12 мам, 2020 сағат 08:18

4 айдың қортындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 2,7 трлн теңге кіріс түсті — Қаржы министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов және ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев ҚР мемлекеттік бюджетінің орындалуы және 2020 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы банк саласының жай-күйі туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Ә. Смайылов атап өткендей, ағымдағы жылғы 4 айдың қортындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 2,7 трлн теңге кіріс түсті. Жоспар 103,9%-ға атқарылды. Республикалық бюджетке 1,7 трлн теңге кіріс түсті. 

Салықтар бойынша жоспар 61 млрд теңгеге орындалмады. Оның негізгі сомалары ҚҚС және КТС есебінен. Жоспардың орындалмауына сыртқы нарықтағы факторлар да әсер етуде.

Негізгі экспорттық позициялар бойынша 2019 жылдың 4 айымен салыстырғанда бағалар орта есеппен 19%-ға және жыл басынан 15%-ға төмендеді.

Қызмет көрсету салаларынан да түсім азайды.

Жергілікті бюджеттердің өз кірістері 119%-ға орындалып, 1,3 трлн теңгені құрады. Барлық өңірлерде кірістердің жоспары артығымен орындалды.

Мемлекеттік бюджет шығыстары 97,7%-ға, республикалық 98,6%-ға, жергілікті бюджеттер 97,1%-ға атқарылды.

«Республикалық бюджеттің шығыстары есепті кезеңде 4 ,3 трлн теңгені құрады. 62 млрд теңгеге атқарылмады. Оның 14 млрд теңгесі үнемдеу болды. Игерілмеу сомасы 48 млрд теңгені құрады. Игерілмеудің негізгі себептері — конкурстық рәсімдерді ұзақ және уақтылы өткізбеу, нақты көрсетілген қызмет көлемі, атқарылған жұмыстарға ақы төлеу, келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, сотта талап-арыз жұмыстарын жүргізу», — деп түсіндірді Ә. Смайылов.

Нақтыланған бюджетте дағдарысқа қарсы шараларға қосымша 1,1 трлн теңге  қарастылды. Бұл соманың 70%-ы жергілікті бюджеттерге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Ауыл - Ел бесігі», Бизнестің жол картасы аясында кәсіпкерлердің жобаларын субсиядалауға және кепілдендіруге, агроөнеркәсіп кешенін субсиядалауға көзделген.

«Барлық қажетті бюджеттік процедуралар жүзеге асырылды. Мемлекеттік сатып алулар жеңілдетілген процедуралар арқылы жүргізілуде. Осы қаражаттың игерілу барысы қатаң бақылауда болады», — деді Ә. Смайылов.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев өз кезегінде ауқымды фискалдық және монетарлық ынталандыру аясында әлемдік тауар және қаржы нарықтарындағы ахуал қалпына келе бастағанын айтты. Әлемнің бірқатар елдерінің біртіндеп карантиннен шығуына қарай қор алаңдары өсудің оң аймағына шықты. Наурыздағы елеулі төмендеуден кейін акциялар нарығы орташа алғанда 11-12% өсті.

«Ағымдағы жылғы 10 сәуірде ОПЕК+ мұнай өндірісін күніне 9,7 млн баррельге қысқарту туралы келісімге келді. Бастапқыда ОПЕК+ келісімі мұнай қорының ұлғаюы және шикізатқа деген сұраныстың барынша қатты төмендеуінен қауіптену аясында шикізат нарығындағы ахуалды жақсарта алған жоқ. Соның салдарынан Brent маркалы мұнайдың бағасы ағымдағы жылғы 22 сәуірдегі сауда-саттық барысында бір баррель үшін $15,98 болған ең төмен белгіге дейін төмендеді. Сәуірдің соңында мұнайға баға белгілеу төмендеуді қайтара отырып, бір баррель үшін $25,27 АҚШ долларына жетті», — деді Е. Досаев.

Мұнайға бағаның және әлемдік сұраныстың төмендеуі, сондай-ақ төтенше жағдай режимі мен карантиннің енгізілуі Қазақстандағы экономикалық белсенділік көрсеткіштеріне әсер етті. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің алдын-ала бағалауы бойынша ағымдағы жылғы 4 айда ең көп төмендеуді көлік және сауда сияқты сервистік салалар көрсетті.

Осының аясында ағымдағы жылғы сәуірдің басында іскерлік белсенділікті қолдау және экономиканы кредиттеу үшін барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында Ұлттық банк ағымдағы жылғы 6 сәуірден бастап базалық ставканы +/- 2 п.т. дәлізімен 9,5%-ке дейін төмендетті, ал ағымдағы жылғы 27 сәуірде базалық ставканы сол деңгейде сақтап қалды.

Ұлттық банктің бағалауы бойынша, әлемдік шикізат нарықтарындағы ахуалдың оң дамуы және сыртқы жағдайлардың жақсаруы кезінде инфляция дәлізі ағымдағы жылы мұнай бағасының бір баррель үшін $35-40 дейін өсуі кезінде 6-8% болуы мүмкін.

Е. Досаевтың айтуынша, экономиканы қолдау шеңберінде дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру жалғасуда.

1. Экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 30 сәуірдегі жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 437,9 млрд теңгеге 650 өтінім қабылдады, 308,6 млрд теңге сомасына 499 жоба мақұлдады, 158,3 млрд теңге сомасына 382 қарыз берді.

2. Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін және жеке кәсіпкерлерді жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер 1 403 өтінім берді, 79,1 млрд теңге сомасына 397 қарыз берілді.

3. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 6 мамырда 200,2 млрд теңгеге 17 430 өтінім мақұлданды, оның 175,2 млрд теңге сомасына 14 812 қарыз берілді. «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша 187,8 млрд теңге сомасына 23 144 қарыз берілді.

«7-20-25» бағдарламасымен қамту аясын кеңейту мақсатында Қарағанды ​​қаласында сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құнына лимит 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайды.