Фото: instagram.com/qnet_kazakhstan
Қостанайда «Qnet LTD» құрылымдық бөлімшесінің басшысына қатысты қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару дерегі бойынша қылмыстық іс аяқталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
ҚМА аумақтық департаменті қызметкерлері анықтағандай, күдікті азаматтарды «Qnet LTD» қаржылық пирамидасына тарту үшін Қостанайда кеңсе ашып, жеңіл табыс табуды белсенді түрде жарнамалаған.
"30-дан астам адам қылмыстық әрекеттердің құрбаны болды. Күдіктінің қылмыстық ісін тергеп-тексеру барысында жәбірленушілерге 36,5 миллион теңгеден астам шығын толық көлемде өтелді, осыған байланысты тараптардың татуласуына байланысты тергеу тоқтатылды" - делінген хабарламада.
Агенттік азаматтарды қырағы болып, жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырды.