03 там, 2021 сағат 14:17

31 мыңнан астам ШОБ жобасы жеңілдікпен қаржыландырылды


ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пандемия жағдайында кәсіпкерлер үшін жалғасып жатқан шектеулер кезінде шағын және орта бизнесті қолдау өзекті мәселе болып отыр. Осыған байланысты биыл Ұлттық банктің айналым капиталын толықтыруға жеңілдікпен кредит беру бағдарламалары, сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» және «жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары шеңберінде шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу жұмыстары жалғасуда», - деді Әсет Ерғалиев Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Сонымен бірге, кредиттер бойынша жылдық мөлшерлеме 6 пайызды құрады. Айналым капиталын толықтыруды қаржыландыру едәуір кеңейтіліп, кредиттер сомасы ұлғайтылды. Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімді микрокредит беру іске қосылды. 

«Биыл бірінші жартыжылдықта триллион теңгеден астам сомаға 31 мыңнан астам жоба жеңілдікпен қаржыландыруға қол жеткізді. Осы жылдың қорытындысы бойынша жалпы несие қоржыны 2,5 триллион теңге болатын 47 мыңнан астам жобаны жеңілдетілген несиемен қамту жоспарлануда», - деді Ұлттық экономика министрі.