Алматыдағы № 4 аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев қолхатпен бостандыққа шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы оның адвокаты Қайрат Байбазаров мәлімдеді.
2019 жылы 22 қыркүйекте Алматы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Қанат Тезекбаевты екі айға қамауға алуды санкциялаған. 25 қыркүйекте адвокат сот шешіміне шағымданып, қаулы күшін жойған. "Қанат Тезекбаев аппеляцияны қарауға қатысқан жоқ. Оны жақын арада тергеу изоляторынан шығарады", - деді Байбазаров.
Еске сала кетейік, жуырда Алматыда №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың қамауға алынғаны белгілі болды. №2 мамандандырылған ауданаралық тергеу соты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.
Дәрігерге Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 3-бөлігі "Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы" бойынша айып тағылды.
Тезекбаевтың бас дәрігер қызметінен уақытша шеттетілгені хабарланды.
Сондай-ақ, сот санкциясымен №4 қалалық клиникалық ауруханасының анестезиологы Асқар Тұңғышбаев та екі айға қамауға алынды. Ол да Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-тармағы бойынша айыпталып отыр.
Егер кінә дәлелденсе, үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылып, бес жылға дейін сотталуы мүмкін.
Бұған дейін желіде Тезекбаевтың ұсталуы Нұрсұлтан Күдебаевтың өлімімен байланысты болуы мүмкін екені жазылған хат тараған еді. Алматы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев биыл тамыздың басында Алматы облысында квадроциклмен жол апатына түскен болатын.
27 тамызда ол Германиядағы емханалардың бірінде көз жұмды.
Ал, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы іске байланысты Нью-Йорктен арнайы тапсырма берді.