыларының есімдері берілді. Ворошилов, Калинин, Свердлов, Крупская, Ленин, Маркс… Әрі қарай Пермский, Уляновский секілді атаулар тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде қойылды. Одан кейін коммунистік идеология әсерінен Первомайское, Интернационал, Комсомол, Красный маяк ауылдары пайда болды. Соңғы сегізінші кезең жаңадан қоныстанушылардың өз тілдеріне ыңғайлап, калькалау нәтижесінде Талөкпе – Казталовка, Үңгір – Крутая, Қызылжар – Красногор, Шынарлы – Чинарево секілді атаулар шықты, — деді облыстық ономастикалық комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев. – Өңірде 731 көше бұрынғы атаулардан арылып, ұлттық ономастика саясатына сай атаулармен мақұлданды. Сол кезде байқағаным, комиссияға өңірлерден «Бәйтерек», «Мәңгілік ел» деген қаптап атаулар түседі. Елбасымыз астананы Алматыдан Астанаға көшірген кезде айтқан жақсы бір сөзі бар: «…Біз ономастикалық саясатты ешкімге жалтақтамай, батыл жүргізуіміз керек. Мына Астанадағы кешегі қызыл коммунистік режимді еске түсіретін, қаны шашырап тұрған революция, коммунист, октябрь деген атауларды жойып, қазақыландыру керек». Бұл сөз өзге де өңірлерге қатысты.
Ресейдің бес өңірімен шектесетін біздің облыс аумағына енсеңіз орысша атаулар қарсы алады. Орал қаласының қай жағынан кіріп келе жатсаңыз да, Қазақстанның қаласы емес, турасын айту керек Ресейдің қаласына кіріп келе жатқандай елді мекендер, көше атаулары кездеседі. Біздің облысқа шекарадан өтсеңіз, бір жағынан – Круглоозерное, Серебряково, Янайкино, Щапово, Сарытау жақтан кірсеңіз – Переметное, Калининское, Новенькое, Железново, Чесноково, Орынбор жақтан кірсеңіз — Кирсаново, Январцево, Рубежинское, Дарьинское, Володарское, Трёкино, Самар жақтан кірсеңіз — Чирово, Чеботарев, Новенький, Чувашинское, Мичурин… Оралға кіргенше осылай. Ширек ғасырда тәуелсіз елдің иесі ретінде сезінетіндей, қоғамдық сана оянатындай уақыт болды. Ұсыныс жергілікті халықтан шығуы тиіс. Қазақтың тарихына қатысы жоқ атауларды өзгерту мәселесінде 12 аудандағы 87 көше, 53 елді мекен, 19 мемлекеттік мекеме, облыс орталығындағы 97 көше, алты елді мекен атауын өзгертудің шаруасы тұр. Бұл сандар әлі де көбеюі мүмкін. Сіз бен біз болып атқарар іс көп, оқырман…
Нұрлыбек РАХМАНОВ,
«Жайық Пресс» ақпарат орталығының жетекшісі