05 қар, 2021 сағат 16:43

52 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінің жобаларына қаржылық қолдау көрсетіледі - Ерғалиев


52 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінің жобаларына қаржылық қолдау көрсетіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің атап өтуінше, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның «Кәсіпкерлердің өсуін жеделдету» бағыты бойынша кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені азайту жоспарланған. 

«Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін «Бизнеске арналған үкімет» порталына интеграциялау 2025 жылы ШОБ субъектілері үшін көрсетілген мемлекеттік қызметтер үлесін 40 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және кепілдік беру ұсынылады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар бөлу ауылда 55 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісін құруға мүмкіндік береді», - деді ол. 

Сонымен бірге министр қаржылық қолдау іс-шарасы кәсіпкерлік субъектілерінің 52 мыңнан астам жобасына ұсынылатындығын айтады. 

«Ұлттық тауар өткізу желісін қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасады. Бөлу, сату және сақтауға арналған 24 көтерме-тарату орталығын құру; 5 трансшекаралық сауда орталығын құру мен жаңғырту; сондай-ақ, стационарлық форматта 103 сауда нысанын жаңғырту көзделуде. Нәтижесінде көпформатты сауда нысандарының саны 6-дан 132 бірлікке дейін артады», - деді Әсет Ерғалиев.