Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев әкімдіктерге елдің тұрақты және сапалы экономикалық өсімін қамтамасыз ететін 5 бағытты атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстарында және Шымкент қалаларында байқалуда.
6 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсу байқалады. Олар Нұр-Сұлтан қаласы, сондай-ақ Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары. 4 өңірде 5 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді», - деді ол Үкімет отырысында.
Министрдің мәліметі бойынша, Батыс Қазақстан облысында 4 көрсеткіш бойынша ғана өсу байқалған.
Ол сондай-ақ, орталық және жергілікті атқарушы органдарға мынадай шараларға назар аударуды ұсынды:
1. Сапалы инвестицияларды тарту мен сүйемелдеу бойынша мемлекеттік басқарудың барлық сатыларында белсенді және мақсатты жұмыс жүргізу.
2. Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету.
3. Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін тиімді жүзеге асырылуын ерекше бақылау.
4. Халықты вакцинациялау және кәсіпкерлікті қолдау шараларын тиімді жүзеге асыру.
5. Шикізаттық емес экспортқа кешенді түрде қолдау көрсету.
«Жоғарыда аталған шараларды іске асыру еліміздің тұрақты және сапалы экономикалық өсуіне мүмкіндік береді», - деп түйіндеді министр.