11 мам, 2022 сағат 18:25

3 жасар қызды құтқарып қалған азамат марапатталды


Төтенше жағдай бірінші вице-министрі, генерал-лейтенант Ибрагим Күлшімбаев 8-қабаттан құлай жаздаған қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаевты "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапаттады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, 11 мамыр сағат 10:21-де «Ұлы Дала көшесі, 27/1» мекенжайындағы үйдің 8-қабатындағы терезеде баланың ілініп тұрғаны туралы хабарлама түскен. Шақырту орнына жеке құрамнан 7 адам және 2 бірлік техникадан тұратын Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД бөлімшелері жіберілген.


"Келген сәтте сегізінші қабаттағы балконның ернеуіне ілінген баланы төменгі қабатта тұратын ер адам құтқарғаны анықталды. 2019 жылы туған қыз бала терезеден ауып кеткен кезде үйде ешкім болмаған. Жетінші қабатта тұратын 1985 жылғы Сәбит Шонтақбаев жылап жатқан баланы көріп, өз өміріне қауіп төндіре отырып, санаулы секундтарда баланың өмірін сақтап қалды.

Құрметті ата-аналар, бұл бала аман-есен құтқарылды, бірақ соңы қайғымен аяқталған көптеген жағдай бар. Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыз! Егер үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық тастамаңыз, өйткені баланың әрекет етуі үшін бір секунд жеткілікті", - дейді ТЖМ баспасөз қызметі.