21 мау, 2021 сағат 13:04

3316 шетелдік заңсыз жұмыс істеген - ҚР ІІМ


Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзудың 13,5 мың фактісі тіркелген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз ведомствоның кезекті онлайн брифингінде «Мигрант» жедел іс-шарасының қорытындысын жариялады.

«7-16 маусым аралығында ІІМ өткізетін «Мигрант» жедел іс-шарасы аяқталды. Пандемияға байланысты мыңдаған шетелдіктер Қазақстан аумағында қалып, елде шыға алмаған еді. Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі бұл адамдарға құжаттарын рәсімдегуе көмектесті. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 5 мыңнан астам мигрантқа, төлқұжаттарының мерзімі өткен 956 шетелдікке елден шығуға көмектесті», - деді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, көші-қон заңнамасын қасақана бұзатын адамдарды анықтау үшін полиция қызметкерлері шетел азаматтары топтасып тұратын жерлерге тексерістер жүргізген.

«Шетел азаматтарының жалдамалы еңбегін заңсыз пайдаланатындардың тұрғын үй секторына, құрылыс нысандарына, базаларға, ұйымдар мен заңды тұлғалардың мекенжайына рейдтер ұйымдастырылып, автокөліктер тексерілді. Операция жүргізу кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 13,5 мың факті анықталды. Оның ішінде шетелдіктердің елде болу мерзімін бұзумен байланысты 10 мың факті, елімізде заңсыз еңбек етіп жүрген шетелдіктер бойынша шамамен 3316 факті тіркелді. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 702 жұмыс берушіге әкімшілік жаза тағайындалды», - деді ресми өкіл. 

Нұрділдә Ораз шетелдік азаматтарды ауыр жұмыспен бірге тіленшілікке тарту да жиі кездесетінін айтты.

«Елге келген шетелдіктерді ішкі істер органдарына уақтылы хабарламағаны үшін 5 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаларға шара қолданылды. Қайыршылықпен айналысқан 62 шетелдік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Шымкент қаласында 2 заңды тұлғаның аумағында рұқсат құжаттарынсыз еңбек етіп жүрген 34 шетелдік анықталды. Семей қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің құрылысында құжатсыз жұмыс істеп жүрген 16 шетелдік белгілі болды», - деді ІІМ ресми өкілі.