24 шіл, 2024 сағат 13:47

4,5 млрд теңгеден астам қаражат жымқырды деген лауазымды тұлғаларға сот үкім шығарды


Фото:kursiv.media

Бюджет қаражатын жымқырды деген лауазымды тұлғаларға сот үкім шығарды, -деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша осы жылдың 23 шілдесінде Жетісу облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Талдықорған қаласы Білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты үкім шығарды.

"Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және бюджет қаражатын жымқыру мақсатында қатысқаны үшін сотталды.
Тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ 2020 жылдың қаңтары мен 2023 жылдың наурызы аралығында Талдықорған қаласының аумағында құқықбұзушылық іс-әрекеттермен айналысты.
ҰҚТ қатысушылары білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақыны заңсыз аудару арқылы 4,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 15жылға, оның қатысушылары 9 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды", -делінген хабарламада.

Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.