15 нау, 2022 сағат 15:17

4 өңірде бей-берекет қоқыс алаңдары толығымен жойылды


Еліміздің аумағындағы 6 740 бей-берекет қоқыс алаңы жойылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфуһар Жолдасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтарды алаңдататын тағы бір өзекті мәселе – қоқыстарды орналастыру. Қазіргі уақытта заңсыз қоқыс алаңдарын ғарыштан мониторингілеу жүзеге асырылады. Оның барысында 7 328 заңсыз қоқыс алаңы анықталды және 6 740-ы немесе 89 пайызы жойылды», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында 

Зұлфуһар Жолдасовтың дерегінше, Қызылорда, Атырау облыстарында, Алматы мен Шымкент қалаларында бей-берекет қоқыс алаңдары толығымен жойылған. 

Жалпы, Экология министрлігінің қауырт желісіне 479 өтінім түссе, оның 54 пайызы дәл осы бей-берекет қоқыс алаңдарына қатысты болып тұр. Қордаланған проблеманы шешу үшін жұмыс істеп тұрған қоқыс алаңдарын жою жаңа алаңдардың пайда болуына жол бермеу бойынша кешенді іс-шаралар әзірленген.