09 қар, 2018 сағат 09:54

5 мың ұстаз төрт пәнді ағылшынша үйретіп жатыр – БҒМ

Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева 8 мыңнан астам пән мұғалімі ағылшын тілін үйреніп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде өтіп жатқан үкімет сағатында Эльмира Суханбердиева биыл 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатқанын атап өтті. Министрдің орынбасарының айтуынша, 5 мыңға жуық төрт пәнді ағылшынша үйретіп жүр екен.

«Оның ішінде 8 мыңнан астам пән мұғалімі жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда білім алуда. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кірісті. Ұстаз орталығы барлық өңірлерде ағылшын тілінде сабақ бере бастайтын 4,5 мыңнан астам мұғалімге қолдау көрсетуде. Өткен оқу жылында 510 мектеп кейбір пәндерді ағылшын тілінде пилоттық жоба ретінде оқытса, осы оқу жылында 2200-ден астам мектепте ағылшын тілі элементтері қолданылуда», - деді ол.

Айта кетейік, еліміздегі жоғары сыныптарда (10-11 сынып) химия, физика, биология, информатика пәндері ағылшынша өтеді.