26 ақп, 2022 сағат 18:40

55 қазақстандық елге жету үшін Львовтағы консульдық алдына жиналды – Смадияров


Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинаның Львов қаласындағы Қазақстанның консулдығы алдына 55 азаматтың жиналғанын айтты.

Ресми өкілдің сөзінше, аталған азаматар Польша арқылы елге қайтарылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Біздің министрлік Польша арқылы репатриациялық әуе рейсін ұйымдастыруға рұқсат алды. Львовтағы жағдайға келсек, елге жету үшін Қазақстанның сондағы консулдығы ғимаратының алдына 55 отандасымыз жиналды. Олар Польша арқылы келмек. Бұл азаматтар жақын маңдағы мектеп аумағын паналаған еді. Алайда нысанды ату мүмкіндігіне байланысты азаматтар ол жерден шығарылды. Біздің консулдың айтуынша, көлікпен қамтамасыз етуде қиындық туындап жатыр. Шекарада жіберілген алғашқы рейс әлі Львовқа оралмады, олар кептелісте тұр», - Смадияров министрлікте өткен брифингте. 

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, азаматтарды жеткізуде көліктің бағасы айтарлықтай өскен. 

«Кейбір автобустар бірнеше күн кептеліске тұрып қалуы мүмкін екенін біліп, жол жүруден бас тартып жатыр. Бейбіт уақытта көліктің құны қолжетімді болса, қазір бір автобус үшін 20 мың долларға дейін сұрап отыр. Сондықтан бұл мәселені біз консулдық мамандарымен бірлесіп шешетін боламыз. Азаматтарымызды шыдамдылыққа шақырамыз», - дейді ол.