Ақтөбеде сот 52 адам ішінде тірідей жанып кеткен автобустың үш жүргізушісін екі айға қамауға алу туралы шешімді бекітті. Оларға көлік құралын пайдаланудың ережесін бұзды деген айып тағылып отыр, деп хабарлады kaz.tengrinews.kz жергілікті "Диапазон" газетіне сілтеме жасап.
Тергеудің нұсқасы бойынша, жолаушылар дәнекерлеу шамының көмегімен жылынған. Оны бірнеше сағат қолданғандықтан, автобустың салоны газ бен бензин қоспасына толған. Байқаусызда бензин құйылған ыдыстан бензин төгіліп, өрт шыққан. Жүргізушілер "Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет" бабы бойынша күдікке ілініп отыр. Олар бестен он жылға дейін сотталуы мүмкін.
Нұржан Қырғызбаевтың қорғаушысы оны кепілмен босатуды сұрап, оның тергеуге кедергі болмайтынын немесе ешқайда қашып кетпейтінін айтып түсіндірді. Басты жүргізушісі Мақсат Пернебеков өзіне тағылып отырған айыпты мойындамады. Оның айтуынша, оқиға болған кезде ол ұйықтап жатқан және рульде ол болмаған. Ол соттан бас бостандығын айырмауды сұрады.
Үшінші жүргізуші Барат Таңатов ол күні жолаушы ретінде жолға шыққан. Ол да түрмеге жаппауды сұрап, жеті баласының бар екенін, олардың бесеуі кәмелетке толмағанын және оларды асырайтын ешкімнің жоқ екенін айтты. Ол да кепілмен босатуды сұрады. Пернебековтің әпкесі інісінің бұл оқиғаның құрбаны екенін айтты. "Ол да өзгелер сияқты зардап шекті, бақытына орай тірі қалды. Енді оны соттап жатыр, бізге көрсетпейді де. Ауруханада да, сотта да сөйлестірмеді. Іс жүргізушілерді кінәлаумен шектелмей, әділетті және ауқымды зерттеледі деп үміттенемін. Мақсатты тірі қалғаны үшін ғана соттап жатқандай сезіледі", - деді Нұршат Пернебекова.
Оның айтуынша, Мақсат соңғы жылдары Қазанға автобусты жиі жүргізіп барған. Автобус басқа адамға тиелісі, ол адам әр рейс үшін жүргізушіге 60 мың төлеген. Нұршаттың айтуынша, Мақсат отбасындағы алты баланың біреуі. Оның өзінде үш бала бар.
Еске сала кетейік, 18 қаңтар күні Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында 57 адам отырған автобус жанып кетті. ТЖ бойынша комитеттің мәліметтінше, бес адам өртеніп жатқан автобустан қашып үлгерген. 52 адам сол жерде тірідей жанып кетті. Автобус Оңтүстік Қазақстан облысынан Қазанға кетіп бара жатқан.